Аймақтар аухалы

Жөндеу жұмыстары аяқталуға таяды

Риддер жылу-энергия орталығындағы жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Аймақ басшысы Даниал Ахметов жағдайды өзінің жеке бақылауында ұстап отыр.

Қазіргі уақытта орталықтың өте нашар жағдайда болған инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуда. Багерлі сорғы бөлмесін екі рет су басты, сорғылар апатты жағдайда болды. Қазір жағдай реттелді, енді жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалау маңызды.

– Өкінішке қарай, қазір тек төрт қазандық жұмыс істеп тұр. Олардың үшеуі – орташа және біреуі – жоғары қысымдағы қазандықтар. Екі қазандық агрегаты жөнделуде, №4 қазандықты реттеу жұмысы жүріп жатыр, 25 қарашада ол толық іске қосылады. №5 қазандық толық тексеріліп, қажетті құралдармен жабдықталды, ол жылыту жүйесіне 5 желтоқсанда қосылады, – деп мәлім етті облыс әкімі.

Атап өтерлігі, апатқа дейін станцияда тек 29 жұмысшы еңбек еткен, ал талап бойынша 75 жұмысшы қажет. Қазір жаңа еңбеккерлер жұмысқа қабылданып, штат толықтырылды. Сондай-ақ ЖЭО-да 130 адам тұрақты жұмыс істеуде, олардың арасында өскемендік мамандар да бар.

Барлық туындаған ақаулар тез арада жойылуда. Көмір жеткізу де жолға қойылған.

Станция басшылығы қазандықтарды жөндеуді тек 2023 жылдың ақпанында жүргізбекші болған, бұл күрделі мәселелер туындатар еді.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button