Қоғам

Жолақы қымбаттамайды

Семейде қыркүйектің ортасынан жаңа бағыттағы қалаішілік автобустар қызмет көрсете бастайды.

– Кейбір жолаушылар тасымалдаушы компаниялардың иелері өз міндеттерін орындамай отыр. Соның кесірінен кейбір автобустар уақтылы жүрмейді. Мәселен, «Азия Combi» мекемесі жұмыс белсенділігін 33%-ға, «Семавтопарк» болса 37%-ға дейін төмендетіп алған. Тұрғындар кешке қарай автобутар ерте тоқтап қалады деп шағымданады. Жағдайды жақсарту үшін неше рет келіссөз жүргізіп, шара қолдандық. Тексерулер нәтижесінде бір бағытта бірнеше автобус бірін-бірі қайталап жүретіндігі, ал кейбір бағыттарда мүлдем жүрмейтіні анықталды. Бұл дұрыс емес, оны реттеу керек, – деп түсіндірді қала әкімі Ермак Сәлімов.

Шаһар басшысының сөзінше, бірнеше автобус бағыты өзгермек. Айталық, 13 маршрут: №№10, 17, 19, 23, 31, 32, 37, 38, 40, 45, 50, 53, 57 бағыттарындағы 100 автобус жұмысын тоқтатады. Оған қоса қалада үлкен автобустар азайып, орташа автобустар көбейеді. Ал «Газель» маркалы шағын көліктерге мүлдем тыйым салынады.

Сондай-ақ жаңадан салынған Қарағайлы ауданына да автобустар шығарылған. Мәселен, №4 автобус Қарағайлыдан Авиаторлар қалашығына дейін, №7 автобус Химкомбинаттан «Северный»  сауда орталығына дейін, №10 автобус теміржол вокзалынан әуежайға дейін, ал №57 автобус «Жансая» базарынан Жарқын шағын ауданына дейін жүретін болды.

Келер жылдан бастап бұл жүйеге 170 жаңа автобус қосылады. Оның ішінде «Daewoo» маркалы 30 автобус, дәл осындай маркамен орта класты 80 автобус және 60 шағын «Dong Feng» автобусы бар. Сөйтіп, қаланың автопаркі 86%-ға жаңармақ. Бұдан кейін электронды билеттендіру қолға алынады. Енді жолаушылар қоғамдық көлікте арнайы карточкамен жүреді. Бұл жүйе келер жылдан бастап қолға алынады және оның билет құнына ешқандай әсері болмайды.

– Тариф қымбаттамайды, тасымалдаушылар өздерінің еңбек тәртібін дұрыстап, уақтылы жұмыс істеуі керек. Себебі ол өздеріне де экономикалық жағынан тиімді, уақыт ұтады. Жолаушылар тасымалдаушы компания иелері таңғы сағат алтыдан кешкі онға дейін жұмыс істеу үшін келісімшартқа отырады. Енді бірыңғай жұмыс кестесі болады. Біз әр автобустың қозғалысын көріп, бақылап отырамыз. Автобус қашан шықты, қашан қайтты, оның барлығы цифрландыру арқылы бақыланады. Жүргізушінің мәдениеті, автобустың тазалығы, кондукторлар мен жүргізушілердің киім үлгілері –осының барлығы бекітіледі, – деді қала әкімі.

Автобустардың жұмыс кестесін сақтамайтыны туралы жолаушылар жиі арыз айтады. Мәселен, тексерулер нәтижесінде 1750 рет ереже бұзу дерегі анықталған. Оның ішінде маршрутты өз бетімен өзгерту, санитарлық тазалықтың нашарлығы, жұмыс кестесінің бұзылуы сияқты жайттар. Сондай-ақ жолаушылардың дені кондукторлармен арада болатын ұрыс-керіске байланысты жиі шағымданып жатады.

– Біз электронды билеттендіруді жүзеге асыру үшін мамандарымызды Минск, Атырау, Бийск, Барнаул, Көкшетау және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жібердік. Қазір таңдау екі компанияға түсіп тұр. Бізге бағасымен қатар, жұмыстың сапасы да керек. Себебі қаржы бюджеттен тыс инвестор арқылы құйылуы керек және халықтың өтінішіне орай жолақы 80 теңгеден аспауы керек. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер арқылы сын айтып жатқандар көп. Жолаушылар тасымалының проблемасын түбегейлі шешуді қарастырып жатырмыз, – деп түсіндірді Ермак Сәлімов.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

 

Осы айдарда

Back to top button