Қоғам

Жәрмеңкеден жұмыс тапты

 Жәрмеңкеден жұмыс тапты


Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Жастарды тұрақты жұмыспен қамтуды мақсат еткен жәрмеңкеге өңірдің 70-тен астам кәсіпорны мен мекемелері қатысып, мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды.

Бұл жәрмеңкеде ерекше сұранысқа ие мамандықтар да анықталды. Барлық жерлерге білім, медицина, әлеуметтік қызметкерлермен қатар жұмысшы мамандардың да қажеттігі көрініп тұрды. Соңғы кезде көпшілікті көп қызықтыра бермейтін зоотехник, агроном, ветеринар сияқты ауыл шаруашылығы саласы мамандарына деген қажеттілік бас көрсеткен сыңайлы. Жәрмеңкеге «Өскемен металлургиялық зауыты», «Эмиль», «Өскемен ұн тарту комбинаты», «Гелиос», «Техбытсервис», «№2 қалалық аурухана» және «Өскемен қаласының арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету жөніндегі балалар орталығы» мемлекеттік мекемелері және басқа да кәсіпорындар мен ұйымдар қатысты.

– Осындай іс-шаралардың басты мақсаты – жұмыс берушілер мен үміткерлер арасында диалог алаңын құру. Сондай-ақ біз көші-қон бөлімінің өкілдері арқылы «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйін түсіндірдік, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Тимур Жігітаев.

Жұмыс іздеп келгендерге облыс мекемелері мен кәсіпорындары 500-ден астам бос орын ұсынды. Жұмыс табуды немесе мансабын өрлетуді көздеген кез келген адам жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға және еңбек нарығының ұсыныстарымен танысып, түйіндеме қалдыруға мүмкіндік алды.
– Бүгінгі жәрмеңкеде «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқитын түлектерге де жұмыс орындары ұсынылды. Оларға бағдарламаның барлық ерекшеліктері жайлы айтылып, Шығыс Қазақстанға еш кедергісіз бой үйретулеріне барлық жағдайлар жасалатындығы түсіндірілді. Облысымыздағы кәсіпорындарға білікті мамандар өте қажет. Сол себепті жастарға қойылатын қандайда бір ерекше талаптар болады деп ойламаймын. Бос орындар жәрмеңкесіне облыстағы алпауыт кәсіпорындармен қатар аудан, қалалардағы кішігірім мекемелер де қатысуда. Атап айтсақ, Өскемен, Риддер қалаларынан бөлек, Алтай, Глубокое, Тарбағатай және Үржар аудандарынан жұмыс берушілер келді, – деп қосты Тимур Жігітаев.

Жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы саласының мамандарын іздеп келген Үржар аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Берікқан Ғалиев осы іс-шараға үлкен үмітпен келгенін жасырмады.

– Ауданымыздың негізгі бағыты ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан шаруа қожалықтарының атынан келіп отырмын, –дейді ол. – Аудандағы «Алғабас», «Некрасовка и К» және «Юбилейный» сияқты үш ірі шаруа қожалығына ветеринар, зоотехник, агроном, фермер сияқты ауыл шаруашылығы мамандары мен механиктер қажет. Жәрмеңкеге «Серпін» бағдарламасы бойынша университетті тәмамдаған түлектер қатысады деген соң келдім. Осы жолғы жәрмеңкеде ең аз дегенде алты-жеті маманмен келісімшарт жасасып қайтамын деген үмітім бар.

Жалпы, жәрмеңкеге қатысушылар 18 жастан 30 жасқа дейінгі жастар болды. Олардың арасында колледждер мен университеттер түлектері аз емес. Солардың бірі, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкенттен келген Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ түлегі Әсет Бақытұлы өзінің геодезия және картография мамандығын алып шыққанын айтады.

– Бүгінгі жәрмеңкеде біз сияқты жас мамандарға жұмыс және көшіп келу жағдайлары бойынша көптеген ұсыныстар айтылды. Таңдау көп. Өзім Шығыс өңірінде қалып, жұмыс істеуді көздеп жүрмін. Жәрмеңке барысында көңіліме ұнаған жұмысты табамын деген үміттемін, – деді ол.

– Өзім негізінен Түркістан облысынан келгенмін. «Серпін» бағдарламасымен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да механик мамандығы бойынша білім алып шықтым. Шығыс жерінде қалып, жұмыс істегім келеді. Аягөздегі кәсіпорындардың бірінде еңбек етуді қалаймын. Бұл өңірде жастарға көп мүмкіндік берілген. Ал туған жерімде жұмыс орындары аз, үміткерлер көп. Оның үстіне еңбекақы да төмен, – деді тағы бір серпіндік Сайлау Ғалымжан.
Бұдан бөлек, жәрмеңке барысында Өскемен қаласының жұмыс берушілері де 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды.

– Нарықта жүргенімізге 50 жылдан астам уақыт болды. Ғимараттар мен құрылыстардың түрлі технологиялық жабдықтарын тексерумен, реттеп, жөндеумен айналысамыз. Бізде жұмыс күшіне деген сұраныс үлкен. Атап айтқанда, слесарь-жөндеуші, электр-газбен дәнекерлеуші, электромонтер, инженер және техник керек, – дейді «Қазақ мамандандырылған жөндеу-қалпына келтіру кәсіпорны» АҚ өкілі Кирилл Ларионов.

Сондай-ақ «Вита» ЖШС-на УДЗ жасайтын дәрігер, онколог, педиатр, статист, акушерлер және фельдшерлер сияқты медицина мамандары қажет.
– Бізде қызметкерлер үшін барлық жағдайлар жасалған, толық әлеуметтік пакет бар. Бірақ қазір жастардың көбі тәжірибе жинақтамай жатып, бірден жоғары жалақы алуды қалайды. Олардың алдымен кәсіби дағдыларды меңгеруге көңіл бөлгендері дұрыс болатындығын айтқым келеді, – деді емхананың кадр бөлімі инспекторы Зәуре Сәкенова.

«Казцинк» ЖШС өздеріне қажетті мамандарды таңдап та үлгерді. Кәсіпорын «Металлургия», «Тау-кен ісі», «Машина жасау», «Аспап жасау» мамандықтары бойынша оқуларын тәмамдаған 19 серпіндікке жұмыс орнын ұсынуға әзір. Жастар Өскемен және Риддер қалаларында жұмыс істеуге шақырылды. Бұл туралы «Казцинк» ЖШС қызметкерлерді оқыту және дамыту басқармасы оқу орындарымен жұмыс жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Евгения Баева айтып берді.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button