Жұрт дүкендерден «Мейрамды» іздейді

Жарма ауданындағы кезекті кәсіпкерлер форумында«Жылдың үздік кәсіпкері» аталымын Юрий Битюков деген жас жігіт жеңіп алды. Оның Қалбатау ауылында тұшпара түю цехы бар екен. Үздік кәсіпкердің ісі жайлы білмек ниетпен цехына бардық.
Өндіріс орны ауыл шетінде орналасыпты. Оған апарар жол нашар екен, саз-балшық. Біз мінген «Нива» цех алдына келіп тоқтады. Цех дегеніміз – бір қабатты ғимарат. Шынын айту керек, бұрын да осындай кәсіпорындарда болғандықтан, өзімді қолқаны жарар ет пен қанның жағымсыз иісіне дайындап бардым. Бірақ таңғалдырғаны цех іші жарық та таза болып шықты, жұмысшылары даәдемі киінген.
Бізді кәсіпкердің анасы Ольга Олеговна қарсы алды. Осындағы өндіріске қатыстыішкі жұмысты сол кісі басқарады екен, ал ұлы – кәсіпорын қожайыны негізінен сыртқы шаруаларды реттейді. Біздің келген мақсатымыздыбілген ол«Әңгіме айтыла жатар, қыздар дастарқан жайып жіберсін, өз тағамдарымыздан ауыз тиіңіздер» деді ілтипатпен. Әп-сәтте дастарқан да жайылып,сұхбат үстел басында жалғасты.
Ольга Битюкова Зайсанның тумасы екен, ұзақ жыл Өскеменде трамвай машинсі болып еңбек етіпті. Он жыл бұрын Қалбатауға көшіп келіп, осы істі бастаған. Алғашында үйінде тұшпара түйіп сатыпты. Сұраныстың барын байқаған соң, біртіндеп тауар көлемі мен түрін көбейтеді. Ал қазір тұтас бір кәсіпорынды басқарып, елу шақты адамға жұмыс беріп отыр.
–Етті Өскемендегі Ворошилов базарынан аламыз.Өнім сапасы алдымен осы етке байланысты. Сондықтан бір ғана жеткізушімен жұмыс істейміз. Ет әрқашан таза, тексерілген. Олар да көптеп алатынымызды біліп, алдамай, жақсы өнім сатуға тырысады, – дейді Ольга Олеговна.
Цех қоймасында қап-қап ұн, пияз, картоп, орамжапырақ, болгар бұрышы, қораптарға салынған жұмыртқалар тұр. Өнімнің біразын Қалбатаудың өзінен алады екен арзан бағамен.
Сонымен қатар ол кісі бізге құрал-жабдықтарын да көрсетті. Поляктың су жаңа еттартқышы мықты екен,етті жылдам фаршқа айналдырады. Ал қамырилегіш Қытайдікі екен, шағындау болса да істеп тұр.
Қалған жұмыс бәрі қолмен атқарылады. Бастысы – тұшпаралар қолмен түйіледі.
Біз осы арада неге аппарат сатып алып орнатпайтындарын сұрадық.
–Әлбетте, аппаратпен жеңіл болар еді. Қазір Қытайдың тұшпара түйетін станоктары толып тұр. Миллионнан басталады бағасы. Бірақ онымен жасалған тағамның дәмі болмайды. Ал қолмен жасалған тағамның өз энергетикасы бар, дәмі де ерекше. Біздің фишкамыз осы – қолмен түю. Дүкендерде сатылып жатқан тұшпараларды көріңізші,бәрі автоматпен жасалған, – дейді Ольга ханым.
Бұл жерде шығарылатын өнімдер сан алуан – тұшпара, манты, котлет, голубцы, фаршталған болгар бұрышы, грузиннің хинкалиі, вареники, тефтели, ет қосылған блины. Олардың ішіндегі еттері де әртүрлі –сиыр мен шошқанікі, таза сиырдікі, немесе сиыр мен қойдікі араласқан.
Мұсылмандардыңдоңыз етін жемейтінін ескерген өндіруші мынадай бір қызық ойлап тауыпты. Дайын өнімдерполиэтилен пакеттерге оралады, сыртында заттаңбасы бар. Міне, сондағы бала домбыра ұстап тұрса – тауар халал, яғни шошқаның ет-майынсыз жасалған, егер балақай балалайка ұстап тұрса, онда ішінде доңыз еті бар деген сөз. Тапқырлық деген осы!
Тағы бір айтарлық жайт, тауарлар «Мейрам» деген сауда белгісімен шығарылады. Яғни, дүкенге кіргенде «Мейрамның»тағамдары бар ма?» деп сұрайсыз. Мұның да өз тарихы бар.
–Өзім Зайсанның қызымын, дос-құрбыларымның дені – қазақтар, өнімімді алатындар да – солар. Бір құрбымның Тарбағатайда дәмханасы бар. Сол бірде қоңырау шалып, «Оля, бізге қашан келесің, азық-түлік бітті. Тұшпара әкеп тастасаңшы. Сұраныс көп, оның үстіне мейрам жақындап келеді» дегені. Ол менімен орысша сөйлессе де«мейрам» деп қазақша айтты. Мен расында да, неге «Мейрам» деп атамаймыз өнімдерді деп ойланып қалдым, – дейді ол.
Кәсіпорын өнімдері сол мезеттен бері «Мейрам» деп аталады. Оған дейін «Айналайын» сауда белгісін қолданыпты. Алайда, ол атаудың иелері бар екен меншіктеп алған.
Мұнда елуге тарта адам еңбек етеді,көбі – қыз-келіншектер. Ауыр жұмыстарды жігіттер атқарады екен. Еңбекақыларын әр аптаның сенбісінде алып отырады ақшалай. Дайын өнім керек десе, жеңілдетілген бағамен жалақы есебінен алады. Жексенбі мен дүйсенбі – демалыс. Дүйсенбіні демалыс қылғандары жеке шаруаларын бітірсін деген ниеттен екен. Жалақы көлемі жаман емес, айталық еден жуушы айына 50 мың теңге қаратады. Ауылда тұратын адам үшін әжептәуір ақы. Оның үстіне мұнда түскі ас тегін беріледі. Үштен кете жиналып, тағы шай-пай ішеді.

Дайын өнім қайда кетеді? Өскеменде кәсіпорынның 151 нүктесі бар. Одан бөлек, Жарма, Ұлан, Көкпекті, Тарбағатай аудандарына жөнелтіледі. Екі тоңазытқышты көліктерібар таситын.
Кәсіпкердің басты жаңалығы – қазіргі ғимараты. Оны жуырда сатып алыпты. Алдағы уақытта іші-сыртынакүрделі жөндеу жүргізбек,құрал-жабдықтарын, жиһаздарын жаңаламақ.
Ең бастысы – кәсіпорын өнімдерін экспортқа шығармақшы. Ресейге, Нижневартовск деген Сібірдің қаласына.
–Сол жақтан іссапармен Өскеменге келген бір іскер азамат біздің тұшпараны ұнатып, арнайыіздеп келді. «Мұндай дәмді әрі пайдалы тағамды Ресейден таппайсыз. Қаламызда мұнайшылар көп, сұраныстары жоғары. Алғаш рет 700 келі өнім алып көрейік, өтіп жатса тағы аламыз, көлемді ұлғайтамыз», – деді. Өзі істің адамы екен, – дейді кәсіпорын жетекшісі.
Өнімнің Ресейге сатылғаны дұрыс қой, ол жақта баға да қымбат. «Бәрін шетке сатып, өзіміздің тұтынушылар түксіз қалмай ма?» дедік.
–Жоқ.Естуімше, олар шекараны себепсіз жаба беретін көрінеді тағамнан ауру табылды деген желеумен. Сондықтан әрине, сатамыз шетке, бірақ негізгі тұтынушымыз – өз халқымыз, өз рыногымыз үшін еңбек етеміз, – деп отыр кәсіпкер әйел.
Өнім көлемі артса, қосымша жұмысшылар тартылмақ, ал бұл өңір экономикасына тиімді, қазынаға салық та түседі дегендей.
Ержан Әбіш