Қоғам

Жәрмеңкеде 10 тонна ет пен 1 тонна қымыз саудаланды

Жәрмеңкеде 10 тонна ет пен 1 тонна қымыз саудаланды

Үржар ауданының өнерпаздары «Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында «Ұлы дала – мәңгілік ел» атты концерттік бағдарлама ұсынды. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Үржардан келген шығармашылық ұжымдар мәдениет үйіне жиналған өнерсүйер қауымға халық әндері мен күйлерін ұсынып, тыңдарманды бір серпілтіп тастады. Сахнада шырқалған музыкалық шығармалар арасында әсіресе, «Мәңгілік ел», «Ақ көгершін», «Қазағым», «Доспамбет жыраудың толғауы» сияқты әндер жиналған қауымның ерекше қошеметіне ие болды. Ал Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған музыкалық-хореографиялық қойылым кім-кімді де бейжай қалдырмағаны сөзсіз. Сахна төрінде «Көңіл толқыны» халық аспаптар оркестрінің орындауындағы «Махамбет» күй-поэмасы мен А.Құнанбаевтың «Май түні» шығармалары да көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, кештің сәнін келтірді.
Келесі күні үржарлықтар қала тұрғындарына арнап «Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында Өскемендегі «Freshmarket» гастрономының алдында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Ауданның жиырма бес ауылдық округінен шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер ауылшаруашылық өнімдерін әкелді. Олар сауда орнындағы сөреге қойылған сиыр етін – 1000, қой етін – 900, жылқы етін – 1100 теңгеден ұсынса, көкөністер – 55, балдың келісін 900 теңгеден саудалады. Жәрмеңкеде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында үш миллион теңге несие алған Тілеубек Нұрғазиев қой етін тұтынушыларға 750-850 теңгеден ұсынғанын айта кеткен жөн. Тіпті, қысқа қазірден бастап қамданғандар үйлеріне көкөністі қап-қабымен әкетті. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алды.
Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Қаленбек Қарашевтің айтуынша, аталмыш жәрмеңкеге он тонна ет, бес тонна картоп, бес тонна сәбіз, бір тонна қымыз бен шұбат, үш тонна қырыққабат, бір тонна бал, сондай-ақ, сүт өнімдері әкелініпті.
– Ұсынылған өнімдердің бағасы 20 пайызға төмен. Бұл – қала тұрғындары үшін тиімді әрі қолжетімді. Сатушы да, тұтынушы да разы болды, – дейді Қаленбек Қарашев.
Бұл күні Науалы ауылынан келген «Ақберлі» шаруа қожалығының өнімдері саудаланған жерде ұзын-сонар кезек болды. Себебі, бұл жерде қымыз 400 теңгеден саудаланды. Аталмыш шаруа қожалығының жетекшісі Зият Каттебаевтың айтуынша, ол осыдан үш бұрын «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығының көмегімен несие алып, шаруасын жүргізіп отыр екен.
Тауар өндірушілердің өзінен сатып алуды ұйғарған қалалықтардың да қарасы көп болды. Қала тұрғыны, зейнеткер Жамал Жанұзақова жәрмеңкенің апта сайын өтіп тұратындығына ризашылығын білдірді.
– Сенбі күндері қолым бос болса, жәрмеңкеден қалмауға тырысамын. Өйткені, мұндағы баға қолжетімді. Алдағы уақытта да халыққа қажетті, күнделікті пайдаланатын өнімдердің бағасы күрт өсіп кетпесе екен деп тілеймін, – деді ол.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button