Жол жөндеушілер тәуліктік режимге көшеді

Облыс орталығында жол жөндеу жұмыстарының қарқыны сылбыр. Қаланы абаттандыру жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов осылай деді.
– Маусымның ортасы болып қалса да, жұмыстың мандитын түрі жоқ. Сондықтан мердігер компанияның барлығы тəуліктік режимде жұмыс істеу керек. Жаңадан пайда болатын бөліктер де, күрделі жөндеу жүріп жатқан көшелер де тезірек халық игілігіне берілсін. Оған қосымша қаржы бөлуге дайынбыз. Тек игере алсаңыздар болды, – деді облыс əкімі.
Қайсенов кенті мен Шешек асуын жалғайтын төрт жолақты айналма жол келер жылы аяқталады деп жоспарланған. Мұндағы жұмысты жылдамдату үшін биыл бөлінген 146 млн. теңгеге қосымша 1,2 млрд теңге берілмек. Жалпы ұзындығы үш шақырым болатын айналма жолдың құрылысы 2,7 млрд. теңгеге бағаланған.
Аталмыш айналма жол Алматы, Семей бағытындағы жолдарды Самар тасжолына тікелей қосатын болады. Осының арқасында сырттан келген көліктер қаланың ішінде бөгелмей, айналма жолмен қатынамақ.
– Бұл жол қала ішіндегі Сәтпаев даңғылынан Шешек асуына дейін жалғасады. Асу тым биік болғандықтан, жол тағанын 10 метрге көтеру қажет. Екі арадағы Южный көшесінің бойында батпақты учаске бар болып шықты. Ол жерді екі метр тереңдікте аршып, орнына қиыршық төседік. Осы сияқты қосымша шығындар жобалау құжаттарында қарастырылмаған, – дейді мердігер компания басшысы Ұлықбек Тұмашинов.
Ал Сəтпаев даңғылынан түсетін 8 жолақты жол биыл түгел қолданысқа берілуі мүмкін. Ол үшін тағы 700 млн. теңге қажет. Меновное кенті мен Сəтпаев даңғылының арасындағы жолды 4 жолаққа кеңейту жобасы мерзімінен кешігетін түрі бар. Мердігер бөлінген 600 млн. теңгенің 500 млн. теңгесін ғана игеруге болатынын айтады. Ал даңғылмен түйісер тұсын бүгін жасағанымен, ертең ол екі деңгейлі айрық түскенде қайтадан бүлінуі мүмкін. Жобалаудағы жөн-жосықсыз қателер бір бұл емес болып шықты. Ахмер ауылы мен Меновное кентін, Қалқыма көпір ауданы мен Ахмер ауылын жалғап жатқан жолдардың енін кеңейту үшін астындағы тағанын нығыздау жұмыстары жобалық құжаттарға енбей қалған.
– Бізге қазіргі жоба бойынша кеңейтіп кете беруге болады. Бірақ көп өтпей ондай жол жүруге келмей, отырып кетеді. Сол үшін жобаға түзету керектігін айтқанбыз. Қалалық ТҮКШ бөлімі əлі қайта жобалау туралы келісімшарт жасаған жоқ. Жұмыстың тоқтап тұрғаны содан, — дейді «Су Проект» ЖШС өкілі.
Мердігердің айтуынша, қайта жобалаудың өзіне кем дегенде 4 ай уақыт кетуі мүмкін. Осының салдарынан қаладағы ең тозығы жеткен жол бөлігін жөндеу тағы бір жылға шегерілуі мүмкін. Айтылған кемшіліктерді жою жоспарын дайындауға бір апта уақыт берілді. Сол жоспар бойынша қай нысанға қанша қаржы бөлінетіні белгілі болады.

Өскемен бойынша барлығы 300 ауланы абаттандыру жоспарланған. Яғни шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы жаңа заман талабына сай болады деген сөз. Бұл мақсатқа биылдың өзінде 900 млн. теңге бөлінді. Мердігерлер бұл соманы күзге дейін игеріп бітіруге міндет алып отыр.
Облыс әкімі Карбышев және Севастопольская көшелерінің тұрғындарымен кездесуінде аталмыш сомаға 80 тұрғын үйді қамтитын 12 аула жаңаша абаттандырылатынын айтты. Абаттандыру картасына енген аумақта үйлер арасындағы көлік жолдары 6 метрге дейін кеңейтіліп, балаларға арналған ойын алаңқайы мен жастарға арналған Street Workout алаңы, ересектерге арналған сұхбат шатырлары орнатылатын болады. Қажет қаржының бірінші траншы берілгенімен, жауапты мердігер жұмысқа әлі кіріспеген.
– Бір ретте қаладағы бүкіл ауланы қамту мүмкін емес. Сондықтан әр тұрғын ауданнан алаңдар іріктеп алынған болатын. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі енді өздері жоспарлаған межені орындай алмай отыр. Бір аптадан кейін осы жерге қайта келемін. Сол кезде мұнда жұмыс қызу жүріп жатуы керек. Қалған транш сол кезде ғана бөлінеді, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы қаланың сәулеті мен сәнін бұзып тұрған сауда нүктелерін сынға алып, қала басшылығына сыннан қорытынды шығаруды тапсырды.
Есімжан Нақтыбайұлы