Қоғам

Сауықтырудың жаңа жолын тапты

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі түрлі бағытта жұмыс істейді. Бөлімде жұмыспен қамту және оралмандармен жұмыс, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту орталығы және үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелері бар.

Сауықтырудың жаңа жолын таптыБөлім жұмысын халық игілігі үшін оңтайландырып, бір орынға шоғырландыру мақсатында жыл басында сала мамандары жөндеуден өткен кең ғимаратқа көшті. Бұл орында халыққа қызмет көрсетуге бар жағдай жасалған. Алыс-жақын ауылдардан келген тұрғындар салаға қатысты жұмыстарын бір ғана орыннан шешу арқылы уақыттарын үнемдемек. Сол сияқты сала мамандарының бір орынға шоғырлануы аталмыш бөлім қызметкерлері үшін де тиімділігін көрсетіп отыр.

Үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде осы уақытқа дейін мүмкіндіктері шектеулі балаларды дамыту жұмысы арнайы бөлмелердің болмауынан кенже қалып келген болатын. Жалпы, аталмыш бөлімшеде бүгінгі таңда 168 жалғызілікті қарттар мен мүгедектер, 68 мүмкіндіктері шектеулі, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар, 91 психоневрологиялық патологиясы бар 18 жастан асқан жандар тіркеуде тұр. Арнайы бөлмелердің болмауынан тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды дамыту жұмысы тиісінше жүргізілмей келген болатын.

Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша 2012–2018 жылдарға арналған ұзақ мерзімді уақытқа әзірленген ұлттық жобаның алдағы екі жылға арналған міндеттері негізінде аудан әкімі Темірбек Қасымжановтың қолдауымен, мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған психологиялық релаксация (сенсорлық) бөлмесі жабдықталып, жақында өз жұмысын бастады. Яғни, көптен шешілмей келе жатқан түйін шешімін тауып, аталған бөлімшеде тіркелген жас өрендердің дамып, жетілуіне, сауығуына жол ашылды. Мұнда тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға және 18 жастан асқан психоневрологиялық патологиясы бар жандарға арналып бес түрлі құрылымнан тұратын функционалды тренажер, қол маторикасын дамытуға арналған тақта, құм-былау үстелі, қимыл маторикасын дамытатын сенсорлық жол, вестибюлярлық аппаратын дамыту үшін жұмсақ геометриялық пішіндер жинағы, күлкілі қисық айна, педагогикалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған бұрышпен жабдықталған. Ашылғанына санаулы ғана күн болғанына қарамастан 21 бала жаңа қондырғылармен шұғылданып, қимылдары мен ойларын дамытқан. Жаңа бөлмеде 7 әлеуметтік қызметкер арнаулы қызмет көрсетеді. Жаңа арнайы қондырғылармен қамтамасыз етілген бөлме тек осында тіркеуде тұрған жас жеткіншектердің денсаулығына ғана емес, әлеуметтік қызметкерлердің де балаларды дамытудағы жұмыстарына игі ықпалын тигізіп отыр.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеумет-тік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кәмшат Баубекованың айтуына сүйенсек, алдағы уақытта аудан әкімінің тікелей араласуымен аудан орталығында әлеуметтік қызмет көрсету үшін аумақтық орталық ашу жоспарланып отыр. Осы орын арқылы үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде тіркеуде тұрған барлық жалғызілікті қарттар мен мүгедектер, мүмкіндіктері шектеулі және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар, 18 жастан асқан психоневрологиялық патологиясы бар жандар толық қамтылып, аз қозғалмалы ойындар ойнау, денешынықтыру арқылы емдеу, жалғызілікті қарттар үшін көркемөнерпаздар үйірмесі және тағы да басқа бөлмелер ашылмақ.

М.Оспанбаев
Жарма ауданы

Осы айдарда

Back to top button