Қоғам

Жолақы 15 теңгеге қымбаттайды

Жолақы 15 теңгеге қымбаттайды


Бұған дейін облыс орталығында жарты жылдан астам уақыт көпшілік талқысына түсіп, көптеген қоғамдық пікірлер туғызған жолақысы ақыры қымбаттайтын болды. Енді ағымдағы жылдың 1-ақпанынан бастап Өскемендегі барлық қалалық бағыттардағы автобустарда жол жүру құны Астана қаласымен теңестіріліп, 90 теңге болмақ.

Бұл жөнінде қалалық әкімдікте өткен арнайы брифингтеқала әкімінің орынбасары Арман Ысқақов мәлім етті.

Оның айтуынша, қоғамдық көліктерде жол жүру құнын көтеру мәселесі жеті ай бойы талқыланған. Облыс орталығындағы жолаушы тасымалдаушылар жанармай мен қосалқы бөлшектердің қымбаттағанын, қызметкерлердің еңбекақысын көтеру керектігін алға тартып, қалалық әкімдікке бірнеше мәрте ұсыныс жасаған екен. Аталмыш мәселе әкімдік тарапынан жан-жақты зерттеліп, кезекті мәслихат сессиясында депутаттар тарифті өсіру туралы өтінішті жөн деп тапқан.

Естеріңізде болса, бұған дейін қаладағы қоғамдық көліктердің 70 пайызының тозығы жеткенін, қызмет сапасы да көңіл көншітпейтінін айтқан болатынбыз. Ал тасымалдаушылар қауымдастығы осы олқылықтың орнын толтыру үшін тарифті 176,5 теңгеге дейін көтеру керектігін алға тартады. Мұның көңілге қонымсыз екенін ескерген қалалық билік өкілдері арнайы құрылған комиссия арқылы өз тарапынан қайта есептеу жүргізіп, жолақысын 90 теңгеге теңестіруді ұсынған.

– Бұған дейін жолаушы тасымалдаушылар тарапынан жасалып келген барлық жеңілдіктер мен тегін жүру санаттары сақталатын болады. 7 мен 15 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер және студенттер 50 пайыздық жеңілдікпен жүреді. Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен 1 топтағы мүгедектер, сонымен бірге, жеті жасқа дейінгі балалар қоғамдық көліктерде тегін қатынайды. Бұл санаттар үшін қалалық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылған, – деді Арман Ысқақов.

Қала басшылығына брифингке қатысқан журналистер тарапынан «егер жолақы құны 90 теңге болатын болса, жолаушыларға тиісінше Астанадағы секілді қолайлы жағдайлар жасала ма, қозғалыс сапасы жақсара ма?» деген сауалдар да қойылды. Себебі, олар баға көтерілгенімен, тұрғындар сол баяғысынша ескі, суық әрі уақытынан үнемі кешігіп келетін автобустарда қатынай бере ме деп алаңдаулы.

Брифингке қатысқан Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Асқар Жақсылықов осыған дейін қалалық қоғамдық кеңестің жиналысында тасымалдаушыларға қаратып айтылған шарттар мен талаптардың барлығы да сақталатынын, орындалуы қатаң бақылауға алынатындығын жеткізді. Одан бөлек жыл сайын қалада жылы аялдамалар саны артып, автобус парктері жаңа қоғамдық көліктермен жаңартылып отырмақ.

– Біз қалалық бағыттар бойынша конкурс өткізгенде, жолаушы тасымалдаушыларға жол шығынын ақтамайтын тиімсіз әрі ұзақ бағыттарды да қосып береміз. Сол арқылы қала маңындағы елді мекендерге де автобус қатынасын ашып отырмыз. Жақында 22-23 ықшам аудандарға да қоғамдық көлік жүргіземіз. Қалада екі жылы аялдама іске қосылды. Келесі жылы тағы екеуін іске қосамыз, – дейді Асқар Жақсылықов.

Сонымен қатар, жолаушы тасымалдаушылар да жаңа тарифке көшкенде, ұзын саны 112 қолайлы жаңа автобус алуға және жүргізушілер мен кондукторлардың еңбекақысын көтеруге уәде беріп отыр. Бұл жөнінде қала басшылығы Өскемен қаласы бойынша арнайы бағдарлама да әзірлеген.
Сондай-ақ, брифингте жолаушы тасымалдаушылар тарапынан автобус жүргізушілерінің дені жасы ұлғайған адамдар екені, олардың орнын алмастырар жастардың мүлдем жоқтығы да айтылды. Сондықтан кәсіптік-техникалық оқу орындарында автобус жүргізушілерін көптеп даярлау мәселесі де көтерілді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button