Қоғам

Жәрмеңкеде өнімдер арзан бағамен саудаланды

Жәрмеңкеде өнімдер арзан бағамен саудаланды

Облыс орталығындағы «Фрешмаркет» дүкенінің жанында әдеттегідей ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкені бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасын қоғамдық бақылау жөніндегі жедел штабының мүшелері аралап шықты.
«Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майра Екібасованың айтуынша, аталмыш жедел штабтың құрамына ардагерлер кеңесі, жергілікті өзін-өзі басқару комитеті, «Нұр Отан» партиясының мүшелері және басқа да ұйымдар мен органдардың мүшелері кіреді екен.
-Біздің мақсатымыз – азық-түлік бағасына мониторинг жасап қана қоймай, бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл жасау. Жәрмеңке сөрелеріндегі халық ең көп және күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдеріне қолдан қымбатшылық орнататын пысықтардың жолын кесу. Сонымен қатар, сауда нүктелеріндегі тауар сатылымы мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қадағалау. Бүгінгі жәрмеңкеге халық көп жиналыпты, демек, баға өз қалпында тұр деген сөз, – дейді Майра Екібасова.
Жәрмеңкеге қала және аудандардан келген ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер мен жеке кәсіпкерлер белсене қатысты. Сөрелерде ауылшаруашылық өнімдері ерекше мол болды. Әсіресе, жеміс пен көкөніске сіресіп тұр. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер жаз бойғы ерен еңбектің жемісін жинай бастады. Тұрғындар арасында картоп пен сарымсаққа сұраныс жоғары болды. Қысқа қазірден бастап қамданғандар үйлеріне көкөністі қап-қабымен әкетті. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алды.
– Мұнда қой еті – 800-900 теңгеден. Жылқы еті 1000 теңгенің маңайында. Бұл – халыққа өте жақсы, бір жағынан, жеңілдік. Жәрмеңкеден қалмаймыз. Елбасымыздың тапсырмасын орындап, халық пен өндіруші арасындағы делдалсыз сауданы ұйымдастырып тұрған басшыларға алғысымды айтқым келеді,-дейді қала тұрғыны, зейнеткер Советбек Қасенов.
Жәрмеңкеде ет пен көкөністен бөлек, бал 2500 теңгеден (1,5 литр), қымыздың литрі 500 теңгеден сатылды. Ал картоп, қызылша, сарымсақ сияқты ең қажет көкөніс 70 теңгеден саудаланды. Алма мен алмұрттың бағасы 200 теңгенің айналасында болды.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button