Қоғам

Жұқпалы туберкулезбен ауыратындар көшеде қыдырып жүр

Жұқпалы туберкулезбен ауыратындар көшеде қыдырып жүрМәселе

Өскеменнің көшелерінде туберкулез ауруының жұқпалы түрімен ауыратын адамдар емін-еркін қыдырып жүр. Жергілікті дәрігерлер осылай дейді. Ақ халаттылардың айтуынша, ауруларды іздеп тауып, диспансерге алып келу жұмыстарымен полиция айналысу керек, алайда тәртіп сақшыларының өз жұмыстары бастарынан асады.
Заң бойынша туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарды ғана еркінен тыс емдеуге болады екен. Мұндай науқастар көбінесе дәрігерлерден тығылып, стационарлардан қашып жүреді.

– Олардың дені алкоголизм мен нашақорлық ауруына шалдыққандар. Көбінесе түзету мекемелерінен шыққан адамдар бізге түсіп жатады. Мәселенің бәрі осы жерден шығады, – дейді облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері Асқар Зетов.

Бас дәрігердің айтуынша, жұқпалы туберкулезбен ауыратын науқастың тұрғылықты жері анықталса, диспансер қызметкерлері оны бірден тауып әкеледі. Негізгі мәселе – олардың нақты тұрғылықты жерлерінің болмауында. Пәтерден пәтерге көшіп, орын ауыстырғандарды немесе көшеде күнелтіп жүргендерді табу қиынға соғатын көрінеді.

– Біздің міндетіміз науқасты емдеп, құлан-таза айықтырып шығару. Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында ішкі істер органдарына көптеген өтініштерімізді айттық. Әзірге полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеу мүмкін болмай тұр. Өткен жылы облыстық ішкі істер департаментіне аурулардың аты жөні мен тұрғылықты мекендері көрсетілген 100-ден аса хат жібердік. Өкінішке орай, олардың 20 пайызы ғана нәтижелі болды. Басқасы әлі күнге туберкулездің жұқпалы түрімен көшелерде қыдырып жүр, – дейді Асқар Зетов.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button