Қоғам

Жомарт жүректі азамат

«Рухани жаңғыру»  бағдарламасының  «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында халықты, бизнес өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдарды, еріктілерді елін дамытуға ынталандыру және қайырымдылық идеяларын насихаттау мақсатында «Жомарт жүрек» жобасы басталған болатын.

Жуырда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған азаматтарға осы «Жомарт жүрек» сыйлығы «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Ерен ерлік», «Үздік ұйым» аталымдары бойынша берілді. Бұл республикалық байқаудың «Туған өлке» номинациясы бойынша жерлесіміз Серікбол Омаров жеңімпаз атанды. Осы ретте өңіріміздің атпал азаматы Серікбол Берікболұлының жұмысымен, алға қойған мақсатымен танысқан едік.

Секең 1983 жылы аудан орталығының іргесіндегі Жанай ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін Семей қаласына қоныс теуіп, өзі ұнатқан іспен айналыса бастайды.

Ол бидай мен майлы дақылдарды өңдеп, өнім шығарып, оны сырт елге өткізіп келеді. Алғашында шағын топпен бірлесіп атқарған жұмысы алға басып, бұл күндері біраз адамды жұмыспен қамтып отыр. Алыста жүрсе де жерлесіміз екі-үш жыл бұрын өз ауылындағы ескі мектеп ғимаратын жөндеп, қатымхана ашуға зор үлес қосты. Сонымен қатар ауылда балалар саябағын салуға қаржылай көмек көрсетіп, ол бақ 2018 жылы қолданысқа берілді.

Ауыл азаматтарының басын қосып, 2018 жылы заманға сай жабдықталған жаңа стадион ашып берді. Былтыр күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ауылға фельдшерлік-акушерлік пункт ашты. Оған бес миллион теңгеден астам қаржы жұмсады.

Серікбол ауыл мектебінің қарашадан сәуірге дейін суық болатынын айтады. Электр қуатымен жылынатын білім ошағының оқушылары сырт киімдерімен оқитындарына алаңдайтынын білдірді.

Жомарт жүректі кәсіп иесінің алдағы уақытқа межелеген істері көп-ақ. Қазіргі жұмысын жетілдіріп, халықаралық холдингке дейін дамытсам, әлі де біраз адамды жұмыспен  қамтысам дейді.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button