Қоғам

Жолды күтіп ұстаудың еуропалық тәсілін қолданамыз

Жолды күтіп ұстаудың еуропалық тәсілін қолданамыз


Шығыс Қазақстанда автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінетін қаражат мөлшері жылдан-жылға артуда. Мәселен, биыл былтырғымен салыстырғанда қаржыландыру мөлшері бір жарым есеге ұлғайған. Осының арқасында облыста жалпы қашықтығы 460 шақырымдай түрлі деңгейдегі жолдар жөнделген. Аталмыш бағыттағы жұмыстардың тиімділігін одан сайын арттыру мақсатында аймақта жол активтерін басқару жүйесін енгізу жоспарлануда.

Уақыт пен қаражаттың үнемдейді

Мамандардың мәлімдеуінше, еліміздің бірқатар өңірінде жолдардың сапасын тексеру жұмыстары әлі де кеңестік заманның әдістері бойынша, яғни қарапайым сызғыштармен және өзге де өлшеу құралдарымен жүргізіліп келеді. Соның кесірінен көп жағдайда қаражат бөлуде және жұмыстарды сапалы орындауда қателіктер кетіп жатады. Аталмыш олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бүгінде Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары өңір-өңірді аралап, жергілікті билік өкілдері мен құрылысшыларға жолдардың жағдайын айна-қатесіз анықтауға мүмкіндік беретін жылжымалы зертханаларды таныстырып жүр.

Жақында осындай топтың бірі Өскеменге келді. Алматылық мамандар облыс орталығында ұйымдастырылған семинарға қатысып, жол құрылысы саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Топты бастап келген «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Азамат Жайсанбаев облыста алдағы уақытта жол сапасын зерттеу мақсатында жылжымалы автозертханалар пайда болуы мүмкін екенін айтты.

– Жолдардың сапасын зерттеу – оңай шаруа емес. Бұл – асқан дәлдікті қажет ететін жұмыс. Сол себепті біз бұрынғы әдіс-тәсілдерден бас тартып, заманауи технологияларға бет бұруды жөн көрдік. Біраз уақыт бұрын даниялық «Dynatest» компаниясының көпфункциялы техникасын сатып алдық. Аталмыш техниканың көмегімен жолдардың, көпірлердің жағдайын жан-жақты талдап қана қоймай, олардың паспортын да әзірлеуге болады. Бұл өз кезегінде уақыт пен қаражатты үнемдейді, – деген А.Жайсанбаев техниканың қалай жұмыс істейтінін де түсіндірді. – Біздің мамандар арнайы құралдармен жабдықталған автокөлікке мініп, қажетті жолдармен жүріп өтеді. Артынша, жиналған мәлімет өңделіп, жол активтерін басқару жүйесі (ЖАБЖ) деп аталатын дерекқорға түседі. Осыдан кейін тіркеуге алынған жолдардың жағдайы мұқият зерделенеді. Жаңа аппаратура белгілі бір жолдың келесі жөндеу жұмыстарын қай жылдары жүргізу керектігіне дейін айтып береді. Жүйе он жылға дейін болжам жасай алады.

Маманның айтуынша, бүгінде мұндай электронды базаның игілігін Еуропаның көптеген елі көріп отыр. Алайда географиялық және климаттық ерекшеліктерге байланысты біздің республика аумағында олардың көбін қолданысқа енгізу мүмкін болмай тұр. «Керек десеңіз, біздегі өңірлердің әрқайсысына бөлек жүйе, өзгеше әдіс қажет. Себебі әр облыстағы географиялық жағдай мен ауа райы басқа», дейді мамандар.

Болашақ электронды жүйенің тағы бір артықшылығы, халықпен кері байланыстың орнатылуында. Яғни, кез келген адам белгілі бір жолдың сапасына қатысты сын-ескертпе айтып, құзырлы органдарға шағымдана алады. Мәселен, қалааралық трассаның бір бөлігіндегі ойық-шұңқырларды байқаған жолаушы оны фотоға түсіріп, орталықтандырылған жүйеге жіберу мүмкіндігіне ие болмақ.

Жолды күтіп ұстаудың еуропалық тәсілін қолданамыз

Семей – Қайнар тасжолы тозып тұр

Семинар барысында алматылық делегация осыдан біраз бұрын «ҚазжолҒЗИ» мамандары Инвестиция және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетімен бірлесіп Шығыстағы кейбір республикалық жолдардың сапасын талдағанын мәлімдеді. Бұл тізімге Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз, Семей – Ресей шекарасы, Семей – Қайнар, Өскемен – Риддер – РФ шекарасы, Өскемен – Шемонайха – РФ шекарасы, Өскемен – Зырян – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары және Өскемен – Таврия – Семей бағыттарындағы жалпы қашықтығы 1 900 шақырым жол кірген-ді.

– Зерттеу қорытындысына келер болсақ, мамандар Шығыс Қазақстанда тексерілген екі мың шақырым жолдың 700 шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді деген шешімге келді. Тағы 267 шақырымы орташа жөндеуден өтуі тиіс. Жалпы алғанда, шамамен 1 300 шақырым жол қалпына келтірілуі қажет. Әсіресе Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз және Семей – Қайнар жолдарының сапасы сын көтермейді. Кеңестік заманда салынған бұл трассалардың кей жерлерінде жол жабындысының қалыңдығы 16-19 сантиметрді ғана құрайды. Қазіргі заманғы стандартпен (60-65 сантиметр) салыстырсақ, бұл – өте төмен көрсеткіш, – дейді А.Жайсанбаев.

Айта кетейік, аталмыш зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Семей мен Қайнарды жалғаған тасжолдың 69 пайызы, Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз бағытындағы тас жолдың 57 пайызы, Өскемен – Риддер – РФ шекарасы трассасының 52 пайызы нашар деп танылған.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button