Жолдау жүктеген міндеттер мүлтіксіз орындалады

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Әуелі аймақ басшысы жыл бойында атқарылған шаруаларға тоқталды.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына арқау болған құндылықтардың түп қазығы Шығыс Қазақстанда жатқанын атап көрсеткен Даниал Ахметов Абай, Алтай, Шілікті, Берел, Елеке сазы ұғымдары бүгінде өңірдің туристік мақтанышына айналғанын атады.
-Осынау баға жетпес мол мұраға әлем тарапынан лайықты бағасын бергізіп, келер ұрпаққа табыстау – әрқайсымыздың парызымыз, – деді облыс басшысы.
Өңірде «Шығыс Қазақстанның көне қазыналары» атты жоба дайындалып жатқаны да айтылды. Бұл жоба Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев бастаған археологтарға Шілікті, Берел, Елеке сазы қорымдарынан табылған жәдігерлерді әлем назарына кең ауқымда ұсынуға мүкіндік береді. Облыс тұрғындары мен қонақтар бұл жәдігерлерді Өскеменде салынатын «Археология және қазіргі заман өнері» музейінен көретін болады. Ал әлем назарын аудару үшін Лондон, Мәскеу, Қазан, Ташкент қалаларында көшпелі көрмелер ұйымдастырылмақ.
Облыс әкімінің айтуынша, өңір экономикасының негізі саналатын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция саласында айқын өсім бар. Елбасы Жолдауындағы басым бағыттар, бес әлеуметтік бастама мүлтіксіз жүзеге асады. Бүгіннің өзінде 38 мың бюджеттік сала қызметкерінің еңбекақысы 1,5 есеге көбейген. 16 ірі кәсіпорын, 300-ден астам шағын және орта бизнес нысаны жұмысшылардың еңбекақысын көтермек.
-Соңғы үш жылда Шығыс Қазақстанда білім саласы ерекше қарқынмен дамуда. Бірінші кезекте бұл үштілді білім беруге қатысты. Бізде оқушыларға қазақ, ағылшын және орыс тілдерін үйрету мақсатында арнайы бағдарлама әзірленген. Аталмыш бағдарлама аясында тілдерді оқытудың тың әдістемесі жасалып, облыс мектептеріне 450 мыңға жуық жаңа оқулық сатып алынған. Осы ретте, оқулықтар еуропалық білім беру талаптарына сәйкестендіріліп шығарылғанын айта кеткен жөн, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, облыстағы тіл мұғалімдерінің біліктілігі де қатаң тексеруден өткені айтылды. Тексеру қорытындылары бойынша мұғалімдердің тек 14 пайызы ғана жақсы нәтиже көрсеткен-ді. Сол себепті, облыста мұғалімдерге жаңа оқу жүйесінің қыр-сырын үйретуге бағытталған кешенді іс-шаралар қолға алынды. Соңғы екі жыл ішінде мұғалімдер біліктілігінің деңгейі 60 пайызға дейін жеткен.
– Облысымызда ағылшын тілін оқыту кембридждік жүйеге көшірілді. Қазақ және орыс тілдерін оқытудың да тың бағдарламалары бар. Оқытудың бұл үлгісі балалардың ойлау қабілетін тереңдетуге көмектеседі. Сонымен қатар аталмыш ақпараттық технологиялар жүйесі өзге үдерістерге де тың серпін беруі тиіс, – дейді аймақ басшысы.
Облыс әкімі сонымен қатар өңірде алдағы үш жылда мектепке дейінгі және кәсіби-техникалық білім беретін 3 750 мұғалімнің тіл оқыту бағытындағы біліктілігі арттырылатынын хабарлады. Үш жылға жоспарланған бұл жұмыстарға шамамен бір миллиард теңге жұмсалмақ.

Цифрландыру саласының білім беру ісіне кірігуі – өмір сапасының кепілі деген пікір айтты Даниал Ахметов.
– Оқу жылынан бастап өңірдегі 277 толық жиынтықты мектеп цифрландырылған білім бағдарламасына көшті. Келер оқу жылында олардың қатарына шағын жиынтықты мектептер де қосылады. Біз басында әр сыныпқа «франшиза ақысына» деп 10 млн. төлеуге мәжбүр болдық. Кейін өзіміз дербес бағдарлама жасап, министрлікке бекіттірдік. Соның арқасында өңірдегі барлық мектептер цифрландырылған білім бағдарламасына көшеді, – деді облыс әкімі.
Цифрландырудың арқасында тың серпін алған жүйенің бірі – медицина. Соңғы бес жылда өңірдегі емдеу мекемелерін заман талабына сай ету үшін 23 млрд. теңге жұмсалған.
-2015 жылы барлық медицина мекемелерінің жабдықталу жағдайына талдау жасадық. Соның негізінде өңірлік бағдарлама дайындалды. 2016-2018 жылдар аралығында ғана 18,8 млрд. теңгенің озық қондығыларын алдық. Ал келесі жылы бұл мақсатқа 7 млрд. теңгеден артық қаржы жұмсамақпыз, – деді аймақ басшысы.
Озық технологияны іске жарату үшін мамандардың біліктілігі арттырылуда. Ол үшін жыл сайын 70-тен астам дәрігер Англиядан 3-6 айлық білім курстарынан өтеді. 2019 жылы олардың саны 150-ге жеткізілмек.
-Бұл қаржыға ондаған спорт нысанын салып, жағымды жаңалықтардың басы-қасында жүруге болатын еді. Онда сол нысандарда жылына 7 мың адам денсаулығын күтуге мүмкіндік алған болар еді. Ал біз ангиограф, «робот оташы» сияқты қымбат құрылғылар алу арқылы, мыңдаған адамның денсаулығын жақсартамыз. Келесі жылы Еуразия экономикалық одақ аумағында теңдесі жоқ гематология орталығының құрылысын бастаймыз. Ал Зырян қаласында ашылған инсульт орталығына біздің азаматтар ресейлік туыстарын шақыртып, емдетуде. Дәл сондай орталық Аягөзде де жұмыс істеп тұр. Осылайша біз сапалы медицинаны ауылға жақындата түстік, – деді Даниал Ахметов.
Брифингте облыс әкіміне журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауап қайтарылды.
Камила Тастамбекова, «Хабар» агенттігінің тілшісі:
– Даниал Кенжетайұлы, Сіз гибридтік опарция орталығы ашылады дедіңіз. Ол қандай операция, соны түсіндіріп өтсеңіз.
– Біз облыста гематология орталығын, травмотология орталығын салуды көздеп отырмыз, сонымен қатар қазіргі кезде Өскеменде роботты хирургия орталығы тиімді жұмыс істеп жатыр. Медицина саласында біз қуушы рөлінен, озушы рөліне көшуіміз қажет деп санаймын. Қазірдің өзінде роботты хирургия орталығында 170-тен астам ота жасалып отыр. Ал гибридтік операция орталығы Семей қаласында таяу арада ашылады. Мұндай орталық елімізді қойып, Еуразиялық одақта жоқ деп айта аламын. Гибридтік операция – бұл өте күрделі кардиологиялық операцияның бір түрі.
– Соңғы жылдары еліміздің солтүстік-шығыс өңірлерінен мектеп түлектері сырт елдерге кетуде. Осы үрдісті тоқтату мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– 2017 жылы облыс мектептерін бітірген 1886 бала өзге елдердің оқу орындарына кеткен болатын. Біздің есептеуімізше, бір мектеп оқушысына білім беру үшін жылына орташа 240-400 мың теңге жұмсалады екен. Енді осы санды 12 жылға көбейтіңіз. Өте қомақты қаржы шығады. Бұл – бір оқушыны оқытып, тәрбиелеуге кеткен шығын, ал оны 1886-ға көбейтсеңіз, тіпті қыруар қаржының кеткенін байқайсыз. Біз ең алдымен өңірдегі ЖОО-ларға гранттар бөлдік. Бұрын 100 гранттан ғана бөлініп келсе, биыл 446-ға жеткіздік. Сонымен қатар, оқу орындары білім сапасын арттыруда. Мәселен, Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ Ресейдің көршілес Барнаул, Томск, Новосібір қалаларында оқытылмайтын атом өнеркәсібі мамандарын даярлай бастады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл шетелге кеткен мектеп түлектерінің саны 636-ны құрады. Олар озық университеттерге оқуға түскен болар. Осылайша, біз кететін оқушылар санын 1200-ге қысқарттық.
Әлеуметтік желі арқылы түскен сауал:
– Жуырда әлеуметтік желілерде Алакөл жағалауының қатты соққан желден бүлінгені туралы бейнекөріністер таратылды. Осы жөнінде айтсаңыз.
– Иә, табиғатқа қарсы тұру мүмкін емес. Қатты жел соғып, жағалауды бүлдірді. Бірақ қираған аумақ соншалық ауқымды емес. Оның бәрі қалпына келтіріледі. Біз қазір жаңа жоба бастағалы жатырмыз. Толқындарға қарсы бөгеттер саламыз. Биыл Алакөл жағалауын абаттандыруға бюджеттен 5,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жазда жағалауда 500 мыңнан астам адам демалды. Мақсатымыз – алдағы үш жылда келушілер санын миллионға дейін жеткізу. Абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасады, саябақ кеңейтіліп, жағалау маңындағы Қабанбай ауылында мұражай ашылады, Үржар ауылындағы әуежай қалпына келтіріледі.
Айнұр Есенжолов, «Тұран таймс» сайты:
– Сіз жуырда Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районында болдыңыз. Қандай ортақ жобаларыңыз бар?
– Автономиялық ауданның басшылығымен жолығып, ортақ мәселелерді қарастырдық. Біз Шығыс шаруалары үшін Қытай нарығын ашпақшымыз. Барлық өнімдерді Қытай стандартына сай сертификаттаймыз. Тауарлар Бақты мен Майқапшағай бекеттері арқылы шығарылады. Сондай-ақ, өңірде қытайлықтармен бірлесіп, жылына 120 мың тонна ет өндіре алатын құс фабрикасын салмақшымыз. Қазақстан қазір АҚШ-тан жыл сайын 140 мың тонна құс етін сатып алады. Бұл жоба импортты азайтпақ. Тағы бір бағыт – қытайлық турсистерді Шығысқа тарту.
Жанар Сардалина, тілші:
– Экология мәселесін жақсарту үшін қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Мен Бейжіңде болғанда қатты қиналдым. Бәрі салыстырмалы түрде екен. Ауада бар күкіртті ангидрит тек «Казцинкке» ғана қатысты емес. Аталмыш кәсіпорын өз өндірісін экологиялық таза ету мақсатында көп жұмыс атқаруда, олар осы бағытта 20 миллиард теңге бөліп отыр. Біз басқа қалаларды да ұмытпаймыз. Бұқтырма кентіндегі цемент зауытында да мәселе бар. Олар тонналап зиянды қалдықтарды ауаға шығаруда. Семей, Зырян қалаларында жағдай бірқалыпты.
Қайнар Олжай, «Қазақстан» арнасы:
– Зайсан ауданы газға бай екенін білеміз, ол аудан елді мекендері газдандырылып жатыр. Сұрайын дегенім, өңірдегі басқа аудан-қалалар газдандырыла ма?
– Біз қазір Тарбағатай, Үржар және Күршім аудандарына газ құбырын тарту жоспарын қарастырып жатырмыз. Бұл – келешек жұмыстар. Әлбетте, газдандыру көп мәселені шешер еді.
Әнуар Әбдірахманов, «B-news» тілшісі:
– Облыста биыл көктемде тасқындар болып, үлкен шығын әкелді. Жалпы өңірдің тасқынға қалай?
– Иә, биыл өңірде соңғы 60 жылда болмаған алапат тасқындар орын алды. Оған себеп – қардың кеш жауып, топырақтың 2,5 метрге дейін тоң болып қатуы, сосын көктемде 3 күн бойы толастамай жауған нөсер жаңбыр. Осы ретте атап өтерлігі, біз барлық бүлінген 1200 үйді толықтай жөндеп шықтық. Қалпына келтіруге келмейтін үйлердің иелері басқа баспана алды. Бұл тасқыннан біз сабақ та алдық. Дайындық, алдын алу шаралары жүргізілді. Егер мұндай табиғат апаты болып жатса, қарсы тұрарылық әзірлігіміз бар.
– Семей қаласындағы әуежайдың атын «Абай жолы» деп атауға қатысты пікіріңізді білсек.
– Дұрыс идея. Семей әуежайының атауын өзгертуге байланысты халықпен ақылдасайық, қарап көрейік. Бірақ, Семейде «Абай арена» стадионы салынып жатыр. Ол Шәкәрім, әлде Мұхтар Әуезов болуы мүмкін.
Шығыс Қазақстанда 314 көшенің атауы ауыстырылды. Мысалы, Өскеменде Карл Маркс даңғылы қазір Қазыбек би болды. Орджоникидзе – Сағадат Нұрмағамбетов, Головков – Бейбітшілік, Семейдегі Ленин көшесі – Мәңгілік Ел болды. Осы істі асықпай, ойланып жүзеге асырамыз. Зырян ауданы Алтай ауданы болып өзгертілді. Зырян қаласы Алтай қаласы атанды. Орджонекидзе, Голощекин, Киров секілді атаулар міндетті түрде өзгертілгені дұрыс. Мәселен, Киров «үштіктің» қатысушысы болды, оның тапсырмасымен мыңдаған адам атылған. Сондықтан бұл жерде сөз жоқ, өзгертеміз. Бірақ бұл ретте халықтың пікірін есепке ала отырып, заң бойынша осы жұмысты жүргізетін боламыз. Мысалы, Дмитрий Менделеев, Сергей Королев атындағы көшелерді өзгерту керек пе? Процесс жүріп жатыр.

Лаура Амантаева, «Қазақпарат» агенттігі:
– Даниал Кенжетайұлы, бүгін Шығыс Қазақстан облысының құрамасы «Worldskills Kazakhstan-2018» республикалық жарысында бірінші орынға ие болды. Сізді жерлестеріңіздің осындай зор табысқа жетуімен шын жүректен құттықтаймын.
– Рақмет! Бұл шын мәнінде айтулы жеңіс болды. Жалпы, аталған жетістік облысымызда бұл бағытта қандай ауқымды шаралар атқарылып жатқанын тағы бір аңғартса керек. Бүгінде облыстағы мектеп түлектердің 40 пайызы кәсіптік және техникалық колледждерде білім алуда. Дегенмен, қазір облысымыздағы колледжердің көбінде 40-70 жылдарғы құрал-жабдықтар тұр. Сол себепті, біз алдағы бірнеше жылда бұл мақсатқа қомақты қаражат бөліп, колледждеріміздің жабдықталуын жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз. Жоспарларымыз ойдағыдай жүзеге асса, бірер жылдан кейін «Worldskills Kazakhstan» жарыстарындағы жеңістеріміз бұдан да зор болатыны сөзсіз.
– Шығыс Қазақстан облысы қашан да чемпиондарға бай болған. Осы ретте, облыстағы бұл салада атқарылып жатқан ең елеулі іс-шаралар туралы айта кетсеңіз.
– Өздеріңіз білесіздер, бүгінде өскемендік «Алтай» командасы волейболдан Қытайда өтіп жатқан қыздар арасындағы клубтық Әлем чемпионатына қатысуда. Әрине, әзірге біздің волейболшыларға төрткүл дүниенің мықты клубтарымен терезесі тең дәрежеде өнер көрсету мүмкін болмай тұр. Дегенмен, біз дұрыс бағытта жылжып келеміз. Командамыздың жаһандағы мықтының мықтысы қатысатын додаға жолдама алуы бәріміз үшін зор мәртебе. Мұндай жетістікпен тіптен бүкіл республика мақтануы тиіс. Себебі, қазақ волейболшылары дәл осындай чемпионаттарға үнемі қатыса бермейді. Ең бастысы, дәл осы команданың жас ойыншыларынан алдағы уақытта Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталады.
Бұған қоса бізде «Altay Athletics» деп аталатын кәсіби жеңіл атлетика клубы бар екенін де білерсіздер. Бұл ұжымның құрылғанына көп бола қоймаса да, клубтың жеткен жетістіктері айтарлықтай. Ең алдымен, клуб сапына даңқты жерлесіміз, үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қосылды. Сонымен қатар халықаралық додаларда «Altay Athletics» атынан бірнеше кениялық желаяқ сынға түсіп жүр. Бұл легионерлеріміз қатысқан жарыстарынан жүлдесіз қайтпайды. Қазір кениялықтарға Қазақстанның азаматтығын алып беру мәселесін қарастырудамыз. Ондағы мақсатымыз –біздің ұл-қыздарға дұрыс бағыт-бағдар беру. Өз басым тәжірибесі толысқан кениялық саңлақтармен бірге жаттыққан жас спортшыларымыздан болашақта талай байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғайтын чемпиондар шығатынына сенемін. Сондай жастардың бірі деп Гүлжанат Жанатбекті айтуға болады. Қазір Гүлжанат кениялық командаластарымен бірге Кенияда тұрып, жаттығып жатыр. Біз бұл қызымыздың болашағынан зор үміт күтеміз.
Жақында үржарлық Ерлан Серікжанов дзюдодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Айта берсе, мұндай мысал көп. Мұның бәрі облысымызда спортты дамыту бағытында тындырылып жатқан кешенді шаруалардың жемісі деуге толық негіз бар. Алда саңлақтарымыз бұдан да зор жеңістерге жетеді деп кәміл сенемін.
Жанар Сердалина, «Bestnews.kz» агенттігі:
– Сіздің ойыңызша, өскемендік «Торпедо» хоккей клубын Құрлықтық хоккей лигасына шығаруға бола ма?
– Өздеріңіз білесіздер, Өскемен – Қазақстан хоккейінің отаны саналады. Біз әрине, командамыздың ең жоғарғы лигаларда өнер көрсетуін қалаймыз. Облыста шайбалы хоккей спортын дамыту мақсатында танымал бапкерлерді шақырудамыз. Мәселен, осыдан біраз бұрын біздің командаларымыздың біріне белгілі экс-хоккейші Ерлан Сағынбаевты бапкер етіп тағайындадық. Дегенмен, өз басым «Торпедоның» Құрлықтық хоккей лигасында ойнағаны дұрыс шешім болады деп санамаймын. Себебі, біз ең алдымен балалар мен жасөспірімдер хоккейіне көңіл бөлуіміз керек. Ал ол үшін біздің командалардың ұлттық лигада ойнағаны шарт. Жастарымыздың қосалқы құрамда қала бермей, көбірек айдынға шыққаны абзал. Бұдан ішкі біріншіліктегі бәсекелестік те артады. Басқаның чемпионатына ұмтылмай, мықты хоккейшілер дайындап, өз біріншілігімізді дамытқанымыз дұрыс емес пе?! Ал ҚХЛ-ға «Барыс» та жетеді.
Ботагөз Айтжанова, «Tengrinews» агенттігі:
– Осыдан біраз бұрын Шымкент республикалық маңызы бар шаһар мәртебесіне ие болғаны белгілі. Сіздің ойыңызша, болашақта Шығыста дәл осындай қала пайда болуы мүмкін бе?
– Алдағы 20 жылда Шығыста республикалық маңызы бар қала пайда болмайды деп сеніммен айта аламын. Өйткені, ол үшін шаһар халқы миллионнан асуы керек. Ал біздегі ең ірі Өскемен мен Семей қалаларының халқы 350 мың шамасында. Шаһарларымыздың әрқайсысының өз даму жолы, өз жоспары бар. Бір ғана мысал келтірейін, біздегі қалаларда аулаішілік жолдар басқа шаһарлардағыдай 3,5 метр емес, алты метрге дейін жетеді. Мұндай мысалдарымыз жетіп артылады. Сондықтан Өскемен, Семей, Алтай сияқты қалаларымыз бұдан былай да өз бетінше дами бермек.
Әзірлеген Есімжан Нақтыбайұлы, Ержан Әбіш, Нұржан Кенжеұлы