Жолшылар қытымыр қысқа дайын ба?
Ынтымақ Толқын
Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдар қытымыр қысқа толық дайын. Биыл бұл жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстауға 160 арнайы техника жұмылдырылмақ.
Жаз шықса шырайы кіретін шығыс өлкесінің қысы да ерекше. Ауа райының күрт өзгеруі, ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран мен сақылдаған сары аяз біздің өңірдің табиғатына тән. Ал осындай күн райында тау-жотаны бөктерлеп, сай-саланы құлдилап, орман-тоғайды көктей өтіп жол жүру қиынның қиыны. Ендеше қылышын сүйретіп келіп қалған кәрі құданы қарсы алуға облыстың жолшылары қаншалықты дайын? Біз осы сұрақтың жауабын іздеп көрдік.
Республикалық және халықаралық маңызы бар трассалардың операторы «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ өңіріміздегі барлық жол қыс мезгіліне сақадай сай екенін мәлім етті. Жолдарды биыл қыста күтіп ұстау үшін ұлттық компания облыс аумағында жұмыс істейтін 160 мамандандырылған арнайы техника дайындап отыр. Сонымен қатар тағы да 65 техниканы жалға алған. Қара күзде және ерте көктемде жиі болатын көктайғақта жолға себуге 1500 текше метр қиыршық тас үгіндісі, 7400 текше метр құм және 980 тонна техникалық тұз әзірленген. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 2782 метр болатын стационарлық қар ұстайтын қоршаулар орнатылып, 5004 дана қарға қарсы ағаш қалқан тұрғызылған.
– Алдағы қысқа барлық техниканы толық дайындап қойдық. Қыстың қандай боларын нақты болжай алмаймыз ғой. Сол себепті барлық жағдайды ескере отырып дайындық жасадық. Біздің учаскеге қарасты көктайғақ болатын жолдардың бойына 60-тан астам жол белгісін орнаттық. Десе де жолаушылардан сақтық шараларын естен шығармауды сұраймыз. Жылдамдықты шамадан тыс асырмай, көлікпен жүргенде тиісті ара қашықтықты сақтаған жөн, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның №30 бөлімшесінің басшысы Дастан Тоқтыбаев.
№30 учаскенің қарамағында 21 қысқы техника мен 80-нен астам жұмысшы бар. Бұл бөлімше өздеріне қарасты аумақты бақылауда ұстап отыр. Қыс басталғанда ауа райын үзбей қадағалап, қарлы аймақтарды тәулік бойы бақылауда ұстау – осы мекеменің мойнындағы міндет. Сол сияқты қыстыгүні жолаушылар жолда қалған жағдайда оларды арнай дайындалған жылыту орындарына жеткізу жағы да ойластырылған.
Өскемен-Рахман қайнары бағытындағы тас жол – ерекше назарда болатын трасса. Өйткені осы өңірдегі ауа райы жиі-жиі құбылып тұратындықтан және жол таулы аймақта орналасқандықтан келеңсіз оқиғалар жиі болады. Бұл бағытта жолға құм себу жұмыстары қазірдің өзінде басталып кеткен.
– Өскемен мен Алтай арасына жиі қатынаймын. Құдайға шүкір, жолда қалып көрмедім. Жолшылардың еңбегі ғой, рахмет. Қыс мезгілі басталысымен қызу жұмысқа кіріседі. Қашан көрсең техникалары жолды тазалап, құм сеуіп жүреді. Еңбек осы кісілердікі. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді жолаушы Мирас Акетбаев.
Дайындық қаншалықты жақсы болғанымен келер қыстың қандай болары белгісіз. Облыста жалпы ұзындығы 125 шақырым болатын 142 қар қалың түсетін аймақ бар. Өткен жылдың өзінде бұл аймақтарда жолдар 40 рет жабылып, 60-тан астам дауылды ескерту жарияланған. Алайда ескертуге құлақ аспай сапарға шығып, жолда қалып қоятын жүргізушілер де бар. Ресми дерекке сүйенсек, былтыр 729 автокөлік қар құрсауынан құтқарылып, оның 400-ден астамын жолшылар арнайы тұрақтарға апарған. Сонымен қатар жолда қалған 2 мыңнан астам адам жылыту бөлімшелеріне жеткізілген.
Айта кетелік, облыс бойынша мұндай 11 жылыту учаскесі жұмыс істейді. Қиын жағдайға тап болған жолаушылар үшін уақытша пана болатын бекеттер бір мезгілде 30-дан 100 адамға дейін қабылдай алады. Алдағы қысқа бекеттер тас-түйін дайын.