Жолшылар төтенше жағдайда қалдырмаудың қамын жасады

Облыс әкімі Даниал Ахметов Ресейдің «Росавтодор» федералды жол агенттігінің басшысы Роман Старовойт бастаған делегацияны қабылдады.
Екі жақты кездесуде ресейліктерді облыстың өнеркәсібімен, ауыл шаруашылығы саласымен таныстырып өткен облыс басшысы Ресей мен Қазақстан арасындағы әлеуметтік-экономикалық, достық байланыстар өңірлік, шекаралық ынтымақтастық аясында нығая бермек екенін жеткізді.
Ресей Федерациясымен біздің облыстың тауар айналымы бір млрд. доллар көлемін құрап отыр. Индустриялық-аграрлы облысымыз әлемдік нарықтан үлкен үлесін алып отырған берилий, тантал, титан өндірістерімен ерекшеленіп келеді. Келер жылдан бастап қытайлық құрал-жабдықтар қойылған кешенді зертхана іске қосылып, аймақтың ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай еліне экспорттауға төте жол ашылмақ.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығысқа келген ресейлік федералды жол агенттігі өкілдеріне экономиканың күре тамыры саналатын өңірлік автокөлік жолдарын дамытуға, жол сапасын арттыруға күшті бәсекелестік ортаның болуы айрықша ықпал ететінін, осы орайда ресейлік жолшылардың біздің аймақта жұмыс істеуіне кедергі жоқтығын, қолдау көрсетілетінін атап көрсетті. Еліміздің жол құрылысында жұмыс істеп жатқан Қытай, Италия, Түркия сияқты елдердің компанияларымен бірге Қазақстанға, өңірге инвестор болып келуге ресейлік компаниялардың да қабілет-қарымы жетерлік екені айтылды.
-Екі елдің жол саласын біріктірудің қажеттігі, өзектілігі әлдеқашан келіп жеткен болатын. Сіздердің осы салада байланыса жұмыс істеуге ниеттеніп отырғандарыңызға қуаныштымын, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов кездесуде. –Жолшылар, әріптестер бірігу қажеттігін ұғынуы керек.
Роман Старовойт өз сөзінде шығысқазақстандық әріптестерімен іскерлік байланыстар ғана емес, спорттық бағытта да достық қарым-қатынастар орнатқандарын атап өтті.
Ресейлік жолшылар Өскеменде қыста кездесетін жолдағы төтенше жағдайларда, табиғи апаттарда жедел іс-әрекет етудің оқу-жаттығу жиынын өткізді. Ресей федералды жол агенттігінің делегациясы былтыр Ақтөбе қаласында да болып, осындай оқу-жаттығу жиынын өткізген.
-Ішкі жолдардың, шекаралық аймақта жатқан жолдардың қысқы жағдайы жылдам қимылдап, шұғыл шешім қабылдауды қажет етеді. Бұл жолдарды боран алып қалып, жабылып қалатын кездері, табиғаттың тосын мінез көрсететін жағдайлары жиі орын алып келеді. Біздің оқу-жаттығу жиынын жүргізудегі мақсатымыз – осындай жағдайда екі жақтың бірлесе қимылдап, күш біріктіруіне, бір-бірімен байланыста болуына, төтенше жағдайды жою, техногенді апаттардың алдын алу шараларын бірлесе атқаруына мүмкіндіктер туғызу. Құтқару, жол тазалау жұмыстарында қолданылатын жаңа техникаларды, жаңа технологияларды осындағы әріптестерімізге көрсету,-деді Ресей федералды жол агенттігінің басшысы Роман Старовойт.
Ертең Қазақстан -Ресей жолшыларының оқу-жаттығу жиыны «Өскемен-Шемонайха-РФ шекарасы» автожолында жалғаспақ.
Кездесуде шығысқазақстандықтар тарапынан Риддерден Ресей шекарасына, Таулы Алтайға дейін салынған жолдың шекарадан әрі Ресейге қарай салынбай жатқаны тағы да айтылып, 15 жылдан бері шешілмей келе жатқан бұл жолдың жалғасын салу екі жақты қатынастың нығаюына ерекше ықпалын тигізетіндігі еске салынды.
Жанаргүл Мұқатай