Жолдаудағы міндет-мақсаттар толық жүзеге асырылады

Кеше Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен облысымызға келіп, аймақ басшысы Даниал Ахметовпен бірге бірқатар кәсіпорындарды, әлеуметтік мекемелерді аралады. Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған негізгі міндеттерді түсіндіру мақсатында Семей және Өскеменде активпен және жұртшылықпен кездесулер өткізді.
Халықаралық деңгейге шығамыз
Астанадан келген мәртебелі меймандардың өңірімізге сапары Семейден басталды. Үкімет басшысы алдымен қаланың әуежайына ат басын тіреп, ондағы ұшып-қону жолағы мен аэровокзалды заманауи үлгіде қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесімен танысты. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің баяндауынша, әуежайды жаңғырту рейстер мен жолаушылар санын ұлғайтуға, сондай-ақ ұшу кезіндегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға жол ашады.
2016 жылы желтоқсанда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында басталған әуежайды қалпына келтіру жұмыстары биыл аяқталады. Жобаны іске асыру ұшу-қону жолағын, жер үстімен жүру жолдарын және перронды, сондай-ақ аэровокзал ғимаратын жөндеуді қамтыды. Ұшу-қону жолағына қатысты жұмыстар толық аяқталған: бүгінгі таңда аталған жолақ облысаралық және облысішілік әуе кемелерін қабылдап, жөнелтеді. Биылғы 2 қыркүйектен бастап ұшу-қону жолағы «Өскемен-Семей-Үржар», «Семей-Алматы», «Семей-Астана» бағыттарында «Ан-24» үлгісіндегі ұшақтарды қабылдайды. Аэровокзалға қатысты жалпы жұмыстардың бүгінде 93 пайызы аяқталған.
Жаңғырту қорытындысы бойынша әуежай «В» санатындағы халықаралық әуежайларға арналған ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) талаптарына сай болады. Ал бұл 300 жолаушыға дейін тасымалдай алатын «Boeing», «Airbus», «ИЛ-76» сынды әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, тәулігіне 25-30 рейске, сағатына 200 адамға дейін қызмет көрсетуге жол ашылады. Жолаушылар терминалының ғимараты қауіпсіз пайдалану талаптарына жауап беретін болады, ал ол жолаушыларға қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартады.
– «Scat», «Qazaq air», «Bek air», «Air Astana» секілді отандық авиакомпанияларды тартумен қатар, Ресейге, Түркияға, Мысырға, Біріккен Араб Әмірліктеріне халықаралық рейстер ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Аэровокзалда халықаралық және ішкі әуе қатынастарының жекелеген залдары пайда болады, заманауи тексеру жабдығы орнатылады. Жалпы, кешенде 250-ден астам адамға жұмыс орны ашылады, – деп баяндады облысы әкімінің орынбасары Серік Ақтанов.
Жаңа нарыққа түрен салмақ
Бұдан кейін облыс әкімі Даниал Ахметов Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевты «Daewoo bus Kazakhstan» ЖШС және «СемАЗ» ЖШС кәсіпорындарының қазіргі тыныс-тіршілігінмен таныстырды.
– Былтыр 3 млрд. теңгеге 136 автобус шығарған болатынбыз. Биылғы қаңтар-тамыз айларында 2,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімін, яғни «Daewoo» маркалы 82 автобус шығардық. Бұл өткен жылғы деңгейден 7,9 пайызға жоғары нәтиже, – деп атап өтті «Daewoo bus Kazakhstan» ЖШС және «СемАЗ» ЖШС кәсіпорындарының бас директоры Әсемхан Досқұжанов.
Жалпы, бұл кәсіпорынның қызметі бәсекеге қабілетті өнімдер шығарып қана қоймай, оны экспорттауға да бағытталған. Бүгінгі таңда аталмыш зауытта құрастырылатын қалаішілік және қалааралық автобустарға отандық сатып алушылардан бөлек, ТМД және Кедендік одақ елдерінің тұтынушылары тарапынан да сұраныс жоғары. Сондай-ақ аталған зауыт биылдан бастап қалааралық жолаушылар тасымалына арналған «Газель NEXT» автокөлігін шығаруды қолға алып отыр. Зауыттың жылдық қуаты 1200 автобус екенін ескерсек, компания басшылығы алдында жаңа нарыққа шығу жолдарын қарастыру мәселесі тұр.
Кәсіпорын басшысы Әсемхан Досқұжановтың айтуынша, «СемАЗ» серіктестігі «Беларус» тракторлары мен жүк көліктерін шығаруға маманданған. Осы жылдың сегіз айында серіктестік 4,2 млрд. теңгенің өнімін шығарыпты. Атап айтсақ, 170 «Беларус» тракторы мен 186 жүк көлігі, оның ішінде 74-і «SHACMAN», 30-ы «Foton», 82-сі «Урал» маркалы техника. Болашақта компания басшылығы өндіретін өнімдерінің түрлерін көбейтуді көздеп отыр.
Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылады
Өңірдің денсаулық сақтау сапасын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев облыс әкімімен бірге Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасына барды.
Аурухананы аралау кезінде Бақытжан Сағынтаев медициналық қызметтерді ұсыну сапасын бағалады. Ота жасау бөліміне, сондай-ақ ауруларды қабылдайтын бөлімге барды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, мұнда жаңа Triaqe жүйесі енгізілген. Бұл жаңашылдық медициналық көмек көрсету мерзімін жылдамдатуға бағытталған. Ауруларды қабылдау бөлімінде көпдеңгейлі жүйе енгізілген, яғни оның түсіне байланысты дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер науқастардың ауруының асқыну дәрежесін көре алады. Бұл бірінші кезекте жедел көмекті қажет ететін науқастарға қажетті медициналық көмекті көрсетуге мүмкіндік береді. Заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған аурухана биылғы сегіз айда тоғыз мыңға жуық науқасқа қызмет көрсеткен екен.

Премьер-Министрге мұнда өңірде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы және 2017–2019 жылдарға арналған облыстың денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырудың кешенді жоспарының іске асырылуы туралы айтылды. Атап айтқанда, облыста денсаулық сақтау саласын цифрландыру, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және жекеменшік қызмет көрсету секторын дамыту, сонымен қатар, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында қойылған міндеттерді орындау жоспары туралы баяндалды.
Вырезка
Қазір облыстың мемлекеттік медициналық мекемелерінде төрт мыңнан астам дәрігер мен 11,5 мыңға жуық орта медициналық қызметкер бар. Өңірді білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында медициналық жоғары оқу орындарының түлектеріне әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, ауылдық жерге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау жасалады. Мысалы, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 40 маманға бір реттік көтерме ақы және 12 дәрігерге тұрғын үй алу үшін жеңілдікпен несие берілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында дәрігерлер Өскеменде баспанамен қамтылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов науқастарға жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету үшін облыста роботтандырылған хирургия орталығы, трансплантология орталығы, инсульт орталығы жұмыс істейтінін айтты. Бұдан өзге, нейрохирургия және гематология саласындағы жобаларды іске асыру көзделген. Ал 2019 жылдың соңына қарай облыстағы барлық медициналық ұйымдар әлемдік деңгейдегі заманауи медициналық жабдықтармен жарақталатын болады.
Қарағайлыдан үй алғысы келетіндер көп
Семейдегі сапары аясында Үкімет басшысы Қарағайлы шағын ауданына аялдады. Мұнда Премьер-Министр құрылыс қарқынына қанығып, жаңа ауданның жоспарымен танысты.
Қарағайлы шағын ауданының жалпы көлемі 203, 0 гектарды құрайды. Жоспарға сәйкес, тұрғын үй қоры 787, 7 мың шаршы метрден асуы тиіс. Бұл дегеніміз 25 мыңнан астам қалалықтың басапанамен қамтылатынын білдіреді. Рас, осы жерден үй алуға асыққан халықтың қарасы қалың. Мәселен ауданда жалпы көлемі 29, 8 мың шаршы метр болатын сегіз көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қолға алынды. Шамамен 500-ге тарта пәтер кілті табысталады деп көзделуде. Оған республикалық бюджеттен және облыстық қазынадан қомақты қаржы бөлінді. Бүгінде «Бәйтерек Девелопмент» АҚ және «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның тұрғын үй бағдарламасы арқылы алғашқы тұрғызылған көпқабатты баспаналар қолданысқа беруге дайын. Бұған қоса «Фирма «Азия» ЖШС Қарағайлыда 72 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысын бітіріпті. Оны да тапсыру сәті алыс емес. Сонымен қатар серіктестік 108 пәтерлі және тағыда 72 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастаған екен. Оларды келер жылы табыстамақ ниетте. Бұдан басқа аймақ басшысы Даниал Ахметов Премьер-Министрге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қолға алынған жұмыстар туралы айтып берді.
– Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысына дайындық жұмыстары әзірленуде. Бұл ретте кезекте 23 мың адам тұрғанын атап өту керек. Осыған орай төрт үлкен аудан таңдалып отыр. Ақсай және Ұшақтар елді мекендерінде инфрақұрылым жүйелері реттелуге жақын. Көріп тұрғаныңыздай, алты түрлі жоба дайын. Өзіңіз тапсырған бірыңғай үлгідегі жобаларымыз бар. Бір шаршы метрдің құны – 120 мың теңге. Сұраныс бар. Бұл шаһарда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 39 мың адам кезекте тұр. Олардың ішінде 2400 адамда жинақ қоры 20%-дан асады, – деп атап өтті Даниал Ахметов.

Осы ретте Үкімет басшысы тұрғын үй құрылысын ілгерілетуде, оның ішінде «7-20-25» бағдарламасын нәтижелі іске асыру үшін коммерциялық баспаналар көптеп салыну керектігін айтты. Бұл бір жағынан халықтың таңдау құқығына жол ашса, екіншіден, сапаның артуына сеп болмақ.
– Кезекте 39 мыңдай адам тұр. Коммерциялық үйлер бой көтерсе, аталған резиденттер «7-20-25» бағдарламасында пайдалану мүмкіндігіне ие болады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бағдарламасына енгендер жетерлік. Алайда, қарапайым адамдар аз. Осыған қарап өмір сапасының төмен екендігін аңғаруға болады. Жұмыс істеу қажет, – деп нақтылады Премьер-Министр.
Сонымен қоса Бақытжан Сағынтаев алдағы уақытта қаланың көркіне айналатын «Абай-Арена» мәдени-спорттық кешенінің құрылысын бағамдап, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде бой көтерген 320 орындық жаңа балабақшада және Абай музейінде болды.
«Қызылдың» тұсауын кесті
Шығыс Қазақстан өңіріндегі жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Жарма ауданындағы Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында болып, биыл іске қосылған фабриканың жұмысымен танысты.
Айта кетейік, аталмыш фабрика бүгінде еліміздегі алтын өндірумен айналысатын ең ірі кәсіпорындардың бірінен саналады. Кен орнын игеруге 2014 жылы Ресейдің «Полиметалл» компаниясы инвестор ретінде тартылған. Төрт жыл ішінде Бақыршықтың алтынын игеру жобасы әзірленіп, кәсіпорын цехтары мен жұмысшылар қалашығы бой көтерді.
Өндіріс орнының директоры Юрий Овчинниковтың айтуынша, Бақыршық кені құрылымы жөнінен аса күрделі түзілім саналады. Бүгінде мұнда жылына екі миллион тонна кен игеруге мүмкіндік беретін тау-кен байыту кешенінің құрылысын жүргізу жобасы жүзеге асырылуда.
Биыл жазда іске қосылған кәсіпорында қыркүйек айында алғашқы концентраттағы алтын алынған. Фабрикада бүгінге дейін 300 мыңнан астам тонна кен өңделіп, одан алынған құрамында алтыны бар концентраттың мөлшері 13 мың тоннаға дейін жеткен.
Мамандардың айтуынша, қазылған кеннің 20 тоннасынан шамамен 7,7 грамм алтын өңделеді деген болжам бар. Қазір мұндағы таза алтынның қоры 280 тоннаға бағаланып отыр.
Бастапқыда кәсіпорын толық қуатына 2019 жылы енеді деп жоспарланған. Алайда қазірдің өзінде фабрика бұл межеге жетіп қойды деуге болады. Болжам бойынша Бақыршықта жылына он тонна алтын өндірілмек. Тағы бір айта кетер жайт, алғашқы он жылда кен ашық әдіспен өндірілсе, екінші кезеңде 20 жылдан астам уақыт бойы шахталық тәсілмен игеріледі екен.
Қазір кәсіпорында 1 100 адам еңбек етуде. Оның шамамен 40 пайызы – Әуезов кенті мен іргедегі ауылдардың тұрғындары. Компания төрт жылда жергілікті бюджетке 4,5 миллиард теңгеден астам салық түсірген.
Сонымен қатар Үкімет басшысы бұл күні кәсіпорында салтанатты жағдайда іске қосылған «Қызыл» атты жаңа жобаның тұсаукесеріне қатысып, өндірілген өнімнің алғашқы тоннасына өз бағасын берді. Аталған жоба болашақта алтын мен өзге де қазба байлықтарын барлау, өндіру, өңдеу, тасымалдау және саудалау жұмыстарын кешенді жүргізуге мүмкіндік береді. Жобаға тартылған жалпы инвестиция көлемі шамамен 103 миллиард теңге.
Басым бағыттарды баяндады
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Семей қаласының активімен қиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, Елбасы Жолдауы туралы кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау саласын дамыту, қол жетімді баспана жайы да әңгіме арқауына айналды. Премъер-Министр мемлекеттік «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Денсаулық» бағдарламаларының маңыздылығына тоқталды.
– Елбасының Жолдауы еліміздің әл-ауқатын арттыруға арналып отыр,-деді Бақытжан Сағынтаев жиын барысында,- бұл бағытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және Білім және ғылым министрліктеріне жүктелген шаруа көп. ҚР Еңбек және әлеуеттік қорғау министрлігі жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін бір жарым есеге өсіруі тиіс. Ал әкімдер мемлекеттік бағдарлама бойынша көптеп тұрғын үйлер салуы қажет. Білім беретін педагог мамандардың мәртебесі жоғары болуы керек. Біз қазір Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен бірге мектеп психологы мамандығының мәртебесін көтеруді, олардың жалақысы туралы мәселені қарастырып жатырмыз. Сол сияқты мектеп қажет жерлерге білім ордаларын салып беруіміз қажет.

-2019 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы деңгейі көтеріледі, осыған орай біз заңнамаларға өзгерістер енгіземіз,-деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова ,- келер жылдан бюджеттік 275 мың адамның жалақысы көтеріледі. 1-4-інші разрядты жұмысшылар, тәрбиеші, фельдшер сияқты төмен жалақы алатын, сол сияқты техникалық қызметкерлер, архивариустердің төменгі жалақылары өседі.
-Әрбір адамның өмір сүру деңгейі оның айлығына байланысты,-деді Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев. Әрбір кәсіпорын өзі пайда тапқан соң, ұжымының жағдайын жақсарту керек. Біз бүгін автобус шығаратын кәсіпкерлермен кездескен кезде жұмысшыларының төмен жалақы алатындарын байқадық. Мен олардан Елбасы Жолдауы туралы сұрап едім, барлығы қолдайтындықтарын айтты. Біз кәсіпкерлерге банк арқылы несие алып, жұмыстарын жақсартуға мүмкіндік туғыздық. Олай болса, әрбір өндіріс орны өз ұжымына жағдай жасауы керек.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке білім саласындағы атқарылып жатқан іс-шараларға және педагог мәртебесін көтеру мәселесіне тоқталды.
-Білім беру – күрделі сала,-деді Үкімет басшысы. Қазір 3-6 жастағы балаларды бақшамен қамтамасыз еттік. Енді ата аналар 1 жастан бастап бөбекжай ашылса дейді. Бала күтіміне кісі жалдауға көбінің жағдайы жоқ. Оның үстіне бөбекжай, балабақшаларда баланың дамуы ерекше болады. Жаңа біз балабақшаға кіріп шықтық. Балалар үш тілде амандасады. Елбасы айтқандай, алдағы бес жылда білім мен денсаулық саласына аса мән беруіміз керек. Біздің заманымызда мектеп директоры совхоз директорымен бірдей деңгейде болды. Міне, педагог мәртебесі дегеніміз осы. Әрбір мұғалім өз деңгейін, мәртебесін көрсетуі керек.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Денсаулық» бағдарламасы мен Шығыс Қазақстан облысының 2017-2019 жылғы кешенді бағдарламасы туралы айтып өтті. Мәселен, алдағы уақытта электронды құжат іске қосылады. Облыстың денсаулық сақтау бағдарламасы цифрландырылу жүйесіне көшеді.
ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбеков, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының директоры басшысы Абылай Мырзахметов те Жолдаудың басым бағыттарына тоқталды.
Түлектердің 40 пайызы колледждерді таңдаған
Облысымызға іссапармен келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Өскемендегі №46 орта мектепте болып, білім беру саласындағы маңызды жобалармен танысты.
Премьер-Министрге аталмыш мектеп базасында \”Менің мектебім\” акциясының нәтижелері таныстырылды. Осы акция аясында өңірдегі ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер \”Парыз\” қорына 2,8 млрд. теңге аударған болатын. Сол қаражатқа 277 мектептің физика, химия, биология, IT технология кабинеттері Назарбаев зияткерлік мектебінің стандартына сай жабдықталған. Бұдан бөлек, аталмыш қаржы есебінен 600 мұғалім кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алған.
Өңірдегі білім беру саласына тың серпін берген акция 2021 жылға дейін жалғаспақ. Екінші кезеңде демеушілердің қаржысына 492 мектепті 1068 актив панельмен қамту көзделген.
-Сенсорлы экранмен жабдықталған бұл панельдер – оқушының ақпаратты тез меңгеруіне таптырмайтын құрал. Бұрын қандай да бір тәжірибені іс жүзінде жасау қажет болса, қазір актив панельдің көмегімен соның бәрін экранда көрсетуге болады. Мұғалім тақтаға бормен кесте сызып, қаламмен жазып әуре болмайды, – дейді мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаева.
Мектеп оқушылары биылғы оқу жылында ғана қолданысқа берілген пән кабинеттерін қаншалықты жылдам меңгергендерін іс жүзінде көрсетті. Заманға сай жабдықталған пән кабинеттерін аралаған Бақытжан Сағынтаев жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
-Облыс әкімінің айтуынша, еліміз бойынша ашылған IT- сыныптардың 90 пайызы Шығыста екен. Сенсорлы панельде кез келген зертханалық жұмысты электорнды түрде жасайтындай жағдай бар. Бұл әрі қолайлы, әрі тиімді, – деді Премьер Министр.
Үкімет басшысының назарына білім беру саласында жүзеге асып жатқан өңірлік бағдарламалар да ұсынылды. Түлектердің өзге мемлекетке ағылуын тоқтату үшін жыл сайын облыс бюджетінен оқу гранттары бөлінуде. Биыл ондай гранттар саны 446-ға жетіп отыр. Осы қадамдардың арқасында сыртқа кеткен түлектердің саны екі жылда 1800-ден 636-ға азайған.
Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, Шығыста үш ауысымдық мектептер мен апаттық жағдайдағы білім ошақтарының мәселесі шешілер күн де алыс емес.
-2017 жылы облыс бойынша бес мектеп берілсе, 2018-2019 жылдары 10 млрд. теңгеге алты мектеп салынуы тиіс. Осының арқасында қараша айының өзінде үш ауысыммен білім беретін және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі күн тәртібінен түседі, -деді Әсем Нүсіпова. Оның айтуынша, биыл мектеп түлектерінің 40 пайызы саналы түрде кәсіби-техникалық колледждерді таңдаған.
-Бұл облыстағы кәсіби-техникалық колледждердің білім сапасы жоғары екенін айғақтайтын көрсеткіш. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары болғандықтан, түлектер колледждерді таңдауда. Өзге облыстарға да таратуға болатын тәжірибе, – деді Үкімет басшысы.
Жақсылық Мұратқали,
Нұржан Кенжеұлы,
Раушан Нұғманбекова,
Есімжан Нақтыбайұлы