Жолнұсқа туристерге жол нұсқайды
Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының жанынан құрылған туристік ақпараттық орталық аймақ тұрғындары мен сырттан келген қонақтарға арнап қысқы жолнұсқа дайындап шығарды. Онда шаңғы кешендері, қысқы демалыс базалары, мұз айдындар мен қысқы спорт жарақтарын жалға беретін орындар туралы құнды ақпараттар жинақталған.
Кітапша бірнеше бөлімнен тұрады. Әр бөлімде туристік нысандардың қыс мезгілінде қандай қызметтер көрсететіні жайында, жұмыс режимі, қызметтердің бағасы, қону және тамақтану ақысы туралы ақпараттар берілген.
Сондай-ақ, жолнұсқаға облыстың көрнекіленген картасы да енгізіліпті. Онда әрбір туристік нысанның қайда орналасқаны, оған қалай жетуге болатыны айқын көрсетілген.
Жолнұсқаға облыс аумағындағы жеті таушаңғы кешені енген. Бұл бөлім белсенді демалысты ұнататын жандарға таптырмайтын ақпарат көзі десе де болады. Өйткені әр кешендегі шаңғы жолдарының түрлері мен ұзындығы, қиындық деңгейі туралы ақпарат бар.
Келесі бөлімге өңірдегі ең ірі деген тоғыз мұз айдыны еніпті. Бұл бөлімде сырғанау алаңдарының қай қалаларда орын тепкені, қызмет көрсететін уақыты мен спорттық жарақтарды жалға беру шарты туралы мәліметтер көрсетілген. Қыс маусымында қызмет көрсететін демалыс базалары туралы бөлімге 12 кешен кіргізілген.
Жолнұсқаның ең соңғы бөлімінде барлық нысандарға апаратын жолдардың ашық немесе жабықтығы жөнінде нақты ақпарат беретін орындардың байланыс телефондары берілген. Сондай-ақ, бұл бөлімде күтпеген жағдайға тап болған жағдайда қайда хабарласуға болатыны да бейнелеген.
– Бұл кітапшаларды кез келген адам тегін алады. Қазірдің өзінде Өскемен әуежайында, «Император» және «Альшемали» сауда үйлерінде жолнұсқа кітапшалармен жабдықталған арнайы сөрелер орнатылды. Алдағы уақытта барлық автобекеттер мен қонақүйлерде аталмыш кітапшалар тегін таратылатын болады. Қысқы спорт жарақтарын жалға беретін орындардың барлығына да осындай сөрелер орнаттық. Мұның бәрі өңірдегі қысқы туризмді дамыту үшін жасалып отыр, – дейді туристік ақпараттық орталық басшысы Тимур Кожубеков.
Есжан Ботақара