Жолдауда жүктелген міндеттер талқыланды
Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы жан-жақты талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат, сонымен қатар кеңес мүшелері, жұмыстық және сараптамалық топтардың өкілдері қатысты.
–Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте халыққа арнап өзінің дәстүрлі Жолдауын жолдағаны белгілі. Біз бәріміз аталмыш маңызды құжатты мұқият оқып шықтық. Президент қоғам бұл қазіргі кездегі ең маңызды міндеттерді қойып, алға дамудың басым бағыттары ретіндегі жеті басты қағидатты айқындап берді, – деген облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк кеңес мүшелерінің осы мәні зор құжатты іске асыруға күш салуы қажет екенін атап көрсетті.
Жолдауда айтылған маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік басқарудың жаңа, тиімді моделін құру. Осы жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Айнұр Мұстафина баяндама жасады.
–Мемлекеттік басқару аппараты аз санды әрі тиімді болуы шарт. Ел Президенті өз Жолдауында осы міндетті қойып отыр. Мемлекеттік қызметшілердің саны биыл 10, келер жылы тағы 15 пайызға қысқаруы керек. Бүгінгі таңда біздің облыста 7885 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Сондай-ақ, лауазымдардың 12 пайызы бос тұр. Қысқарту ең алдымен осы бос орындар есебінен жүргізілмек. Жалпы, атап өтерлігі, қысқартудың алдында жан-жақты сараптама жүргізіліп, мемлекеттік қызметшінің қызмет көрсету аумағындағы тұрғындар саны да ескерілетін болады. Келер жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіне де өзгерту енгізіледі. Атап айтсақ, жалақы енді факторлық-балдық жүйе бойынша есептеледі. Бұл жүйе Жапония, Сингапур сынды дамыған елдерде бұрыннан бар. Осы ретте әр қызметшінің атқарған жұмысының тиімділігіне мән берілетін болмақ, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Жалпы, мемлекеттік басқарудың жаңа моделі заман талаптарына жауап беріп, өзінің тиімділігімен ерекшеленуі қажет.
«Камышинское» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Акулов өз сөзінде Жолдаудың аграрлық секторға қатысты тұстарына кеңірек тоқталды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді, аграрлық секторға инвестиция тартуды міндеттеп отыр. Президенттің айтуынша, кәсіби мамандардың тапшылығы, сонымен қатар аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – осы саладағы қордаланған мәселелер.
500-дей адамды жұмыспен қамтып отырған аталмыш шаруашылық – сүт бағытындағы өңірдің ең ірі агроөнеркәсіптік құрылымдарының бірі.
–Біздің шаруашылық өңір жұртшылығына жақсы танымал. Соңғы жылдары біз заманауи үлгідегі техникалармен жарақталдық. Алқаптарда шетелдік тракторлар мен комбайндар жұмыс істейді. Еңбеккерлердің орташа жалақысы жаз айларында 180 мың теңгеге жетеді. Елді мекенде үйлер, жаңа көшелер салынуда. Мемлекет тарапынан қомақты қолдау да бар. Атап айтсақ, сауылған сүтке, асыл тұқымды мал алуға субсидия алып отырмыз, – деген шаруашылық басшысы өздеріндегі маман тапшылығы мәселесін де алға тартты. Қожалық иесі маман даярлау сапасына көңіл бөлінуін сұрады.
Білім тақырыбын келесі баяндамашы – Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген әрмен қарай өрбітті.
– Президент Жолдауында ғылымды қаржыландыру мен қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың қаржысы екенін атап өтті. Қазір облыстың жоғары оқу орындары Шығыс Қазақстанның кәсіпорындарымен, ғылыми орталықтарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізуде, – деген ректор С.Аманжолов атындағы ШҚУ мысалында аймақтағы жағдайды талдап берді.
Облысымызда машина жасау саласы жақсы дамыған. Осы ретте университеттің машина жасауда қолданылатын бұйымдардың қажалуға төзімділігін арттыру технологиясын әзірлеуде. Жоба жетекші –ШҚУ-дың жас ғалымы Бауыржан Рахәділов. Оқу ордасының ғалымдары картоптың жаңа сорттарын жасаумен де айналысады. Сорт алу пробиркалардан басталып, университет серіктесі – «Ярославское» ЖШС-нің егістігінде өнім алумен аяқталады. Ғалымдар аймақ климатына бейімделген өнімділігі жоғары картоптың 67 сортын шығарды.
Жолдауда аймақтық жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу жұмысының өрістеуі мен ғылыми әлеуетінің дамуына өнеркәсіптер тарапынан қолдау жасау міндеті қойылды. Оқу орнында «KAZ Minerals Aktogay» компаниясымен ынтымақтастықтың жақсы тәжірибесі бар. Компания тау-кен мамандарын даярлау ісіне белсене араласады. Университет пен аталмыш кәсіпорынның тығыз серіктестігі нәтижесінде оқу орнының бірінші ректоры, академик Ережеп Мәмбетқазиев атындағы оқу кабинеті және химия зертханасы ашылды. Компания тарапынан интербелсенді және техникалық оқу құралдары берілді. Сондай-ақ компания есебінен 6,1 млн.теңге көлемінде өндірістік және дипломалды тәжірибесінен өтетін студенттерге 15 грант бөлінді. Грант иеленген білімгерлер дипломдарын алғаннан кейін Ақтоғай комбинатына жұмысқа орналасады.
Бұл –Жолдауда көрсетілген өндіріс пен білім беруді интеграциялаудың оң тәжірибесі деуге лайық мысал.
Сондай-ақ, Президент Жолдауында Үкіметке жыл сайын 500 ғалымның әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өткізуді, «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарға ғылыми зерттеулер жүргізу үшін 1 мың грант бөлуді тапсырды.
Президент атап өткендей, ірі отандық кәсіпорындардың, компаниялардың жоғары оқу орындарымен және зерттеу институттарымен өзара тығыз байланыс орнатуы өте маңызды, бұл инновациялық экономиканы құрудың неғұрлым тиімді үлгісі – «үштік спираль» моделі болып табылады.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың бірінші проректоры Сәуле Рахметуллина оқу орнында құрылған «Үстемдік орталығының» қызметі туралы баяндады. Ол «ғылым – бинес – мемлекет» үштік спиралі моделі бойынша жұмыс істейді.
Облыстық медициналық орталығының бас дәрігері Георгий Старокожев Жолдаудағы медицина саласына қатысты міндеттерге тоқталып, өздерінің жоспарларымен таныстырды, ал «Қазақстан барысы» әрі екі мәрте «Әлем барысы» атанған балуан, Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры Айбек Нұғымаров Жолдауда білім саласы мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап көрсетті.
– Президент 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейтіліп, алдағы үш жылда қосымша 1,2 трлн. теңге бөлінетінін жеткізді. Бүгінгі таңда білім берудің онлайн режиміне көшкенімен, ұстаздардың жұмысы азайған жоқ. Ұстаздарға жүктелетін міндет пен жауапкершіліктің салмағын жақсы білеміз. Әрине ұстаздардың жалақысын көтеріп, мәртебесін биіктетіп жатқан Президентке мұғалімдердің алғысы көп, – деді ол.
Алтай аудандық мәслихатының хатшысы Лариса Гречушникова өз сөзінде Жолдауда айтылған тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселесін қаузады. Ол азаматтарды Үкіметтің электрондық порталын қолдануды үйретудің маңызына тоқталды.
Ал С. Аманжолов атындағы ШҚУ ғалымы, әлеуметтанушы Элеонора Столярова Жолдауда айтылған міндет – жаңғырған қоғамның жат әдеттерден біртіндеп арылуы керектігін алға тартты.
– Расында да, Президент атап көрсеткендей, ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Ал жауапсыздық пен немқұрайлылық бүкіл қоғамды қасіретке ұшыратады. Бос сөз, мақтаншақтық дамуды тежейді. Осы орайда, «биік мұратқа жетелейтін – еңбек» деген ұғымды әр азаматтың санасына сіңірген жөн, – деген ғалым жас ұрпақты еңбекке, еңбекті құрметтеуге үндеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ол жаңа қоғамда еңбек лайықты түрде бағалануы тиіс деп ой түйіндеді.
Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат Жолдаудың әлемде жүріп жатқан пандемия кезінде жолданғанын және өзінің жаңашылдығымен аса маңызды екенін баса айтты.
–Жолдау дағдарысты еңсеруге бағытталумен ғана шектелмейді, ол – болашаққа бағдар, қазіргі заманға сай дамуды көздейтін бағдарламалық құжат. Ол алдымызға маңызды міндеттерді қойып отыр. Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек деді Президент. Осы ретте жауаптылықты әр адам өзінен бастаған жөн. Кеңесте көтерілген барша қордаланған мәселелер түбегейлі және жүйелі түрде шешілуі керек. Сонда ғана нәтиже болады. Ол үшін бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Коронавирустық инфекцияның салдарынан орын алған қиындықтар кезінде көп жайттар түсінікті бола түсті. Ең тұрақты деген салалардың өзінде мәселелер туындады. Алайда, біз біріге отырып, бұл індетті еңсереміз. Осы орайда мемлекет көп күш жұмсауда, – деді Әлішер Мархабат.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Жолдаудан туындайтын міндеттерді сапалы жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Ержан Әбіш