Жолдар жаппай жөнделіп жатыр

Біраз жылдардан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан проблеманың бірі жол мәселесі болатын. Бұл жағдай аудан тұрғындарының көңілін күпті етіп келген еді. Кейінгі бірнеше жыл көлемінде жергілікті маңызы бар 484 шақырым жолдардың көпшілік бөлігі толық жөндеуден өтті.
Осыған орай, аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серік Тілемісовке жолығып, өңірімізді басып өтетін республикалық және облыстық деңгейдегі, сонымен қатар жергілікті маңыздағы жолдардың қазіргі хал-ахуалын сұрастырған едік.
Өткен жылдан бері республикалық маңызы бар «Таскескен – Бақты» автомобиль жолының 0-20 шақырымдарында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 3 млрд. 800 млн. теңге. Өткен жылға жоспарланған 711 млн. теңге толық игеріліп, межеленген жұмыстар атқарылды. 2018 жылы аталған автокөлік жолының қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу мақсатында республикалық бюджеттен 1 млрд. 369 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылуда.
Облыстық маңызы бар (Мақаншы – Жалаңашкөл) автомобиль жолының 82-133 шақырымдарында орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 1 млрд. 253 млн. теңге қаржы бөлініп, барлығы 51 шақырым автокөлік жолы жөндеуден өтті. Бүгінгі күндері жұмыстар аяқталды.
Осы жылдары «Мақаншы – Жалаңашкөл» автомобиль жолының 66-82 шақырымдарын орташа жөндеу мақсатында облыстық бюджеттен 308,0 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар аяқталып, бөлінген қаржы толық игерілді. Биыл жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 225,3 млн. теңге қарастырылды. Бүгінгі күні жергілікті маңызы бар «Үржар – Барқытбел», «Үржар – Бестерек – Қазымбет», Жоғарғы Егінсу ауылының, Елтай ауылының, кіреберіс жолдарына, «Көктерек – Қайыңды – Қызылбұлақ», «Науалы – Көлденең – Қаратұма», Көктал мен Қаратал ауылдарының кіреберіс автомобиль жолдарына ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ аудан орталығындағы 20 көшеге және елді мекендердегі 13 көшеге үстіміздегі жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары тиянақты жүргізілді. Облыстық бюджеттен Үржар ауылының 5 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарына 100,0 млн. теңге бөлініп, аудан орталығындағы Қабанбай, Абай, Жандосов, Шыңқожа батыр, М.Хасенов көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бөлім басшысының айтуынша, алдағы жылы да елді мекендердің және аудан орталығының біраз көшелері толық жөнделіп, асфальт төселмек.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.