Қоғам

Жомарт жандар – көпке үлгі

Жомарт жандар – көпке үлгі


Облыс әкімдігінде өңіріміздің «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын алғандар мен облыстық «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау жеңімпаздарының ішінде іскер адамдар, шаруа қожалықтарының жетекшілері және тұтас кәсіпорындар да бар.

Облыстың Құрметті азаматтары болып биыл Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, Зырян ауданындағы «Средигорненский» ЖШС-нің директоры Петр Дяглев, экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы Юрий Кудинов және медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Рахыпбеков танылды.

«Жомарт жүрек» конкурсы қоғамдық сананы қайта жаңғыртуды көздейтін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілді. Әлеумет, білім, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт салаларына айтарлықтай үлес қосқан ең лайықты дегендер 10 аталым бойынша марапатталды.

«Жүректен-жүрекке» аталымының иегері – Үржар ауданындағы «Некрасовка және К» шаруа қожалығының басшысы Бақытбек Мұсабаев туған ауылының тұрғындары үшін нағыз жомарт жанға айналған. Ол үйі өртенген отбасыға қаржылай қолдау көрсетіп, өз қаражатына көпірлер мен арықтарды жөндеп шықты. Жомарт жүрек иесі ауылдағы жолдарды тұрақты түрде жарықтандырып, қардан тазалап тұрады, сондай-ақ кембағалдарға тегін ұн таратады.
Риддерлік жеке кәсіпкер Галина Гильдерман «Мектепке жол» акциясы аясында балаларға 1 миллион 754 мың теңгенің көмегін көрсетіп, «Жылдың қайырым жасаушысы» атанды.

«Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымын «Востокцветмет» ЖШС жеңіп алды. 2016 жылы кәсіпорын аудандық және қалалық ауруханаларға, облыстық ауруханаға құрал-жабдық алу үшін 311 миллион теңге аударған. Осы жылы Ана және бала орталығына демеушілік көмек көрсетті. Қазіргі кезде компания республикалық гематологиялық орталықтың құрылысын қаржыландырып жатыр.

– Сіздердің әрқайсыларыңыз – облыстың мақтанышы, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов марапаттау сәтінде. – Сіздердің игі істеріңіз – қалғандар үшін лайықты үлгі-өнеге. Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесі құтты болсын, бақытты болыңыздар!
«Жомарт жүрек» конкурсының қорытындысы бойынша «Камышинское» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Акулов және Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов «Туған өлкеме – менің жобам», «Элхон» ЖШС-нің директоры Лұқбек Тумашинов «Мәдеиент саласын дамытуға қосқан үлесі үшін», зайсандық жеке кәсіпкер Бақытгүл Баймұханбетова «Білім саласына қолдау көрсеткені үшін», семейлік «Тандем Трейд Компани» ЖШС-нің директоры Арман Мәшімов «Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымдарының жеңімпаздары атанды, ал «Бақыршық тау-кен игеру кәсіпорны» ЖШС «Жылдың әлеуметтік жауапты ұйымы» аталымын иеленді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button