Жолдар жөнделіп жатыр, сапасы қандай?
Облысымыздағы тас жолдардың жалпы ұзындығы 12 мың шарқырымнан асады, бұл көрсеткіш бойынша Шығыс елімізде бірінші орында. Алдағы үш жылда облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге 16,5 миллиард теңге бөлу жоспарлануда. Оның 4,58 миллиард теңгесі осы жылға қарастырылған. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында айтылды.
Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев 2017-2019 жылдарға арналған автомобиль жолдарындағы құрылыс-жөндеу жұмыстарының жоспары туралы баяндады.
– Жол жөндеуде басымдық демалыс орындарына баратын жолдарға берілмек. Марқакөл көліне апаратын Теректі-Ұранхай-Төсқайың жолының 3,8 шақырымына (Ақжайлау мен Ұранхай ауылдарының арасы) жөндеу жұмыстары басталды. 231 миллион теңге қаржы республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Мердігері – «СК-Зайсан» ЖШС. Сонымен қатар, Алакөлге, Алтай Альпісі базасына, Жидебайға, Казнаков өткеліне, Бородулиха-Шемонайха бағытына қатынайтын жолдарға орташа жөндеу жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.
Облыстық қазынадан бөлінетін 345,6 миллион теңге қаражатқа Зырян ауданындағы Зырян-Парыгино, Үржар ауданындағы Науалы-Қаратұма, Зайсан ауданындағы Жамбыл-Көкжыра жолдары орташа жөнделеді.
Ал елді мекендердің көшелерін жөндеуге 10 миллиард теңге қарастырылған. Атап айтсақ, облыс орталығындағы 18 көшеге, Семейдегі 8 көшеге орташа, 1 көшеге күрделі жөндеуге қаржы бөлініп, жұмыстар басталып кеткен.
«ҚазАвтоЖол» компаниясы облыстық филиалының директоры Нұрланбек Өмірбаев биыл республикалық жолдарды жөндеуге 31 миллиард теңге қарастырып отырғандарын жеткізді. Жалпы қашықтығы 3414 шақырым жол жөнделмек.
Филиал басшысы қазіргі кезде Омбы-Майқапшағай жолының 125 шақырымына, Таскескен-Бақты жолының 20 шақырымына жөндеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, Өскемен-Рахман қайнары жолының Өрел-Берел теліміне, Өскемен-Семей жолындағы Жартас өзенінен өтетін көпірге, Ресеймен шекарадағы Ауыл және Үбі бекеттеріне апаратын жолдарға күрделі жөндеу жасалуда.
– Біз өз қарамағымыздағы трассалардың бойына тоғыз автопавильон, 22 дәретхана, 70 қоқыс контейнерін орнатпақпыз. Сонымен қатар, жеті бастауды абаттандырамыз. Көгалдандыру бағытында 1600 көшет отырғыздық, енді 900-і бар. Бұр ретте жолаушылар мәдениетінің, өкінішке қарай, әлі де төмен екенін айтқым келеді. Жолдардың бойында қоқыс өте көп. Сол себепті көліктер көп аялдайтын жерлерге қоқыс контейнерлерін орнатып, тұрғындарды тәртіпке тартпақпыз, – деді филиал директоры.
Осы жылға ғана жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттерден 4 жарым миллиард теңге, республикалық бюджеттен 31 миллиард теңге бөлініп отыр. Енді жол сервисін дамыту қажет. Өскеменнен Алматы мен Астанаға күре жолдар салынады, Олар Батыс Қытай-Батыс Еуропа тармағымен жалғасады, осы жолдардың бойында жолаушыларға сапалы әрі заманауи қызмет түрлері көрсетілуі тиіс. Жолдарды жөндеуде экономикалық, әлеуметтік, туристік мақсаттар алға қойылмақ.
– Біз қырық жыл жөндеу көрмеген Ақсуат-Аягөз жолын қалпына келтіре отырып, тұрғындардың бойында жолдар жөнделеді екен деген сенім ұялаттық. Былтыр Өскеменнен Сібе көлдеріне дейінгі жолды 1 миллиард теңгеге жөндедік. Бірақ, аудан басшылығы әлі көл маңын абаттандыра алмай келеді. Бұл мәселеге әлі ораламыз. Салада атқарылар шаруа жетерлік. Бірақ сапаға көңіл бөлу керек! Қайталап айтамын, бәрімізге қажеті – сапа, бұл іске барлық қадағалау органдары, қоғамдық ұйымдар атсалысуы тиіс, – деді ойын Даниал АХМЕТОВ.
Атап өтерлігі, алдағы уақытта Семейді айналып өтетін жол мен Шемонайхаға Үбі арқылы өтетін жаңа көпір салу көзделіп отыр.
Ержан ӘБІШ