Жұрты жатыр ауылымның, өзі қайда?!
Өзім ұзақ жыл қызмет еткен Жарма ауданы Қызылағаш ауылдық округінің аймағын аралап жүріп, бұрынғы «Шүңгіл-Еңбекші», «Қаратоғай» ауылдары және қаншама қыстақтар мүлдем жойылып, орны қалғанын көріп, қатты қиналдым. Мұндай тек жұрты қалған ауылдар еліміз бойынша қаншама десеңізші…
Жұрты жатыр ауылымның, өзі қайда?!
Ауылыма ата қоныс жыр арнадым,
Өзіңнен сәбиімде нәр алғаным.
Кеуде керіп, ауаңды жұтқан сайын
Қызығына тоймаушы ем бұл жалғанның.
Сол сәттерді, ауылым-ау, сағынамын,
Құлай аққан іргеңнен бал бұлағың.
Асыр сап жағасында ойнайтұғын,
Секектеп тастан тасқа қозы-лағың.
Жерошақтың басында кәрі әжеміз,
Жүгіріп құрт жалауға біз келеміз.
– Әй, жүгірмек, өзім құйып берейін, – деп,
Ұсынған тостағанын сан көргенбіз?
Айнала малға толы ауыл еді,
Көз тоймайтын бір қызық дәуір еді.
Қазағымның сақтаған бай дәстүрін,
Ағайын бөлінбестей бауыр еді.
Кезеңге шыға келсем, жұрты жатыр,
Жан қалмапты, жоғалған опыр-топыр.
Тек қана қара мысық жыларман боп.
Ескі ошақтың түбінде жалғыз отыр.
Сары дала сағым ойнап, шыр айналды,
Кешқұрым ымырт түсіп, көз байланды.
Сағынған ауылымның иен жұртын.
Көргенде ой құлазып, бас айналды.
Жұрты жатыр ауылымның, өзі қайда?
Бабамның ата дәстүр көзі қайда?
«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз»-
Деген ақын Бейімбеттің сөзі қайда!?
Мәуітқазы Зүкенов,
ақын