Жүректерге жылу сыйлады

Өскемен қаласындағы «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері Зайсан аудандық мәдениет үйінде концерт қойып, көрерменге тамаша кеш сыйлады.
«Үміттіктер» әр түрлі ұлттың биін билеп, ел мен жерге деген сүйіспешілікті арттыратын патриоттық әндер шырқап, халықтың рухын асқақтатты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл концерттің әсіресе жастарға берері мол болды. Ал аудандық мәдениет үйінің көрермендер залында инешаншар орынның болмауы зайсандықтардың өнерге деген құрметі, қонақжайлығы болса керек. Қонақжайлық демекші, Өскеменнен келген жас өнерпаздарды концерт басталмас бұрын Дәуленов атындағы мектеп-интернаттың ауласында аудан әкімі Т.Қасымжанов, бір топ оқушылар мен мұғалімдер, ата-әжелер қарсы алды. Ақын Еркебұлан Зағыпаров арнау айтып көңілдерді серпілтсе, әжелеріміз шашуын шашып, ақсақалдарымыз балаларға ақ батасын берді.
«Қуантсаң, баланы қуант» дегендей, концерттен соң аудан басшысы қатысушылар мен ұйымдастырушылар алқасына Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыстады.
Зайсан ауданының азаматтары ежелден жомарттығымен аты шыққан. Бұл жолы да ауданымыздың атымтайлары қонақтарына құрмет көрсетті. Кәсіпкер С. Әбілғожина бір ірі қарасын, «Қара Ертіс» шаруа қожалығының жетекшісі Ж.Кәрібаев екі қойын сойып құрмет көрсетсе, «Зайсан» ұн зауыты өз өнімінен тарту жасады. Қ.Қыдырмолда күзгі өнімдерін, ал «Рахат» кондитерлік цехы тәтті-дәмділерін үлестірді. Ауданымыздың Ш.Келгенбаев, М.Абижанов, М.Мықиянова, Б.Сырымбаева, Д.Нұрғазиев, Д.Мықиянов сияқты жомарт жандары да балаларға сый-сияпат жасады. Көңілге қуат, жүрекке шуақ сыйлаған бұл өнер кешінен қатысушылар да, көрермендер де ерекше әсер алғаны анық.
Г. Сайранова,
Зайсан ауданы