Жәрдем жасайтындар баршылық

Робот техникасы – еліміздің мектептерінде енгізіліп жатқан жаңа бағыттардың бірі. Бүгінде жүздеген мектептер мен жоғары оқу орындарында өте бастаған бұл аралас пәннің құрамында бірқатар қолданбалы пәндер де бар. Болашақ робот құрастырушылар математика мен физиканы, информатика мен сызуды, бұдан басқа да біраз ғылыми салаларды міндетті түрде меңгеругі тиіс. Ал өткен жылдан бастап оқығандары мен үйренгендерін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берілуі – осы бір ерекше мамандықтың қызығына ынтамен бойлаған Күршім мектептерінің оқушылары үшін де аса маңызды оқиға болып отыр.
– Облыс әкімінің өзі бастамашы болған «Менің мектебім» акциясы аясында, – деп пікір бөлісті бізбен Күршім гимназиясының директоры Г.Шәкерова, – облыс мектептері демеушілер көмегіне сүйене отырып, робот техникасы кабинеттерімен жабдықталуда. Ал осы кабинеттердің көмегімен қабілетті балаларымыз ойға алған ең батыл қадамдарын жүзеге асыра алады. Атап айтар болсақ, мүмкіншіліктері зор, бірқатар нақты қызметтерді атқара алатын роботтардың үлгілерін және бағдарламаларын жасауға болады. Демеушілер қаржыларына алынатын робот техникасы кабинетінде оқушылар болашақта нағыз роботтарды да құрастыра алады. Облыс әкімі Даниал Ахметов атап айтқандай, робот техникасы бүгінгі күнгі ел дамуының басым бағыттарының біріне айналуда.
Балаларды осы мамандықтың қыр-сырына үйретуге тиіс екі ұстазымыз арнайы курста оқып, білімдерін шыңдап келді. Олар алдағы уақытта жас буынды жаңа пәннің жарқын қадамдарына жетелейтін болады. Ал оқыту үдерісінің ойын формасында болуы балалардың қиын мамандықты оңай игерулеріне жол ашады деген сенімдемін.
Робот техникасының сабақтары тағы несімен құнды? Олардың ерекше, қызық және пайдалы болуының сыры неде? Алдымен мұғалімдер көптеген оқушылар үшін робот техникасы кейбір пәндер бойынша жақсы нәтиже көрсетудің мүмкіндігі деп есептейді. Мысалы, физика пәнін алайық: робот техникасы курсының көмегімен бұл саладағы білімді өмірде қалай пайдалануға болатынын түсіну қиын емес. Балалар оқу процесіне қызығушылықпен кіріседі, сабаққа деген ынталары артады. Ал ұстаздар балаларға өздері дамытқысы келетін бағытты өз беттерімен таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, осы курстың бағдарламасы мұғалімдерге сабақты балалар үшін қызықты болатындай етіп жоспарлауға көмектеседі. Балалар болса, қоян-қолтық әріптестікке, бірлесе әрекет жасауға, ұжымдық жұмысқа үйренеді. Мұндайда балалар сабаққа өз идеяларымен келеді, оларды жүзеге асырудың барлық мүмкіндіктерін қарастырады. Ұстаздардың міндеті оларға осы ізденіс барысында көмектесу және қателікке ұрынудан қорықпауды үйрету болып табылмақ. Робот техникасы пәні оқушыларды бұрынғыдан да жақын тануға, олардың ерекше қабілеттерін, бейімділіктері мен ойлау стильдерін бағамдауға мүмкіндік береді. Ал мұның өзі әр балаға жекеше көзқараспен қарауға жол ашады.
– Жоғарыда айтып кеткенімдей, – деп сөзін жалғады Гүлнәр Сабырқызы. – Робот техникасы кабинеттері тек демеушілердің көмегімен ашылуда. Бұл бағытта бізге де қолұшын беруге ниет білдіріп жатқандар баршылық. Мәселен, қазан айында Өскемен қаласындағы «Жекпе-жек» сарайында өткен «Менің мектебім» акциясы аясындағы кездесуде белгілі кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Н.Қасымханов біздің мектеп үшін осы мақсаттағы «Парыз» қорына бір миллион теңге қаржы аударды. Нұрлан Есімханұлының бізге қамқорлық жасауы кездейсоқ жағдай емес деп айта аламын, өйткені, оның әкесі, ардагер ұстаз Қасымханов Есімхан ағамыз кезінде осы білім ордасында оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек етті. Ал анасы Нәзигүл апай математика пәнінен сабақ берген. Нұрланның өз балалары да осы мектепте оқып, білім алды. Ал марқұм апайы, облыстық «Дарын» орталығының директоры болған Жанар Есімханқызы кезінде біздің мектепке жіті көңіл бөліп, көп көмек көрсеткен болатын. Соның арқасында көптеген түлектеріміз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, білім шыңына өрледі.
Директор осының барлығын ортаға сала келе, өздеріне азды-көпті қаражат бөліп, жәрдем жасап жатқан бірқатар кәсіпкер, жанашыр азаматтар мен азаматшалардың есімдерін ілтипатпен атап өтті. Олардың қатарында Б.Жұрағатов, Қ.Қарсыбаев, Астана қаласындағы ауылдасымыз генерал М.Уәшпаев, Е.Аймұхамбетов, Патхан Дәулетхан, К.Әбілтаева, Ф.Тілеужанова, А.Мәселова, Алматыдағы профессор жерлесіміз Б.Момынова бар екен.
– Берілетін көмектің бас-аяғы бұл емес деген ойдамыз, – дейді Гүлнәр Сабырқызы. – Жәрдем жасайындарын айтып, уәде берген ауылдас, жерлестеріміз баршылық. Кабинеттің көктем туа ашылатынын есепке алар болсақ, ниет қылған жандардың қолұшын беріп үлгеретініне күмәніміз жоқ. «Жақсылық қылсаң – балаға қыл», – деген екен бұрынғылар, ендеше, бізге көмек көрсеткісі келетін адамдар болса, алдын ала алғыс айтамыз және шынайы жанашырлардың әркез жанымыздан табылатынына сеніміміз кәміл.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.