Қоғам

Жол жөндеуге ерекше мән берілді

Жол жөндеуге ерекше мән берілді

Күршімдегі өткелде көпір салына ма? Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қандай? Осы және өзге де мәселелер жөнінде Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаевтың қатысуымен өткен брифингте мәслихатында айтылды.
Балық өнімдерін шығарумен айналысатын «Төретоғам» ЖШС былтыр қайта құрылып, Зайсан көлінің Күршім жақ жағалауынан он жылға балық аулау құқығына ие болды. Бүгінгі таңда кәсіпорынның күніне 30 тонна балық қабылдап, мұздата алатын қуаты бар. Сондай-ақ, балықтың бес тонна сұрпы етін дайындап беру мүмкіндігіне ие. Жұмысы қайта жанданған өндіріс орны балық өнімдерін Литва, Ресей мемлекеттеріне саудалап отыр. Өнім өндіруде ауылшаруашылық саласы да қалыс қалысып тұрған жоқ. Соңғы сегіз айда жалпы 8 млрд. 30 млн. теңге көлемінде ауылшаруашылық өнімі өндірілді. «Агробизнес- 2020» бағдарламасы аясында малдың үлес салмағын арттыру үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Биыл ауданда отыз шаруа қожалығы, шағын кірпіш өңдеу цехы, наубайхана, шағын құс өсіру шаруашылығы, үш сауда дүкені, супермаркет, караоке бар, мейрамхана, тойхана ашылды. Демек, екі қолға күрек таппай жүргендер жұмыспен қамтылды. Сарыөлең, Қалғұты, Ақбұлақ Мөнкей орта мектептерінің ғимараттарына ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жергілікті тұрғындардан 11 адам жұмыспен қамтылды. Ақжайлау ауылындағы 80 орындық мектептің құрылысы аяқталып, жуықта пайдалануға беріледі. Аталмыш ауылдағы отбасылық дәрігерлік амбулатория ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Ал Үшбұлақ ауылындағы 80 орындық мектептің құрылысын аяқтау үшін атқарылған жұмыстарға сараптама жүргізіліп, келесі жылға қаржы қарастырылмақ.
– Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды кешенді дамыту бағыты бойынша он үш адамға 41 млн. теңге несие берілді. Жоспардағы жеті жоба іске асырылғаннан кейін 13 адам жұмыспен қамтылады, – деді Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаев.
Соңғы төрт жылда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес 301 жоба іске асырылып, көптеген жұмыс орындары ашылған екен. Ал бұл жылы 633 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жоспарды орындау үшін бүгіннің өзінде 599 жаңа жұмыс орны ашылып та қойды.
Ауданда жол жөндеу мәселесі де назардан тыс қалып отырған жоқ. Аудан әкімінің айтуынша, «Омбы-Майқапшағай – Қалжыр-Теректі» автомобиль жолының 112-124 шақырымындағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Енді «Күршім – Қалжыр» бағытындағы жолдың 85-92 шақырымы осы қазан айында аяқталуы тиіс.
Брифинг барысында аудан әкімі Сейсенғазы Чукаев журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, Бұқтырма су қоймасынан Күршімге қарай көпір салу мәселесі толығық шешімін таппағанын жеткізді.
– Шетелдік инвесторларды тарту жоспарланған. Соған орай Оңтүстік Кореядан келген компания өкілдері бүкіл жағдайды зерттеп, 21 млрд. теңгеге жуық қаржы қажет екенін айтты. Алайда, ол көпір өз-өзін ақтай ала ма деген сұрақ туындады. Жалпы, бұл мәселе әлі де қарастырылуда. Егер инвесторлар ниет білдіріп, көпір құрылысын бастаймыз десе, құба-құп, – деді аудан әкімі.
Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты орнатылған Барақ батыр ескерткіші биыл ашылмайды. Аудан әкімінің айтуынша ескерткіштің салтанатты ашылуын келер жылдың еншісіне қалдырып отыр.

Мерей Қайнаров

Осы айдарда

Back to top button