Жолдаудың басым бағыттары дағдарысты еңсеруді көздейді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының басты бағыттарын насихаттау аясында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келді. Алдымен Риддер қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын орындау мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара ДҮЙСЕНОВАНЫҢ қатысуымен «Шығыс Қазақстан – отбасының демографиялық дамуына және өмір сүруіне қолайлы аймақ» атты форум өтті.
Шығысқа оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тартылады
Аталмыш шаһарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты, яғни тұрғын үй беру және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бағыты бойынша 27 отбасы қоныс аударған. Оның ішінде білім беру саласында жөнінен 8 адам, денсаулық сақтау саласында бір адам, жеке кәсіпкерлікке 8 адам, әкім аппаратына екі адам жұмысқа орналасты. Осы жылы Риддерде бағдарлама бойынша екі көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілмек.
Мәртебелі меймандар ең алдымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында салынған Островский көшесінің бойындағы №34 үйдің қолданысқа берілу салтанатына қатысты. 60 пәтерлі бұл тұрғын үй еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген мамандар мен жергілікті жетім балаларға берілді. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы облыстарынан қоныс аударған отандастарымыздың бәрі осы қаладан жұмыс тауып, балаларын шағын орталықтар мен балабақшаларға орналастырыпты.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ұстанып отырған басты саясаты – барша қазақстандықтардың әл-ауқатын, тұрмысын жақсарту екенін жақсы білесіздер. Қазір бүкіл дүние жүзінде қаржы дағдарысы жүріп жатыр, десек те, еліміз өзінің әлеуметтік бағдарламаларын орындап келеді. Риддерде ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, оңтүстік өңірлерден келген отбасыларға үй беріліп жатыр. Бұл – табиғаты тамылжыған ерекше өлке. Мен мұнда қоныс аударып отырған азаматтардың осы өңірде тірлік құрып кетулеріне тілектеспін. Енді тек қажырлы еңбек етулеріңіз керек, ол үшін барлық жағдай жасалып отыр мемлекет тарапынан, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
Пәтер кілтін алған маңғыстаулық Гүлмира Құдайбергенова қалалық ауруханаға медбике болып орналасыпты, жалпы бұл шағын шаһар білікті медициналық қызметкерлерге аса зәру. Гүлмира таулы өңірде орын тепкен Риддердің өзіне ұнағанын, баспанамен, еңбекпен қамтылып отырғанын, енді жолдасына да жұмыс табылатынына сенімді екенін қуана жеткізіп, осы бағдарламаны қолға алған ел Үкіметіне, облыс, қала басшылығына алғысын білдірді.
Бұдан соң құрметті қонақтар жаңадан салынған бес қабатты үйдің пәтерлерін аралап, онда қоныстанып жатқан тұрғындардың хал-жағдайларына қанықты. Соңғы отыз жылдың көлемінде кеншілер шаһарында жаңадан көпқабатты үйлердің бой көтермегенін ескерсек, бұл Риддер үшін үлкен оқиға болды.
Осыдан соң үкіметтік делегация Риддер аграрлық-техникалық колледжіне барып, онда облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алып жатқан, жұмыс күші артық өңірлерден келген студенттермен кездесті. Колледж фойесінде С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Радиотехника және байланыс колледжі, Геодезия және картография колледжі, Электр-техникалық колледж сынды білім ошақтарында іске асырылып жатқан «Серпін-2050» бағдарламасының барысымен танысты.
Жиынды ашқан аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ оңтүстік облыстардан келген 300-дей жастың облысымыздың Семей мен Риддер қалаларындағы оқу орындарында білім алып жүргенін айтып, аталмыш бағдарлама – өңірдегі кадр тапшылығы мәселесін шешудің бірден-бір жолы екенін атап өтті.
Үкімет басшысының орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ «Серпін-2050» бағдарламасы шеңберінде мамандар жетіспей жатқан өңірлерде оқуға бір мың бала жөнелтілгенін мәлім етті. Олар Білім және ғылым министрлігінің арнайы грантын алған. Негізінен оңтүстік өңірлерде мектеп бітірген ол жастар Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында білім алуда.
– Сіздер ең алдымен өздеріңіз үшін, ел үшін білім алып, еңбек етулеріңіз керек, мемлекет ұсынып отырған осы мүмкіндікті толығымен пайдаланған жөн, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да бүгінде 185 студент осы бағдарлама бойынша оқып жүр. Облысымыздың өндірістік кәсіпорындары көп аймақ екенін ескерсек, олардың мұнда жұмыс тауып, өз орындарын тауып кетерлері айдан анық. Студенттердің бірі – Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы Мақсұт Сейіткамалов өзінің көпбалалы отбасынан шыққанын, қазір Риддер аграрлық-техникалық колледжінде металлург мамандығы бойынша білім алып жатқанын айтты.
– Маған мұнда жатақханадан бөлме берілді, колледж асханасынан тегін тамақтанамын. Оқу орнында спорт секциялары мен үйірмелер бар. Мен «Серпін» бағдарламасы туралы ғаламтордан оқып-білдім. Енді өзім оқыған мектептегі басқа балалармен хабарласып, осындай бағдарламаның бар екенін айтып, соған қатысуға шақырып жүрмін. Оңтүстік облыстарға баратын үгіт-насихат топтарының жұмысына біз де қатыссақ екен деймін, өйткені, бізден естісе жастар иланады, – деп ойын білдірді ол. Бердібек САПАРБАЕВ ұсынысты қабыл алып, тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді.
Жиынға қатысқан «Қазцинк» ЖШС-нің вице-президенті Андрей Лазарев аталған колледжбен көп жылдан бері жұмыс істеп келетіндерін айтып, жақсы оқыған талапты жастарға жұмыс та, мансап та ұсынылып отырғанын жеткізді.
– Мен жастарды осы бағдарламаға қатысуға шақырамын. Білім аламын деп ниеттенген мектеп түлектеріне барлық жағдай жасалады, енді тек кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүйелі жалғастыру қажет. Біз ең керекті деген мамандарды дайындауға тиіспіз, сонда олар жұмыссыз қалмайды, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
Келесі кезекте «Шығыс Қазақстан – отбасының демографиялық дамуына және өмір сүруіне қолайлы аймақ» атты форум өз жұмысын бастады. Форум басталмас бұрын Мәдениет сарайының залында үкіметтік делегация өкілдеріне «Өрлеу» шартты ақшалай көмек жобасы, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында 2014-2017 жылдарға арналған отбасын әлеуметтік және демографиялық дамытудың кешенді жоспары таныстырылды.
Форум жұмысын ашқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бұл келелі басқосудың Шығыс Қазақстанда, оның ішінде Риддер қаласында тектен-тек өткізіліп отырмағанын атап көрсетті. Біріншіден, бұл – экономикасы бір кәсіпорынның жұмысына негізделген моноқала, екіншіден, Риддерде жұмысшы мамандықтар жетіспейді. Сондықтан, шаһарға мамандар қажет, олар еліміздің жұмыс күші көп шоғырланған оңтүстік өңірлерінен тартылмақ.
– Қазіргідей дағдарыс кезеңінде жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуымыз керек. Өңірлер арасындағы теңгерімсіздікке жол беруге болмайды. Бүгінгі таңда Риддерге 700 маман жетпейді. Бұл жиынға осындай мәселелері бар Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары әкімдерінің орынбасарлары да қатысып отыр, – деді Бердібек САПАРБАЕВ. – Қаржылық қиындықтарға қарамастан, мемлекет барлық тұрғындар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді. Елбасы Жолдауы алдымен дағдарыстың алдын алуды, әсіресе, жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді. Бағдарламалық құжатта айтылған міндеттерге сәйкес елімізде таяу келешекте 400 мың жұмыс орны ашылады. Ол үшін Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлініп отыр.
Жиында сөйлеген Тамара ДҮЙСЕНОВА Үкімет өңірлердегі мамандарға деген тапшылыққа талдамалы болжам жүргізгенін атап өтті.
– Экономикалық дағдарыс салдарынан егер еліміздің жалпы ішкі өнімі күрт төмендесе, 100 мыңнан астам адамның жұмыссыз қалу қаупі бар. Негізінен өндірістік өңірлерде. Осының алдын алу үшін Үкімет бірнеше жоба-бағдарламаларды әзірлеп отыр. Басты мақсатымыз – жұмыссыздар санын көбейтпеу, оған мемлекеттің күші жетеді, – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов биыл Шығыс Қазақстаннан 28 мың адамның көшкенін алға тартты, әсіресе, білікті мамандар кеткен. 23 мың бала дүниеге келіп, өлім 9 пайызға кемігенмен, облыс халқының саны азайып барады. Жағдайды оңалту үшін жергілікті билік төртінші баланы дүниеге әкелген аналарға бір реттік 50 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлеуде.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Айдархановтың айтуынша, тұрғыны көп бұл облыстан өзге өңірлерге көшуге ниет білдірушілер де аз емес.
Облысымыздың Тарбағатай, Ұлан және Көкпекті аудандарына оңтүстік өңірлерден көшіп келген 70 шақты отбасы бар. Дені бау-бақша өсірумен шұғылданады. Тарбағатай ауданының халқы 70 мыңнан 43 мыңға дейін кеміп кеткен. 28 мың гектар суармалы жері бар ауданда еңбек ресурстары жетіспей жатыр. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев өздеріне 40 отбасы қоныстанғанын айтып, 300 отбасының көшіп келуге әзір отырғанын жеткізді.
Шаруа Қожақұл Ділдәбек осыдан үш жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысынан Ұлан ауданының Айыртау ауылына көшіп келген-ді. Жиынға қатысқан ол несие алып, 80 гектар жерге көкөніс салғанын, биыл сол жерден 200 тонна картоп, 150 тонна сәбіз және 100 тонна орамжапырақ алғанын айтты. Енді Өскемен қаласындағы «Дина» базарынан қойма жалдап, өнімдерін шаһар халқына сатуда. «20 жұмысшым бар, 9 адам бірігіп несие серіктестігін құрдық. Алдағы жылы жылыжай ашуды жоспарлап отырмын», – деді ол.
– Жұмыс күші жетіспейтін солтүстіктегі және орталық пен шығыстағы өңірлердің демографиялық мәселесін сауатты көш-қон саясатын жүргізу арқылы ұтымды шешуге болады. Бұл бағытта елімізде ауқымды жұмыстар басталып та кетті. Соның айқын көрінісі – Шығыс Қазақстан облысында қолға алынып отырған шаралар. Оңтүстік өңірлерде жұмыс таба алмай жүрген азаматтар мұнда келіп, еңбекпен қамтылуда, баспана алуда, жастар осы жақтың оқу орындарында сұранысы мол мамандықтарды меңгеріп, жұмысқа орналасады, түптеп келгенде осы жұмыстардың бәрі елдегі жұмыссыздық мәселесін, депрессивті өңірлер мәселесін шешеді. Өздеріңіз куә болғандай, Шығыс Қазақстан ниет білдірген азаматтарды қабылдауға әзір, олар үшін мұнда барлық жағдайлар жасалған, тек ерінбей еңбек ету керек. Мен барлық оңтүстік облыстардан келіп отырған өкілдерді өз өңілерінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге үндеймін, – деп түйіндеді жиынды Премьер-Министрдің орынбасары.
Форумнан соң жергілікті жұмыс беруші кәсіпорындар мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қоныс аударғандар арасында еңбек шарттарына қол қою рәсімі болды.
Мұндай спорт кластері елімізде жоқ
Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВПЕН және Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеновамен бірге Өскемен қаласында пайдалануға берілген спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың тұсаукесеріне қатысты.

Мұнда спортта болашағынан үміт күттіретін 7-11 сыныптардың 350-ге жуық оқушысы білім алады, олардың 200-і осы жердегі интернатта тұратын болады. Аталмыш мектеп-интернатта жалпы білім беру пәндеріне арналған сыныптармен қатар, тренажерлық залдар, нұсқаушылар мен жаттықтырушылар кабинеттері, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері, асхана мен медициналық пункт, спорттық жабдықтарды сақтайтын қоймалар бар. Жалпы құны 1,5 миллиард теңгеден асатын еңселі білім және спорт ордасының артықшылықтарын бір қарағаннан-ақ көруге болады. Оны аймағымыздағы спорт ардагерлері мен белгілі спортшылар да айтып отыр. Мәселен, мектеп-интернаттың ашылуына қатысқан даңқты жеңіл атлетшіміз, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мұндай спорттық нысанда оқып, жаттыққанның өзі ғанибет екенін ерекше атап өтті.
Иә, Жібек маталар комбинатына барар жолдың бойында орналасқан жаңа ғимаратқа қарасаң, көзің тояды. Балалар мектеп-интернатпен ғана шектеліп қоймай, қажет болса, дәл қасында тұрған Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежіне, Орталық бассейн мен Жекпе-жек сарайына да бара алады. Жас спортшыларға мұндай жағдай еліміздің басқа еш қаласында жасалмапты. Аталмыш пікірді мамандар аузынан естідік. Олардың айтуынша, қазір дәл осындай спорт қалашығы бүкіл ТМД елдерін алып қарасақ, қысқы Олимпиада ойындарын өткізген Сочи қаласында ғана бар екен. Ал Қазақстанда мұндай спорттық кластер мүлдем жоқтың қасы.
Осы орайда, аталмыш мектеп-интернаттың салынуына демеушілік жасаған «KAZ Minerals» тобының қолдауын ерекше атап өткен орынды. Бұл топ спорт нысанының құрылысына 800 миллион теңге көлеміндегі қаражат бөліпті. Бұл туралы «KAZ Minerals» тобының еншілес компаниясы «Шығыстүстімет» ЖШС-нің басқарма төрағасы Ильсур Даутов мәлім етті.
– Біздің мемлекет әлеуметтік сала нысандарын, оның ішінде әсіресе, спорттық ғимараттарды, стадиондар мен манеждерді, бассейндер мен корттарды салуға ерекше көңіл бөліп келеді. Қандай қиын кезде де, біз спортшыларымызға қолдауды аяған емеспіз. Себебі, олар еліміздің атын әлемге танытып, байрақты бәсекелерде Әнұранымызды шырқатып жүр. Бүгін есігін ашқан жаңа мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері де Ольга Рыпакова сияқты апайлары мен ағаларының ісін жалғастырып, талай додаларда жеңіс тұғырынан көрінеді деп үміттенеміз. Мұнда балақайлармен жұмысты білікті бапкерлер мен нұсқаушылар жүргізбек. Енді оқушылар оқу мен спортты қатар алып жүрсе болғаны. Барлықтарыңызды осындай тамаша мектеп-интернаттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын, – деген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ спорт нысанын уақтылы салып бітірген мердігер компания «Элхон» ЖШС-нің басшылығы мен жұмысшыларына айрықша алғысын айтты.
Бұдан кейін ел Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ пен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бастаған меймандар мектеп-интернаттың кабинеттері мен спорт залдарын аралап көрді
Онкологиялық ауруларды емдеу дәстүрі Семейден бастау алады
Осы күні түстен кейін Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ бастаған үкіметтік делегация облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге Семейге барып, қаладағы бірқатар медицина мекемелерінің жұмысымен танысты.
Астаналық қонақтар тоқтаған алғашқы нысан №3 жекеменшік консультативтік-диагностикалық емхана болды. Өткен жылдың тамыз айында іске қосылған бұл клиника бір ауысымда 400-ге тарта адамға медициналық қызмет көрсетуде. Олардың ішінде атап айтсақ, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек, профильді мамандармен ересектерге және балаларға арналған арнайы көмек, диагностикалық қызметтер. Мұнда қазір штат бойынша жалпы саны 140 адам істейді, оның 35-і дәрігерлік құрам болса, 70-і мейірбикелер.
– Бұл емхананы іске қосу жобасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып, бүгінде біз 52 мыңнан астам тұрғынға дәрігерлік көмек көрсетіп отырмыз. Жобаға жалпы сомасы 468 миллион теңге жеке инвестиция салынса, инфрақұрылым тартуға мемлекет қазынасынан 19 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні біздің мекемеде адамдарға ең қажетті медициналық қызметтердің барлығы көрсетіледі, – дейді консультативтік-диагностикалық емхананың директоры Руслан Еңсебаев.

Жұмыс сапары барысында делегация Семей қаласындағы өңірлік онкологиялық диспансерде, туберкулезге қарсы балалар ауруханасында болды. Биылғы қыркүйекте қолданысқа берілген жобалық құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын туберкулезге қарсы балалар ауруханасына қажетті қаражатты Сауд Арабиясы Корольдігі грант ретінде облыс әкімдігімен 2011 жылы жасалған меморандум аясында бөлген-ді. Елімізде әзірге жалғыз медициналық мекеменің Шығыста салынуына тікелей ықпал еткен сол кездегі аймақ басшысы, қазіргі вице-премьер Бердібек САПАРБАЕВҚА облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ алғысын білдіріп, бұл нысанның болашақта ел игілігіне жұмыс істейтінін жеткізді.
– Семейдегі денсаулық сақтау нысандарының біразын аралап көрдік. Әсіресе, мұнда туберкулезге қарсы балалар ауруханасы мен онкологиялық диспансердің болашағы зор екеніне көз жеткіздік. Мәселен, балалар ауруханасында келешекте тек емдеумен ғана шектелмей, сондай-ақ, оңалту жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік бар. Ал енді онкологиялық орталыққа келсек, бұл – радионуклидті емдеу тәсілін қолданатын еліміздегі жалғыз медициналық мекеме. Осы ретте айта кетуіміз керек, онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтап, емдеу дәстүрі Семейде қолға алынып, бүкіл республикаға тәжірибесі таратылатын болады, – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА.
Үкіметтік делегацияның жұмыс сапарының нүктесі Семей мемлекеттік медицина университетінде қойылды. Іргелі оқу орнында өткен алқалы жиында «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі бағыттары, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру мәселелері, медициналық туризмді дамыту, сондай-ақ, Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау аясында радиологиялық медицина холдингін құру мәселелері талқыланды.
– Біздің Шығыс Қазақстанға келгендегі мақсатымыз бірінші кезекте Президент тапсырмаларының орындалу барысына көз жеткізіп, алда тұрған негізгі жоспар-міндеттерді айқындау. Елбасы өзінің жаңа Жолдауында әлем экономикалық дағдарыстың қарсаңында тұрғанын еске салып, одан шығуға көмектесетін бірқатар маңызды мәселелерге тоқталған. Дегенмен қандай жағдай болмасын Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын төмендетпеуді, тұрғындар алдындағы жәрдемақы, зейнетақы, еңбекақы сияқты тиісті төлемдердің дер кезінде төленуін қадағалап тапсырды. Бүгінде оның бәрі толық орындалуда, – деген вице-премьер Бердібек САПАРБАЕВ Жолдауда қамтылған жеті бағыт инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал ететінін еске салды.
Келелі жиында сонымен бірге Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА, Білім және ғылым министрінің орынбасары Есенғазы Иманғалиев сөз тізгінін алып, Жолдау жүктеген міндеттер туралы айтып берді.
Өз кезегінде Тамара ДҮЙСЕНОВА «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы кезеңі алдағы жылы аяқталып, ары қарай II кезеңі басталатынын айтты. Бұл бағдарлама денсаулық сақтау саласының дамуына үлкен серпін бергенін айта кету керек. Мәселен, ресми дерекке сүйенсек, 2010 жылы республика бойынша аталмыш салаға 600 млрд. теңге қаражат бөлінсе, биыл бұл 900 млрд. теңгеге жеткен. Ал біздің облыста кейінгі екі-үш жылда бұл бағытта қаржыландыру көлемі 11 пайызға өскен. Өкінішке қарай, сәбилер өлімінің көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары күйінде сақталуда. Одан бөлек жүрек-қантамыр, онкологиялық аурулардың салдарынан, жол-көлік апаттарынан көз жұмып жатқан адамдардың саны азаймай тұр.
Жиынға қатысушылар назарына тұщымды ақпараттар ұсынған вице-министр Есенғазы Иманғалиев бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту, апаттық және үш ауысымда оқитын мектептерді жою, орта білім беретін мекемелерде 12 жылдық жүйеге көшу сынды Жолдауда көрсетілген өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, біздің облыс 99 пайыздық көрсеткішпен балақайларды балабақшамен қамту бойынша республикада көш бастап тұр.
Жиынды қорытындылай келе вице-премьер Бердібек САПАРБАЕВ: –Семей қаласының жағдайы Президенттің назарынан ешқашан тыс қалған емес. Соған сәйкес мемлекет тарапынан тиісті қолдау-көмек көрсетілуде. Мәселен, кейінгі бес жылда Семейге 40 млрд. теңге қаражат бөлінді. Қаланың жылуына ғана жыл сайын қыруар ақша бөлінуде. Осының бәрін Елбасының семейліктерге деген қамқорлығы, қолдау-көмегі деп ұғыңыздар, – деді.
Ержан Әбіш, Нұржан Кенжеұлы, Серік Әбілхан