Жолаушылардың алғысын алып жүр
Мемлекеттік «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының көптеген адамдар үшін аса қолайлы болып, олардың өздері межелеген тіршіліктерін жүзеге асыруларына септігін тигізіп отырғаны белгілі.
«Көңілдегі көрікті ойды базардағы нарық бұзады» дегендей, сан қадамға құлаш ұрса да, қаражаттың жоқтығы аяғына тұсау болып келген бірқатар талапты жандар осы несиеге қол жеткізген күннен бастап көңілдері қалаған шаруаға бел шеше кірісіп, кейбіреулерінің қазірдің өзінде әжептәуір табыстарға қол жеткізе бастағаны да шындық.
Осындай талапты да табанды жандардың бірі деп біз Күршім ауылының тұрғыны гүлайым Орынбасарованы атаған болар едік. Өзі де, жұбайы да көптен бері жұмыссыз болып, қиындық көрген ол «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын өзі үшін туып тұрған бір мүмкіндік деп бағалады. сөйтті де, дереу бизнес-жоспарын жасап, тиісті құжаттарды жинауға кірісті. біршама уақыт жатпайтұрмай жүгіргенінің арқасында аталған 3 млн. теңге несиеге де қол жеткізді.
– Бизнес-жоспарда несие алу мақсатын «Жолаушылар тасымалдау үшін» деп атап көрсеткен болатынмын, – дейді гүлайым сейілханқызы. – Өйткені, аудан әкімдігінде болып жататын үлкенді-кішілі жиындарда үлкен ауыл Күршімнің ішінде автобустың жүрмейтіндігі, мұның өзі тұрғындар үшін үлкен қолайсыздық болып отырғандығы жиі сөз болып, бірақ шешімін таппай жүрген-ді. Аудан басшылығымен келісім жасай отырып, мен осы олқылықты жоюға тәуекел еттім. сол ойға нық бекіген соң, жолдасым қанат екеуіміз Өскемен қаласында орналасқан «Вираж» автосалонына барып, несиеге тиген қаражатымызға 12 орындық «газель» шағын автобусын сатып алдық. Міне, содан бастап өз бағытын Мульковое ауылынан бастайтын шағын автобусымыз Күршімнің ішіндегі алдын ала белгіленіп қойылған аялдамаларды аралап жүріп, жүргіншілерді тасымалдауда.
Бас-аяғы 5-6 шақырымды құрайтын аудан орталығының халқы үшін бұл автобустың жүруі үлкен жақсылық болып отыр. тұрғындар қазір аялдамаларға кешікпей келіп тұратын автобусқа үйреніп қалды. Өткенде аздаған кінәраты болып, бір күн жүрмей қалғанда, жұрттың реніш білдіріп, кәдімгідей алаңдағаны – осының айғағы.
– Біздегі билет бағасы – 70 теңге, – дейді жүргізуші, гүлайымның жолдасы қанат Орынбасаров. – Әзірше «өкіртіп» табыс таба қоймасақ та, келешектен үмітсіз емеспіз. бизнес-жоспарда жұмыс орнын ашу талабы атап көрсетілген ғой, міне, Гүлайым бір орын ашып, мені жұмысқа алып отыр. Жанармай бағасы қымбат, ал кешке дейін жүретін үлкен көлік бензинді шақ келтірмейді.
Аудан басшылығына барып, жағдайды айтқанымызда, ондағылар «көмектесеміз, қолтықтан сүйейміз» – деп уәде берген болатын. сол уәде орындалса, бізге үлкен көмек, Күршім тұрғындарына өте бір қолайлы жағдай болар еді. аудан басшылығы халықтың жағдайы үшін айтылған уәдесінде тұрады, сөйтіп, 10 мыңға тарта тұрғыны бар Күршімнің көшелерін бойлап кісі тасып жүрген бірденбір автокөлікке қолдау көрсетеді деп ойлаймыз.
Күршім ауданы