Экономика

Жолдардың жағдайы жақсарып келеді

Біраз жылдан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан проблеманың бірі жол мәселесі болатын. Бұл жағдай аудан тұрғындарының көңілін күпті етіп келген еді. Бірақ сонғы жылдары жергілікті манызы бар 484 шақырым жолдың көп бөлігі толық жөнделді.

– Былтыр Таскескен – Бақты автожолын жөндеуге республикалық бюджеттен 976 миллион теңге бөлініп, асфальт төселді. Жергілікті маңызы бар Үржар – Барқытбел, Жоғарғы Егінсу ауылының кіреберісі, Көктерек – Қайыңды – Қызылбұлақ жолдары жөнделді, – дейді аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серік Тілемісов. – Мақаншы – Көктерек, Мақаншы – Келдімұрат жолына орташа жөндеу жүргізілді. Биыл Үржар ауылындағы 29 көшені жөндеу жоспарланып отыр.

Өңірде 965 шақырым автожол бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 277 шақырым, облыстық жолдар – 204 шақырым, жергілікті жолдар – 484 шақырым.

2017 жылдан республикалық Таскескен – Бақты жолының 0-20 шақырымдарында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Былтыр 18 шақырым жолға асфальт төселді. 2019 жылы республикалық Талдықорған – Қалбатау – Өскемен жолының 615-705 шақырымына жаңғырту жұмыстары басталып, айналма жол жасалды. Жобаның іске асу мерзімі – 2021 жыл.

– Жергілікті Барқытбел – Қарабұйрат, Көктерек – Қайыңды – Қызылбұлақ, Сегізбай ауылының кіреберіс жолдарына ағымды жөндеу жүргізілді. Үржар – Қызылту, Барқытбел – Қарабұйрат, Ақжар – Амангелді – Қарамойыл, Бестерек – Қабанбай, Қарабұта – Ақшоқы, Көктал ауылының кіреберіс жолдары тегістелді. Сондай-ақ тұрғындар өтініштеріне орай, Үржар ауылындағы 26 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді, – дейді бөлім басшысы.

Сонымен қатар облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 167 миллион теңге бөлініп, орталықтағы Сейфуллин, Гагарин, Воронков, Семушкина, Морозов көшелері орташа жөнделген. Сонымен қатар өткен жылы Мақаншы – Келдімұрат жолының 0-28 шақырымына орташа жөндеу жүргізіліпті.

Осы қыста аудандағы жолдарды күтіп-ұстау үшін байқау жарияланып, мердігерлер анықталды. Олар – «Үржар», «Мақаншы» коммуналдық мекемелері, «Видлер» серіктестігі, «Елдос», «Алғабас», «Қоңырбай», «Некрасовка және К» қожалықтары. Ауданда жергілікті маңызы бар жолдарды қардан тазалайтын 48 техника бар.

Бейсенғазы Ұлықбек

 Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button