Қоғам

Жолдауда жүктелген міндеттер сарапқа салынды

Жолдауда жүктелген міндеттер сарапқа салынды

Облыс әкімдігінде Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі өтіп, басқосуға жиналған сарапшылар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Нұрлы болашақ – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын кеңінен талқылады.
Ғылым, экономика, бизнес салаларының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Жолдауға қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, Елбасы тапсырмаларын орындаудың негізгі бағыттарына тоқталды, сонымен қатар, журналистер тарапынан Жолдаудың негізгі бағыттарына байланысты қойылған сауалдарға жауап қайтарды. Талқылауға Мұхтар Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің директоры, қазақ әлеуметтік-мәдени орталығының төрайымы Шағангүл Жанаева, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының докторы Вера Нетесова, Өскемен құс фабрикасы басшысының орынбасары Дархан Құсайынов және «ЗУБР» әлеуметтік-корпоративтік қоры директорының орынбасары Юлия Натарова атсалысты.
Тарихи құжаттың ерекшеліктерін барлық қатысушылар атап өтті, себебі, онда ел тұрғындары үшін аса маңызды жайттар жазылған. Айталық, солардың бірі – тауар айналымын ұлғайтуға және еліміздің түрлі өңірлері арасындағы логистиканы жетілдіруге жағдай туғызатын дамыған инфрақұрылымды құру. Мұнымен қоса, 2050 жылға дейін шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 50 пайызға дейін көбейтудің қосымша мүмкіндіктері атап көрсетілген.
– Елбасы Жолдауында экономикалық дағдарыс салдарының алдын алуға және еңсеруге мүмкіндік беретін басым бағыттар белгіленген. Президент инфрақұрылымдық дамудың бірегей жоспарын ұсынып отыр. Енді халық шаруашылығындағы барлық салалардың табысты жұмысын қамтамасыз ететін тегершіктер әзірленетін болады. Тиісінше, олар Елбасы жүктеп отырған міндеттерді орындауға да жағдай жасайды. Инфрақұрылым – мемлекеттің «қан тамырлары», ол бүкіл салаларды жандандырады, Жолдауда экономиканың қуатын арттыруды көздейтін жеті басым бағыт көрсетілген. Бөлінген қаржының жұмсалуы қатаң бақыланбақ. Яғни, тек тиімділігі жоғары, ал ең бастысы барлық экономикалық құрылдымдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жобалар ғана қаржыланады, – деп өз ойын білдірді Вера Нетесова.
Шығыс Қазақстан басымдылығының бірі – Ресей мен Қытай арасында транзиттік әлеуетке ие. Астана – Өскемен, Алматы – Өскемен бағытындағы автожол жобалары бизнестің, қызмет көрсету саласының дамуына елеулі үлес қосады. Ал, Екібастұз – Шүлбі ГЭС-і – Өскемен жоғары вольтты электр желісінің құрылысы облыстағы жылына 1-1,5 миллиард кВт/сағ. құрайтын энергия тапшылығын жояды. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы және кәсіпкерлікті қолдаудың арқасында келесі жылы қосымша жеті мың жаңа жұмыс орнын ашу, шағын және орта бизнес нысандарынан түсетін салық көлемін 8,3 пайызға көбейту, бизнеспен шұғылданушы азаматтар санын үш пайызға арттыру көзделуде.
«Қолжетімді баспана» бағдарламасының жүзеге асуы облыс халқын сапалы баспанамен қамтуға ықпал етеді. Аймақта соңғы төрт жыл ішінде 998 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Өңірімізде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесі де үлкен мәнге ие. Қазіргі кезде Шығыс Қазақстанда 40 мектеп, сегіз балабақша және үш әлеуметтік қамту нысаны салынып жатыр. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Юлия Натарованың айтуынша, үкіметтік емес сектор Жолдаудағы және «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы маңызды ақпараттарды қарапайым азаматтарға жеткізудің бір құралы болып табылады. Өз жұмыстары аясында үкіметтік емес ұйымдар түрлі жобаларды дайындап, ел ішіндегі төзімділікті, ұлтаралық келісімді, ауызбіршілікті сақтауға септесуде.
Сонымен қатар, сарапшылар Қазақстан халқы Ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етудегі айрықша рөлін де атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Жолдауда «ұлтаралық келісім – өміршеңдік оттегі» деп айтты. Расында да, өскелең ұрпаққа патриотты тәрбие беруде келер жылы аталып өтетін Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы, Абайдың 170 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сында маңызды мерейтойлардың алар орны ерекше.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шағын және орта бизнесті дамытудың экономикалық тегершіктеріне, Шығыста логистикалық хаб құруға, мемлекеттік бағдарламаларға, Ассамблеяның мерейтойына қатысты сұрақтар қойды.
– Жолдауда шағын және орта бизнеске, кәсіпкерлікті қолдауға байланысты міндеттер жүктелген, оларды барынша тиімді іске асыруды көздейтін бағдарламалар бар. Олар – «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020» және тағы басқалар. Кез келген сала үшін тиісті бағдарламаны таңдап алып, өз мүмкіндігіңізді жүзеге асыруыңызға болады. Мысалы, біздің кәсіпорын мемлекеттен субсидия түрінде көмек алады. Осы жылы қаржыландырудың жалпы сомасы бір миллиард теңгеден асты. Шығыс Қазақстанда құс шаруашылығының кешенін салу жоспарлануда, ол қуаттылығы 60 мың тонна болатын құс фабрикасынан, жүз мың тонналық құрама жем зауытынан және асыл тұқымды репродуктордан тұратын болады. Құйылатын инвестицияның болжамды мөлшері 200 миллион АҚШ долларын құрамақ. Сонымен бірге, Шәкерім атындағы Семей университетімен құс фабрикасы базасында оқу орнының бөлімшесін ашу туралы келісім жасалған, бұл студенттерге өндірістік іс-тәжірибеден өтуге, ал кейін кәсіпорынға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беруі тиіс, – деді Дархан Құсайынов.
Вера Нетесова жекешелендірудің жаңа бағдарламасы мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік саласы шағын және орта бизнесті өркендетудің тағы бір жолы бола алады деген ойын білдірді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button