Жолшылар үшін мазасыз маусым басталды

Ат құлағы көрінбес боранымен, тоқтаусыз жауатын қарымен, сақылдаған аязымен әуреге салмай қоймайтын Шығыста қысқы жол қатынасы алты ай бойы ауыздан түспейтін тақырып болып келе жатыр. Аймақтағы 3 186 шақырымның қарын күреп, тазалап, қысы-жазы күтіп ұстау міндеті жүктелген «ОблШығысЖол» ҚМК мекемесінің аудандардағы 10 өндірістік жол учаскелері қазіргі күні техникаларын түгендеп, сайлап, қысқы жағдайда жұмыс істеуге әзір отыр.
СЕМЕЙДІҢ КӨПІРІ ЖӨНДЕУ КҮТІП ТҰР
Облыс аумағындағы жолдарды күтіп ұстап, жөндеу үшін кәсіпорынға 2017 жылға 1 млрд. 900 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының шағын бөлігі Семейдегі Ертіс үстінен өтетін аспалы көпірдің күтіміне жұмсалып жатыр. Биыл ұзындығы 1086 метрге жететін Семейдегі көпірдің ағымдық жұмыстарына 110 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырылып, қарашаға дейін 61 млн. теңгесі игерілген. 2000 жылы салынып, пайдалануға берілген Семейдің көпірі былтырдан бастап осы «ОблШығысЖол» кәсіпорнының қарауына өтіп, тиісті техникалық тексеру жөндеу, шаралары қолға алынған. Қазір кетеуі кеткен көпірдің көзі ашылып, асфальтының шұрық тесіктері бітеліп, темір құрсаулардың тетіктері қалпына келтіріліп жатыр. Бұл көпірге асфальт төсеудің де елімізде жоқ өзіндік ерекшелігі бар. Кәсіпорын көпірді салу жобасының технологиясына сай осы нысанға арнап заманауи жылжымалы асфальт төсеу қондырғысын сатып алып, шұңқырларды сонымен жамаған.
– Семей көпірінің асфальт жабындысын толық ауыстыру керек. Көпірдің жөндеу көрмегеніне 18 жыл болды. Облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасына келер жылы Семей көпірінің асфальтын ауыстырып, жаңадан салуға ұсыныс беріп отырмыз. Қазір көпірдің үстіне бейнебақылау орнатып жатырмыз. Алдағы уақытта көпірді ағымдық күтіп ұстау, жөндеу жұмыстарын жалғастыра береміз, – дейді «ОблШығысЖол» ҚМК басшысы Айдар Мамиев.
Кәсіпорынның төрт асфальт-бетон зауыты, екі тас ұнтақтау қондырғылары аймақтағы жол жөндеу жұмыстарына кететін шығынды төмендетіп, пайдаланылатын өнімдердің өзіндік құнын түсіруге мүмкіндік беріп отыр. Семей, Аягөз қалалары мен Күршім, Ақжар ауылдарында орналасқан асфальт-бетон зауыттары көршілес аудандардағы жолдарды жөндеуге қажетті материалдарды жақын жерден жеткізіп, тасымал шығынын азайтуға септігін тигізіп келеді.
Жол шұңқырларын бітеуге пайдаланылатын материалдар өткен жылдың аяғында алдын-ала даярланып қойылғандығының нәтижесінде биыл «ОблШығысЖол»-дың жолшылары жол жөндеуді ерте көктемнен бастап, шілдеге дейін жоспарланған жөндеу жұмыстары аудандарда толық атқарылып біткен.
Жол кәсіпорны келер жылы Күршім-Ақсуат бағытындағы облыстық маңызы бар жолдың 23-25 шақырымы аралығындағы бөлігінің тағанын көтеріп, биіктетіп салуға облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасына ұсыныс жолдаған екен. Көктемде тасыған судан осы елді мекендер арасындағы көлік қатынасы тоқтап қалып, тұрғындар шарасыз күйге түскен болатын. Көктемгі тасқынға шыдас бермей, қар суы бұзып, шайып кеткен Барлық Арасан-Алакөл бағытындағы, Семей – Курчатов бағытындағы, Ақсуат – Бәкей – Қарасу – Ақжар – Омск – Майқапшағай бағыттарындағы жолдар қазіргі күні қалпына келтіріліп, құбырлары ауыстырылған.
-«ОблШығысЖол» ҚМК-да 438 адам еңбек етіп жатыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көзделген мақсат, мүдделерге жетуге біздің де қосып жатқан өзіндік үлесіміз бар деп білеміз, – дейді «ОблШығысЖол» ҚМК директоры Айдар Мамиев. – Биыл 14 млн. теңгеге Мұхтар Әуезов мұражайына апаратын кіреберіс жолдың 7945,4 шаршы метрін жөндедік, келер жылы әрі қарай жалғастырамыз. Аягөз – Қарауыл жолының 25-ші шақырымындағы бастау басын, Аюды, Шалқар көлдеріне кіреберістегі жолдарды абаттандырып, жөндедік. Күршім – Қалжыр – Ақбұлақ -Қараой – Ашалы бағытындағы жол бөлігіне жөндеу жүргіздік. Жол бойындағы шөптерді отау, жол белгілерін қою, көлік қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да шараларды жыл он екі ай атқарып отырамыз. Міне, қылышын сүйретіп қыс келді, бұл біздің жұмысымыздың нағыз қызатын кезі.

Кәсіпорынның бас механигі Берік Бейсембаевтың айтуынша, қыста Өскемен – Өміш асуы – Самар, Өскемен – Северное, Өскемен – Күршім – Егіндібұлақ бағыттарындағы, Бородулиха өңіріндегі, басқа да аймақтардағы жолдарда көлік қатынасы күрделене түседі. Жолшылар қыста өңірдегі жолдарды күн сайын қардан тазалап, көлік қатынасының тоқтамауын қамтамасыз етіп келеді. Бас механиктің айтуынша, олар қар тазалау, жол аршу жұмыстарын жол көрінбей кететін, қар тазалаушы көліктің өзі жүруге мүмкін болмай қалатын жағдайларда ғана тоқтатады.
ТЕХНИКА ТАПШЫЛЫҒЫНАН «ЖЕДЕЛ ҚИМЫЛ ТОБЫ» ҚҰТҚАРАДЫ
3000 шақырымның бойында көлік қатынасын тоқтатпас үшін мекеменің он өңіріндегі өндірістік жол учаскелерінің техникалық күші күні-түні өз қызметтеріне даяр тұруы тиіс. Облыстық маңыздағы жолдың көп бөлігі Күршім (496 ш), Бородулиха (384 ш) аудандарында, Өскемен, (397 ш), Семей (394 ш) қалалары мен Ақжар өңірі (292 ш ) аумағында жатыр.
«ОблШығысЖол»-дың Ақжар ауылындағы №8 ӨЖУ қар тиеуші көлігінің жүргізушісі Мейрамбек Рысбеков Өскеменге машинасының қосалқы бөлшектерін тексертіп, жөндетіп алу үшін алып келген беті екен. Шаруасы бітіп, ауылға қайтуға жиналуда. Мекеменің механиктері жылдағы әдеттерінше боран-шашын басталмай тұрып, барлық өңірлердегі техниканың жағдайын осылай тағы бір тексеріп, ақауларын анықтап алады екен. «ОблШығысЖол»-дың Өскемендегі бірнеше жөндеу шеберханалары бұзылған техниканы бір-екі күннің ішінде қатарға қосып, жан-жақтағы өндірістік учаскелердің техникасын қажетті бөлшектермен қамтамасыз етіп келеді. Себебі, алты ай бойы қармен алысатын техникалардың сынып қалатын кездері аз емес. Техника тапшылығы және бар. Қазіргі күні «ОблШығысЖол» ҚМК қажетті техникамен 57 пайыз көлемінде ғана қамтамасыз етіліп отыр. Ол шеті мен бұл шеті құс қанаты талатындай байтақты алып жатқан облыстың қысқы, жазғы жолына жауапты мекеме техника тапшылығы мәселесін кәсіпорын ішіндегі «Жедел қимыл тобы»-ның көмегімен шешіп келеді. Өскемендегі базада тұрған жол талғамайтын алып күш иелері: «Шантуй» бульдозерлері, автогрейдерлер, тағы басқа мамандандырылған қар тазалаушы техникалар түрі «Маз», «Урал» көліктеріне тиеліп үш-төрт сағаттың ішінде діттеген жерге жеткізіледі.
Кәсіпорын жыл сайын аудандардағы шаруа қожалықтарының, мекемелердің иелерімен де қысқы жолды аршып, тазалауға орай келісім-шарт жасасып келеді. Қар қалың жауып, техника жетпей жатқан жағдайда жол тазалауға аудандардағы жекеменшіктің техникалары да жұмылдырылады.
Жекеменшік дегеннен шығады, елімізде бюджеттік кәсіпорындардың экономикалық тиімділігін арттыруға орай қолға алынып отырған іс-шараларға сай «ОблШығысЖол» мемлекеттік кәсіпорны алдағы уақытта жекешелендіріліп, жекеменшіктің қолына өтуі мүмкін.
Жанаргүл Мұқатай