Руханият

«Жұлдыздар шеруі» дүркіреп өтті

Өскеменде «Жұлдыздар шеруі» атты концерт   дүркіреп өтті. Залда жиналған қауымға Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Ертіс концерт» мекемесінің әншілері, арнайы шақырылған қонақтар ерекше көңіл- күй сыйлады.

 Иә, шынында да бұл күні әсем ән мен тәтті күйді жаны сүйетін өскемендік көрермендер мен қала қонақтары  нағыз қуанышқа кенелді десек те болады. Сахнада қазақтың құдіретті күйлері ғана емес, әлемдік классикалық музыкалық шығармалар шырқалды.  Көрерменнің жанын әдемі саз әлдилеп, көркем күйге бөленді.

Бүгін біз негізінен жаңа заманауи жанрдағы шығармаларды орындадық. Сыбызғы, қобыз, бас қобыз, қыл қобыз, флейта секілді аспаптардың үнін  бір-бірімен тамаша үйлестіруге тырыстық. Заманауи шығармаларды тек скрипканың көмегімен ғана емес, қазақтың халық аспаптарымен де орындауға болады, – дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, дирижер Дәурен Ғылымов.

Бұл концертті  осыдан бір ай бұрын шақырылған маэстроның шеберлік сыныптарының нәтижесі десек те болады.  Мұны Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері Шалқар Рысханов та жоққа шығармайды.

Бұл концертте біздің музыканттар Дәурен Ғылымовтың шеберлік сабақтарында үйренген шығармаларды орындады, – деді ол.

Сонымен қатар өскемендік көрермендер Астанадан арнайы  шақырылған қонақтардың да өнерін тамашалау бақытына ие болды.  Олардың  бірі  – Санджай Альмишев. Оның бір өзін бір оркестр деуге де болады. Өйткені ол қазақ халық аспаптарының барлық түрінде шебер ойнайды. Санджай Альмишевтің  әріптестерімен  бірге орындаған «World dance» композициясы неоклассикалық музыка тобына жатады. Бұл композицияны  тыңдаған жан санаулы минуттардың өзінде түрлі сезімге бөленеді. Бірде көңіл-күйің көтеріңкі болса, тағы бірде тәтті мұңға бөленгендей  боласың.

Соңғы екі күні бойы біз үздіксіз репитиция жасап, осынау концертке дайындалдық. Сыбызғы, қобыз секілді қазақ аспаптарынан бөлек мен армянның дудукасында да ойнаймын, – дейді музыкант.

Иоганн Штраустың маршына дирижерлік еткен  маэстро Дәурен Ғылымов  залдағы көрермен назарын өзіне аударып, тамаша байланыс орната білді.  Ол тек оркестрге ғана емес, көрерменнің соққан шапалығына да дирижерлік еткендей әсер қалдырды.

Мен концерттен керемет әсер алдым. Жалпы жерлесіміз Шалқар Рысхановтың шығармашылығымен жақсы таныспын. Оның тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінде Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі өңірімізге ғана емес, республикаға да жақсы таныс. Ал дирижер Дәурен Ғылымовтың өнерін бірінші рет тамашаладым. Ғажап! Концерт бір демде өте шықты, – дейді қала тұрғыны  Гүлбаршын Әбілғазинова.

Тамаша концерттің соңында  қаладағы өнер колледжінің, №16 мектептегі «Мұрагер» ансамблі мен №45 мектептің «Шығыс сазы» ансамблінің жас таланттары Құрманғазының «Сарыарқа» күйін орындап, концертті сәтті аяқтады.

Мейрам Екпін   

 

Осы айдарда

Back to top button