Жүректен шыққан жүрекке жетеді

Дағдарыс төрт тараптан қысып, алып экономикалардың өзі тәлтіректеп жатқанда қазақ қауымы мәрттігінен танбайтынын тағы бір дәлелді. Астанадағы бес періштенің қазасы азаматтық белсенділігімізбен қоса, қайырымшыл қасиеттерімізді де оятып кеткен сияқты.
Жалпы, қарапайым қазақтың қайырымдылықтан қашқан жері жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдардында-ақ талай абыз ақындар мен батыр бабалардың ұлан-асыр астары елден жиналған қаражаттың күшімен өткенін ұмыта қойған жоқпыз. Тұрмысы тұралап жатса да, ортақ істен ойысқан тұсы жоқ қазақтың. Екі бірдей ашаршылық пен дүниежүзілік соғыстан ес жимай жатып даламызға лек-легімен төгілген түрлі диаспора өкілдерін бауырымызға алуымыз да мәрттіктің айқын бейнесі болып тарихқа таңбаланды. Жиырма бірінші ғасыр адамның пиғылын бұзды деп жатамыз ғой. Қазақтың пиғылы тарыла қоймапты. Әйтпесе, белсенді топтардың бұл жолғы үндеуіне селт етпей қойса да, өкпе айта алмас едік.
«Кез келген азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі жұмысын адал атқарып, салықты шашаусыз төлеуімен шектеледі. Сол салықты орнымен жұмсап, мұқтаж жандардың мәселесін шешу үкіметтің міндеті» дер еді біздің орнымызда еуропалықтар болса. Біз өйтпедік. Іске білекті түріп тастап, кірісіп кеттік. Осалдығымыз да, озаттығымыз да осы қасиетімізде шығар, бәлкім. Жер-жерде «Жүректен жүрекке», «Жақсылық жаса», «Саламатты ана мен бала» деген ұрандармен өтіп жатқан науқандық акциялар – соның дәлелі.
«Жүректен жүрекке» акциясының аясында екі күннің ішінде 406 отбасыға бір реттік көмек көрсетіліпті. Бұл жанұялардағы 1859 кәмелетке толмаған бала қайырымдылықтың қалай жасалатынын көздерімен көріп, көңілдерімен сезінді. Әсіресе, Катонқарағай, Тарбағатай, Жарма, Шемонайха, Бородулиха аудандарының халқы игілікті іске ерекше ықылас танытқан. Облыс орталығының жастары да аудандардан қалыспай, 11 көпбалалы үйге азық-түлік апарып берді.
Жарыссаң, қайырымдылық жасап жарыс. 9-10 ақпан күндері бүкіл облысты осындай көңіл күй кезіп жүрді. Сол жарыста Жарма ауданының асығы алшы түскендей болды. Өзгелер мұқтаж отбасыларға бір реттік көмек жасап, жүрегінің жылуымен бөлісіп жатқанда, жармалықтар жалғызбасты ананың баспана мәселесін біржола шешіп берді. Бастамашы – «Харекет» қайырымдылық қоры. Қор осымен алпыс сегізінші мұқтаж отбасыға пәтер сыйлап отыр. Бұл жолы ондай бақытқа Жарма ауданының Қалбатау ауылында тұратын жалғызбасты ана Жанар Тұрсынбекқызы ие болды.
– Несін жасырайын? Осыған дейін бес балаға төленетін 10500 теңгенің жеңілдік ақшасын пәтер жалдауға әрең жеткізіп келдік. Жалғыз менің табысым олардың ішіп-жемі мен киім-кешегінен аспайтын. Жазда тіпті жалдап тұратын үй таппай қалған да кездеріміз болды. Сол кезде жылап-еңіреп жүргенімізді «Харекет» қорының өкілдері көріп, қайырымды жандарға үндеу тастаған болатын. Алты айдың ішінде үш миллион теңге жиналып, бүгін үйге кіріп отырмыз. Үй жылы екен. Бес баланың үлкені студент. Практикасына төлеген ақшаға бір тонна көмір әкелді. Әзірге сонымен амалдаймыз. Қуанышымызда шек жоқ. Көмек қолын созған жомарт жандарға, «Харекет» қорына балаларымның атынан алғыс айтамын, – дейді Жанар Тұрсынбекқызы.

Бес балалы ананың қуанышына әкімдік қызметкерлері мен қор өкілдері ортақтасып, пәтер кілтін табыстау рәсімін салтанатты түрде өткізді. Аудан орталығынан берілген үй үш бөлмелі, пешпен жылытылады. Шарада сөз алған қайырымдылық қордың өкілі Шынар Сыдықова мұндай игі істер әлі де жалғасатынын атады.
Ал тарбағатайлық азамат Бәделхан Кәмәлханұлы 13 мұқтаж отбасыға бір-бір жылқыдан соғым сойып беріпті. Өзге кәсіпкерлер де одан қалыспай, тегін көмір мен азық-түлік таратты. Катонқарағайлық кәсіпкерлер тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектептің керек-жарағы мен киім-кешек алу үшін үш миллион теңге жинап берген.
Семей қаласында екі шағын бизнес нысаны жеті көпбалалы отбасыға материалдық көмек көрсетсе, жастар ресурстық орталығы бірнеше көпбалалы отбасын өз қамқорлығына алды. Ал қалалық білім беру бөлімі 50-ге жуық отбасыны аралап, хал-жағдайын қағазға түсіріп жүр. Қандай шаруа болса да, басында ұстаздарымыз жүрмей ме? Өздері де соған төселіп болған сияқты. Акцияға қаладағы 15 оқу орны қосылып, мұғалімдер қауымы 23 отбасыға материалдық және қаржылық көмек көрсеткен. Қалалық Мәдениет үйінің ұжымы да бес бала тәрбиелеп отырған екінші топтағы мүгедек жанның отбасына азық-түлік жеткізіп, ауласындағы қарын тазалаған.
Ал Шемонайха мен Бородулиха жастары тұрмысы төмен отбасылардың ауласын қардан тазартып, шатқаяқтаған шаруаларын ретке келтірді.
Жұрт жапатармағай қамқорлық жасап, мұқтаж отбасыларды айналып-толғанып жатқанда көптеген адамдардың ойында «Сонда билік қайда қарап отыр?» деген сұрақ тұрғаны рас. Ондай ойлар әлеуметтік желіде де қылаң беріп жатты. Абырой болғанда, халықтың әлеуметтік жағдайына жауапты облыстық басқарманың қолында тұрмысы төмен үйлердің тізімі дайын болып шықты. Сол тізімге сенсек, Шығыс Қазақстанда 23791 көпбалалы отбасы бар екен.
Басқарма басшысы Елена Старенкованың айтуынша, 2018 жылы 6854 отбасыға республикалық және облыстық бюджет есебінен ай сайын орта есеппен 18237 теңге атаулы көмек көрсетілген.
– Былтыр құрамында 31601 адамы бар 6854 отбасыға атаулы көмек берілді. Жыл көлемінде оларға 1,5 млрд. теңге жұмсалды, – дейді Елена Старенкова.
Есжан Ботақара