Жүрегі қазақ деп соғады

Ол – жанары өткір, ат жақты, сұңғақ бойлы, отыздың бел ортасына келген жігіт. Бір қараған жан оның бойынан бір дегдарлықты байқағандай болатыны анық.
Асланбек Чабаевтың ұлты – шешен, Үржар ауданы Қарақол мектебінде информатика пәнінен сабақ береді. Осында туып-өскен оның мінезі ашық, қашан көрсең де жайраңдап жүргені. Қазақша амандасып, қазақша емен-жарқын әңгіме-дүкен құратын Асланбек ауылдастары арасында сыйлы.
– Орыс сыныбын бітіргеніммен, туып-өскен ортам қазақтар ғой. Қазақшаны ана тілімнен кем білмеймін. Бұған орысша оқығанымды қоссаңыз, үш тіл білем деп айта аламын. Бірде қызық болды, – деп бастады ол әңгімесін бір жымиып алып. – Қалаға барып, шаруаларымды тындырғаннан кейін, кешкі автобусқа билет алып, бақ ішіндегі сәкіге жайғасқаным сол еді, әлдебір қазақ бауырлар кеп жаныма жайғасты. Орысша қойған сауалдарына жауап беріп отырмын. «Осында тұрады екенсің, қазақ тілін білу – міндет, үйрену керек» деген әңгімелер айта бастады. «Ей, бауырым, менің жүрегім «қазағым» деп соғады. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген. Біздің аталарымыз бір кезде арып-ашып қазақ жеріне табан тіреген сәтте ауызымызға су тамызып, аш өзегімізді жалғауға жәрдем берген қазақты мен қалай ұмытайын?!» – дедім қазақша бетіне тік қарап. Байқаймын, әлгі жігіттердің таңырқағандарынан ауыздары ашылып, көздері бақырайып кетіпті. Өздері риза болып, қолымды қысып, тіпті жіберер емес.
Шынында да, еш акцентсіз әңгіменің тиегін ағытатын Асланбек талайды таңғалдырып келеді. 2009 жылы Астанада қазақ тілін жете меңгерген өзге ұлттар арасынан бас жүлдені иеленді. Мұғалім жігіттің жұбайы Назгүл де – мектепте биолог. Екеуінің Мұса, Иса, Мәлика, Ғайса атты бүлдіршіндері бар.
– Көпшілігі менен «қазақ тілін қайдан білесің?» деп сұрайды. Жастайымнан Самат, Мұратбек, Ғадылдармен асық, ләңгі ойнап, өзенге таспен «май жалатып», Аманжол, Дамирлармен ұзақ түндер бірге сырласып өссем, бозбалалық сауық-сайранды бірге құрсам, қалай қазақша білмеймін?! – деді ол қоштасарда.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы