Жолдаудағы жеті бағыт экономикамыздың дамуын жеделдетеді
Кеше Өскемендегі «Алтай» технопаркінде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жүзеге асыру мәселелерін талқылаған идеологиялық активтің жиыны өтті.
Бәсекеге қабілетті болғың келсе, күш біріктір
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Жолдаудың өңір дамуындағы маңызын айта келе, стратегиялық құжатта көрсетілген жеті негізгі бағыт бойынша қандай шаралар атқарылуы тиіс екендігін жеке атап шықты. Әуелі ол түсті металға деген сұраныстың төмендеуі, санкциялық қақтығыстардың салқыны облыс экономикасына да өз әсерін тигізетінін ескерте келе, Шығыс Қазақстанның көлік логистикасын дамытудағы әлеуетін тарқатып айтты.
– Облыс аумағында жалпы ұзындығы 12 мың шақырым автокөлік жолы болса, соның 25 пайызының сапасы сын көтермейді. Аудан және қала әкімдері жергілікті көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту кезінде осы мәселеге баса назар аударуы керек. Тағы бір өзекті мәселе – жергілікті жол құрылыс компанияларының бәсекеге қабілетіне байланысты. Біздің аумақта «Астана-Өскемен», «Алматы-Өскемен» бағытында автожолдар салынады. Осы құрылыстар кезінде жергілікті компаниялар өзге өңірлерден конкурсқа қатысушылардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Бұл істі қадағалап, ұйымдастыруды орынбасарым Ерлан Текешов пен барлық әкімдерге тапсырамын. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін күш біріктіру қажет, – деді облыс әкімі.
Келер жылдан бастап көліктерді жанармайдан газға көшіру бойынша да үлкен шаруалар атқарылатынын жеткізген облыс басшысы бұл өзгеріске халықты ынталандырудың құқықтық-нормативтік тетіктерін ойластыру керектігін атап көрсетті. Ал әуе қатынасын жақсарту мақсатында алдағы бес жылдың ішінде Үлкен Нарын ауылында әуежай салынып, Өскемен, Семей, Зайсан қалалары мен Үржар ауылындағы әуежайларды қайта жарақтау жұмыстары жүргізілмек.
Сүт өндірісін дамытудың «Жол картасы» жүзеге асады
Ал индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы ірі бизнес нысандары мен шағын және орта бизнес өкілдерінің арасалмағын қайта қарау қажет. «Қазмырыш», «Қазақмыс» сынды алпауыттардың өндірісін кеңейтуге бағытталған жобаның бәрін үдемелі даму бағдарламасына телігеннен гөрі, шағын және орта бизнес өкілдеріне мүмкіндік берудің маңызы зор екені де айтылды. Алғашқы бесжылдықта қолға алынған 61 жоба 685 млрд. теңге инвестияция тартып, оның 41-і бүгінде іске қосылған. Соның арқасында сегіз мың жұмыс орны ашылып отыр. Дегенмен, 61 жобаның тек 29 пайызы жобалық қуатының 50 пайызынан асып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен аудан, қала әкімдеріне үш айдың ішінде облыстағы минералды шикізат қоры мен оны игеру ұсыныстарын зерделеп, әзірлеу тапсырылды. Ол үшін ғылыми институттарды жұмысқа белсенді араластыру қажет. Құрылыс индустриясын дамытуда құрылыс материалдарын даярлайтын өндіріс ошақтарына қолдау көрсетілуі тиіс. Бүгінгі қарқынды бәсеңдетпес үшін жергілікті әкімдер жаңа ұсыныстар беруі қажет. Бір жылда 120 млрд. теңгенің құрылыс-жинақтау жұмыстары жасалғанымен, түсетін салықтың басым бөлігі жергілікті бюджетке қосылмайтыны да назардан тыс қалмады.
Агро-өнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 2014 жылы облыс бойынша 152 жоба қарастырылып, соның 108-і іске асқан. Соған қарамастан ауылшаруашылық өнімдерінің импорты азаймай тұр. «Агробизнес-2020» бағдарламасын тиімді пайдаланып отырған шаруашылық құрылымдарының санаулы екеніне алаңдаушылық білдірген аймақ басшысы жергілікті әкімдердің шаруаларға көмек қолын созуға құлықсыздығын сынға алып, сүт өндірісін дамытудың «Жол картасын» дайындауды ұсынды.
– Мемлекет қазір тауарлы-сүт фермасын ашсаңыз, құрылыс шығындарының 20 пайызын, жаңа техника алсаңыз, 50 пайызын өтеп беруге дайын. Бірақ шаруалардың бұл көмекті пайдалануға деген ұмтылысы ойдағыдай деуге келмейтіні аудандарға жасаған сапарларда анық байқалды. Аудан әкімдеріне шаруалардың неге бұл іске құлықсыз екенін анықтау керек. Қазір ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген қаржыны игеру мақсатында әкімдер өз тарапынан бастама көтеруде өте сылбыр қимылдап отыр. Қайта шаруа қожалық жетекшілері бастамалар көтеріп, әрекеттер жасауда. Олар болмаса, жағдай мүлде басқаша өрбуші еді. Шаруалардың ойындағы жобасын жүзеге асыру үшін кейде білімдері, кейде өзге де мүмкіндіктері жетпей жатады. Сондықтан жергілікті билік өз мамандарын кеңесші ретінде жіберіп, құжат даярлау барысында да көмек көрсету тиіс, – деді облыс басшысы.
Туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша да атқарылар шаруа шаш етектен. Соның ең маңыздысы – қызмет көрсету сапасы мен баға сәйкессіздігі. Өлкенің туристік әлеуетін толық пайдалану үшін қолда бар шеберлік жоспарды жетілдіре түскен жөн. Үржар ауданының әкімдігіне Алакөлдің жағасын бекемдеу ісіне жеке кәсіпкерлік нысандарын тарту жүктелді. Облыстың туристік келбетін танымал етуде Катонқарағай ауданына басымдық берілуі тиіс.
Энергия тапшылығы еңсеріледі
Жолдауда энергетикалық инфрақұрылымды дамытуда Шығыс Қазақстанның бір жарым млрд. кВт\\сағ энергия тапшылығын жою үшін Екібастұздан желі тарту керектігі айтылған. Облыс әкімі өңірдегі эенргетикалық инфрақұрылымдарды сол өзгерістерге дайындау шаралары бүгіннен басталу керектігін атап көрсетті.
-Мәселен, Семейдегі №1 жылу электр орталығында замануаи қондырғылар қойылғанымен, олардың өзінде жуықта болатын энергетикалық өзгерістер ескерілмеген, – деген аймақ басшысы облыстың гидроэнергетикалық әлеуетін әлі де терең зерттеу керектігін ескертті.
Жолдаудағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту бойынша көрсетілген міндеттер де көптеген мәселелердің түйінін тарқатпақ. Қазіргі таңда облыстағы жылу желілерінің 15 пайызы, сумен қамтамасыз ету жүйесінің 41 пайызы, су шығару желілерінің 33 пайызы, электр желілерінің 62 пайызы жөндеуді талап етеді. Бұл іске халықаралық даму институттарынан инвестиция тарту міндеті жүктелді.
Жолдаудың бесінші бағытын іске асыруға облыста толық мүмкіндік бар. Соңғы үш жылда облыста 998 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Мұндағы жалдамалы баспананың үлесі – сегіз пайыз. Кезектегілердің саны 18 мың адамды құрап отыр. Облыс басшысы аудан және қала әкімдеріне жалдамалы баспана салу мен мамандар тапшылығын шешу мәселесін бірге қарауды ұсынды. Бұл ретте Риддер қаласының «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында баспанамен қамту жобасын, Чили, Перу сынды елдердің мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында әлеуметтік тұрғын үйлер салу бастамасын үлгіге алуға болады. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесі біздің өңір үшін таңсық емес. Биылдың өзінде облыс бойынша 40 апаттық мектеп жаңаланып, 29 денсаулық сақтау мекемесі, сегіз балабақша, үш әлеуметтік қамсыздандыру ғимараты салынғаны – соның дәлелі. Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін арттыру да – Жолдау талабынан туындап отырған міндеттердің бірі. Жапония, Сингапур сынды дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40-60 пайызды құраса, бізде тек 17 пайызға жеткен. Ал жалпыұлттық Мәңгілік ел идеясын нығайту мақсатында келер жылы тойланатын Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 170 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы сынды мерекелерді өз деңгейінде атап өту керек.
Жиында жарыссөзге шыққандар Президент Жолдауының өз саласына қандай әсері болатыны жөнінде ойымен бөлісіп, ұсыныстар көтерді. Мәселен, «Катонқарағай бұғы паркі» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Тоқтаровтың өңірдің тупистік келбетін қалыптастыруда сауықтыру орындарына қолдау көрсету, өнеркәсіп кәсіпорындарының жанынан пантымен емдеу орталықтарын ашу идеясы көпшілік қолдауына ие болды. Н.Тоқтаровтың айтуынша, Үлкен Нарын ауылына әуежай салу жобасы Катонқарағайға ағылатын туристердің санын бірнеше есеге арттырмақ.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Жолдауда көрсетілген нақты міндеттер жалпыға ортақ екенін айта келе, барлық тапсырмалар мерізімінен кешікпей орындалу керектігін атап көрсетті.
Есімжан Нақтыбайұлы