Жоспарлы жұмыс жалғасын табады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев өңірдегі ірі кәсіпорындар жетекшілерімен, кәсіподақтар өкілдерімен және облыстық үш жақты комиссия өкілдерімен кездесу өткізді.
Жиын облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашевтың қатысуымен «ҮМЗ» АҚ базасында өтті. Мұнда негізінен еңбек және әлеуметтік мәселелер қарастырылды.
Қазіргі таңда аймақта 10,1 мыңнан астам белсенді кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, оларда 480,6 мыңнан астам адам еңбек етуде. Облыста орташа атаулы еңбекақы 159,2 мың теңгені құрайды.
Бердібек Сапарбаев кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерлердің басты міндеті еңбек тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін атап көрсетіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпауды ескертті. Ол үшін жалақыны уақытында төлеу, үнемі көтеріп тұру және еңбектің қауіпсіз жағдайын қалыптастыру қажет. Сонымен қатар өз жұмысшыларының аз қамтылған және көп балалы отбасыларына жан-жақты көмек көрсету керек.
Ерлан Аймұқашев атап өткендей, облыста бұл бағыттар бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
– Ұлт Көшбасшысы алдағы 10 жылдықтағы ел дамуының басымдық берілген бағыттарын нақтылап берді. Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындаудың аясында аймақтағы кәсіпорындардың төмен жалақы алатын жұмысшыларының жалақысын көтеру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деп атап өтті Ерлан Аймұқашев.
Ағымдағы жылы 158,4 мың жұмысшысы бар 31879 кәсіпорында жалақыны көтеру жүргізілген. Бұл ретте еңбекақы 53,4 пайызға көтерілген немесе 36,3 мың теңгеден 55,7 мың теңгеге артқан. Облыс бойынша тағы 39 290 кәсіпорында жалақыны көтеру жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы шаруалар жүйелі түрде жалғасын табады.
Министр өндірісті жаңғыртудың және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап көрсетті.
– Бұл өндірісті жаңғырту, цифрландыру, инновацияны және заманауи технологияларды енгізу секілді көптеген факторларға байланысты. Мұның барлығы қажет. Өткен жылы Нұрсұлтан Назарбаев төртінші өнеркәсіптік революцияны жариялады. Сондықтан жұмысшыларды тиімді, қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету керек, ал жазатайым оқиғалар санын барынша азайтқан жөн, – деді Бердібек Сапарбаев.
Министрдің айтуынша, бұған биыл жергілікті атқарушы органдармен бірлесе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастаған «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқаны нақты қолдау көрсетпек.
Бердібек Сапарбаев өңірдің жұмыс берушілерін аталған іске қосылуға шақырды. Сондай-ақ, ол әлеуметтік серіктестермен бірлесе жарақаттануды төмендету бойынша 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жол картасын әзірлеу басталғанын жеткізді.
Кездесу барысында жұмысшылардың әлеуметтік тұрғыда қорғалатын санатына қатысты жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Министр жұмыс берушілерге көпбалалы отбасыларға зерттеу жүргізуді, олардың тұрғын үй жағдайымен танысуды және қажет болған жағдайда оларға баспана алып беру немесе тұрғын ауданын кеңейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
– Аталған санаттағы жұмысшыларға қолдау қажет. Оларға икемді жұмыс кестесін қарастырып, материалдық көмек бөлген жөн. Балаларын балабақшаға орналастыруға көмектесіп, жазғы демалыс лагеріне жіберу қажет, – деп атап өтті жиын барысында министр.
Аталған бағыттағы жағымды істердің өңірде аз еместігі министрдің ризашылығын тудырды. Бұл ретте өзінің көп жылғы тәжірибесімен «Шалабай» ЖШС бас директоры Қуаныш Сүлейменов бөлісті. Ауыл шаруашылығымен айналысатын шағын шаруашылық өз жұмысшыларын қолдау мақсатында екі жылдың ішінде 26 баспана алған, оның жалпы сомасы 7 млн. теңге болатын алтауын қайтарымсыз негізде аз қамтылған отбасыларға тарту еткен.
– Мемлекет аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл – барлық кәсіпорын басшыларына үлгі. Жұмыс басталды, енді бұл бағыттағы шаруаны қарқынды жалғастыратын боламыз, – деді Ерлан Аймұқашев.
Жалпы алғанда өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Бердібек Сапарбаев басталған істі ары қарай жалғастыра беру керектігін жеткізді.
Әзірлеген – Дәурен Аллабергенұлы