Қоғам

Отанды білекпен емес, жүрекпен қорғау керек

Батыр бабаларымыз тұлпарларының тұяғымен сызған қастерлі шекараны, яғни, балаларына аманат еткен байтақ мекенді көзінің қарашығындай қорғау – әр дәуірдегі ұрпақтардың ең басты парызы мен міндеті екені шындық.

Отанды білекпен емес, жүрекпен қорғау керекОблысымыздың осы мақсатты ұстанған және түрлі сынақтардан сүрінбей өткен 220 азаматы биыл еліміздің әр қалаларына барып, Отан алдындағы борышын өтемек.

Өскемен қаласындағы Достық үйінде қаладан аттанып бара жатқан 40 сарбазға арналып, салтанатты шара өткізілді. Оған арысын айтсақ, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайлардан тартып, кешегі Бауыржан Момышұлы сынды қазақтың маңдайына біткен батырларының жолын қуған бүгінгі еңсегей бойлы егей ұлдарын аттандырып тұрып, ақ жол тілеуге Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Асқар Нұрғазиев, ақ батасын арнауға қалалық ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Мұқатай Шаяхметов бастаған ақсақалдар мен ауған соғысының ардагерлері, қалалық ішкі істер бөлімінің өкілдері және аттанып бара жатқан азаматтардың ата-аналары мен дос-жарандары қатысты.

– Бұл салтанатты шараның орны бөлек. Себебі, егемендігіміздің тірегіне айналған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл толып отыр. Ал азамат жасына толып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатқан мына жаужүрек жігіттерге айтарым, ел үмітін білекпен емес, жүрекпен қорғау керектігін ұмытпаңдар, – деді қала әкімінің орынбасары Асқар Нұрғазиев өзінің құттықтау сөзінің соңында.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін туып, яғни, тек тәуелсіз елдің құнарлы топырағынан нәр алған өрімдей жастарға сәт сапар тілеген қалалық ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Мұқатай Шаяхметов:

– Сендер бақытты өмірде дүниеге келген ұрпақсыңдар әрі замандарың да жақсы. Сондықтан заманауи әскери техниканың барлығын үйренесіңдер. Елдің ертеңі өздерің болғандықтан міндеттеріңді абыроймен атқарып келіңдер, – деп сарбаздардың санасына салиқалы ой сіңірді.

Салтанатты шара барысында болашақ сарбаздардың рухына жігер қосатын патриоттық әндер айтылып, мың бұралған билер биленді және жауынгерлер қатарына қосылу алдында тұрған жігіттерге тосын сый жасалып, бағалы сыйлықтар ұсынылды.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button