Қоғам

Жолаушыға жөн сілтеп, сәт сапар тілейді

Жолаушыға жөн сілтеп, сәт сапар тілейді


«Құрметті жолаушылар, Өскемен-Катонқарағай бағытындағы автобусқа отырғызу басталды. 10-тұғырнамаға өтулеріңізді сұраймыз». Қалаға алғаш табанымыз тигенде ең бірінші естіген қазақша сөз осы болатын.

Облыс орталығынан ұлан-ғайыр қазақ даласының әр түкпіріне жолға шыққан адамның барлығына жөн сілтеп, сәт сапар тілейтін жандар кім екен деген сауал қалған сол кезден. Ол кездегі тамақпен сөйлегендей болып естілетін дауыстың орнын бұл күнде тұнық та таза дауыс ауыстырған. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осынау биязы үн мен мінсіз дикция иелерін көпшілікке таныстыру үшін қаладағы орталық автобекетке бас сұқтық.

Адам әрең айналатын кабинада жамырай шырылдаған үш телефонға кезек-кезек жауап беріп, арасында келген-кеткен автобустардың қозғалысын микрофонмен хабарлап, жылы жүзді қазақ қызы отыр. Кабинаның залға қараған торкөзінен сығалап, кеңес сұрағандарға да жауап беруге уақыт табуда. Кеудесіндегі бейджге көзіміз түсіп еді, «Әсел Райова» деген жазуды оқыдық. Бір сәт «Бүгін бұл кісіден сұхбат алу мүмкін емес-ау» деген ой келді санамызға. Бірақ ол күдігімізді екінші диктор келіп сейілтті. Бірден Әсел Райованы әңгімеге тарттық.

Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында туған кейіпкеріміз бала күннен Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің конкурстарына қатысып, жүлделі орындар иеленген екен. Кейін инженер-эколог мамандығы бойынша жоғары білім алған ол дипломына сай жұмыс таппай жүргенде, «Автобекетке диктор» қажет деген хабарды естиді. Жерлесінің кең тынысты шығармаларын мүдірмей мәнерлеп оқып үйренген Әселге мұндағы қысқа хабарларды ел құлағына жағымды, санасына сіңімді етіп жеткізу қиынға түсе қоймапты.

-Автобекеттегі тұңғыш диктор – менмін. Маған дейін хабарламаларды кассирлер оқып келіпті. Осыдан екі жыл бұрын бекеттің басшылығы мекеменің жұмысына жүйелі өзгеріс енгізіп, диктор-консультант деген штат ашты. Үміткерлерді екі ай бойы кастингтен өткізген. Солардың арасында менің бағым жанса керек, – дейді Әсел.

Автобекетте диктор болу, біз ойлағандай, оңай жұмыс емес екен. Оның үстіне консультанттық міндеті және бар.

-Көп адамдар бізді отырып алып, дайын хабарламаны зуылдатып оқумен күн өткізеді деп ойлайды. Мүлде олай емес. Күн

сайын түрлі ақпарат сұрап жүздеген жолаушы келеді. Жол азабы деген оңай емес қой, автобустан кешігіп қалса да, билетке ақшасы жетпесе де, бізді кінәлайтын адамдар болады. Билетті бетімізге лақтырып кеткен жағдайлар да болды. Жұмыс болған соң, кез келген пенде болған соң сабырмен қабылдаймыз, – дейді диктор.

Әсел серігі Мархаба Кеңесованы да осы жұмысқа өзі үйретіпті. Алғашында қытай тілінің аудармашысы болған Мархаба біртіндеп дикторлықты меңгерген екен.

Ол мұнда бір жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтады. Ұлан ауданының тумасы халықаралық қатынастар мамандығын бітіргендіктен, қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгерсе керек. Жалғыз аудармашылыққа қарап қалмау үшін Мархаба да дикторлыққа бет бұрады. Ал автобекет директоры Алмас Бейсенғазин келешекте үш тілде хабарлау тәсілі жолға қойылатынын айтады.

-Ол кезде керісінше Мархаба серігі Әселге тіл үйрететін болады, – дейді директор.

Күнұзақ кабинада тапжылмай отырғанымен, бұл жұмыстың да өз қызығы бар көрінеді.

-Мұнда іш пысу деген жоқ. Түрлі қызық оқиғаларға тап болып жатамыз. Бір рет микрофонды өшірмей қойып, әріптесіммен әңгімемізді бүкіл автобус күтушілер естіп қойған жағдай болған, – деп еске алады Мархаба.

Ол Ұлан ауданының Бозанбай ауылында туғанымен, Семейде өскенін айтады. Алайда, жазғы демалыс сайын Бозанбайда ата-әжесіне автобус арқылы қатынап тұрыпты.

-Сол кезде кассирдің хабарландыруына мүлде мән бемейтінмін. Билеттегі ақпаратқа ғана жүгінетінмін. Ал енді өзім сол кассирдің орнында өзім хабарландыру оқып жүрмін, – деп күлді.

Таңғы сағат 6.30-дан кешкі сағат 21.00-ге дейін ауыз құрғатпай хабарлама оқып, жолаушыларға кеңес беру шаршатпай қоймайтын көрінеді.

– Екі күннен кезектесіп жұмыс істейміз. Екінші күні шаршағанымыз сондай, үйге барған соң көп уақыт сөйлемей, жағымызды демалтамыз, – дейді Мархаба.
Диктордың даусы автобекеттен алыстап кеткенше саңқылдап естіліп тұрды. Жолаушылар болса, бұйрыққа бағынышты жандардай диктордың айтқанын екі етпей орындауда. Жолаушыға жөн сілтеп, кәсібінен сауап сауып жүрген бұрымдылар төл мейрамдарында да демалмайды. Өйткені, бірі анасын, бірі жарын, бірі туғанын, бірі әріптесін құттықтауға асыққан жолаушыларға жол көрсетіп, сәт сапар тілейтін де адам керек өмірде.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button