Қоғам

Жүрегі жомарт жандар

Жүрегі жомарт жандар
Риддер қаласында өткен «Жомарт жүрек» қайырымдылық форумында «Рухани жаңғыру» бағдаламасының аясында «Атамекен» бағыты бойынша туған жерінің өркендеуіне үлес қосқан меценаттардың есімдері аталып, құрмет көрсетілді.
Екі жылдың ішінде қалада 70-тен астам әртүрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, қолы ашық жандардың қолдауымен 100 млн. теңгеден астам қаражаттың әлеуметтік көмегі көрсетіліпті.
Риддер қаласының мерекеге сай безендірілген Мәдениет сарайынан әсем әуен төгіліп, жиналған жұрттың көңілді дауыстары естіледі. Жанашырлыққа – жан риза» демекші, қоғамның әлсіз топтарына қарасып, қаланың әлеуметтік нысандарына материалдық көмек көрсетіп келе жатқан жаны жомарт жандарды марапаттау салтанатты жағдайда өтті. Қайырымды азаматтар «Ерен еріктілік», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Туған өлкем», «Жыл меценаты» аталымдары бойынша сый-сияпатқа бөленді. Сонымен қатар «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына үлес қосқан және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған 22 кәсіпкерге «Нұр Отан» партиясы Риддер қалалық филиалының Алғыс хаты тапсырылды.
-Қайырымдылық дегеніміз бір жолғы әлеуметтік науқан емес. Бұл бүгінгі таңда әрбір адам үшін қажеттілік, қалыпты жағдай болу керек. Мен риддерліктер ата-бабаларымыздан келе жатқан осы жарқын істерді жалғастырады деп сенемін, – деді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Данияр Дүйсембаев өз құттықтауында.
«Жыл меценаты» номинациясында тұрмысы нашар отбасылар мен ата-аналарынсыз қалған балаларға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан, «Святоч» балалар үйінің коммуналдық қызметтерін төлеуге алты миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған «Казцинк» ЖШС (Александр Хмелев) атап өтілді. «Ерен еріктілік» аталымында «Сенім» ресурстық орталығының жетекшісі, жастардың репродуктивті денсаулығын сақтап, өңірде волонтерлікті дамытуға үлес қосып жүрген Надежда Меркульева, «Туған өлкем» аталымы бойынша білім мекемелері мен қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсету мен қаланы абаттандыру жұмыстарына үш миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған «Samid» ЖШС директоры Атымкан Салимбаев марапатталды. «Жылдың үздік ұйымы» ретінде жеке кәсіпкер Болатхан Күзембаевтың «ВостокСанТехСтрой» ЖШС танылды. Жеке кәсіпкердің ұлы Олжас Болатханұлы да осы фирмада қызмет етеді. Риддер аграрлық-техникалық колледжінің түлегі оқу бітірісімен әкесінің жанында, туған өлкесінің өркендеп, дамуына үлес қосып келеді. Әкесі бір шаруалармен келе алмаған екен, марапатты алуға Олжас көтерілді. Алайда, ол кісіні жақсы танитындар «істеген жақсылығын жариялауды жөн көрмейді, сол себепті келмеген ғой» десіп жатты.
-Алматы қаласындағы әлемдік экономика мен қаржы институтын сырттай тәмамдадым. Қайырымдылық шараларына үнемі қатысып тұру қажет деп санаймын. Жыл басынан бері Бутаково мен Поперечное ауылдарындағы мектептердің жылу жүйелерін жөндеуге, мешіттің қоршауын орнатуға бір миллион теңгеден астам қаржы бөлдік, – дейді Олжас Күзембаев. Фирма сонымен қатар, «Менің мектебім» акциясынан да, интернациалист-жауынгерлердің саябағын абаттандырудан да шет қалмай, қаражат аударған.
«Жыл тұлғасы» атанған Галина Гильдерман – облысқа танымал кәсіпкер. Өткен жылы облыс әкімінің қолынан сый-сияпат алған меценаттардың бірі. Галина Михайловна да «қайырымдылық тыныштықты ұнатады» деп, істеп жатқан шаруалары туралы көп айтқысы келмеді. Сөзге қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Оралқызы араласты:
-Гильдерманның отбасы жиырма жылдан астам өңіріміздегі жоқ-жетімдерге көмек беріп, әлеуметтік жобаларға белсене қатысады. Екі жылдан бері баспанасы жоқ, қаңғырып жүрген жандарды жинап, олардың құжаттарын қалпына келтіріп, қоғамға пайдалы азамат ретінде қайта қосылуына көп күш-жігерлерін салып жүр.
Гильдерманның отбасы интернационалды жанұя. Жолдасы Бай-Эли Саидсолимовичтің ұлты – шешен, өзі неміс қызы. Екеуінің де әке-шешесі 1957 жылы Қазақстанға қоныс аударылыпты. Осы жерде үшінші ұрпақтары дүниеге келгендіктен, Қазақстанды отанымыз деп құрмет тұтады.
-Үш баламыз бар. Үлкеніміз де қайырымдылық шараларынан қалыспайды. Отбасымның қолдауының арқасында мүгедек жандар мен жалғызілікті зейнеткерлерге материалдық көмек беріп келеміз. Өзіміздің «Рябинушка» кафемізде 57 адамды күніне бір мезгіл ыстық тамақпен қамтимыз, – деді Галина Гильдерман, – қалалық жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыстамыз.
Гильдермандар Риддер қаласындағы жетім балаларға арналған арнайы коррекциялық мектеп-интернаттың тәрбиеленушілерін де өз қанаттарының астына алған. Жарымжан балаларға мерекелерде сыйлықтар әзірлейді, көңілді кештер ұйымдастырады. Олармен қарым-қатынастары жетімдер үйі болған кезден басталыпты. Жүйке аурулары диспансерінде жатқан 41 мұңлыққа да Галина Михайловнаның жүрегі ауырады.
-Олардың барлығын туыстары ұмытып кеткен, ешкімге керектері жоқ. Мәңгілік мекеніне осы жерден аттанатындары да кездеседі. Жарымкөңіл жандарды бір уақыт қуанту үшін мерекелік іс-шаралар ұйымдастырамыз. Енді бір теледидар сыйлайық деп жүрміз, – деген жоспарымен де бөлісті.
«Жыл тұлғасының» шаңырағы үй-күйсіз жүрген, өмірдің қиын жағдайына ұшырағандардың баспанасына айналған. Құжаттарын жөндегенше өз үйінде тұрғызып, ішкілікке салынғандары болса, өз қаражатына емдетіп, тұрақты жұмыс тауып бергенше бас-көз болады. Қазір де үйінде осындай «құдайы қонақтар» тұрып жатқан көрінеді.
-Жас ұрпақтың бойында әскери-патриоттық сезімдерді қалыптастыру мақсатында биыл жазда «Зарница» іс-шарасын қолға алдық. Балаларға өте ұнады. Жастарымыз туған өлкемізді сүйіп, осы жерден ешқайда кетпеуі, кіндік қаны тамған жерге маңдайының тері де сіңуі үшін осындай тәрбиелік мәні бар жұмыстарды, әртүрлі фестивальдарды ұйымдастыратын боламыз, – деді Галина Гильдерман.
Болашақта жазғы лагерьлердің жұмысын жандандыру, көшбасшылардың мектебін ашу сияқты идеялары бар. Галина Гильдерман жыл басынан бері қайырымдылық шараларына үш миллион теңгеден астам қаржы жұмсапты.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button