Қоғам

Жол жөндеуге ден қойдық

Жол жөндеуге ден қойдық


Биыл өңірдегі жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деп саналатын жолдардың үлесі 79 пайызға дейін ұлғайтылмақ. Бұл жөнінде облыстық әкімдіктің кезекті мәжілісінде жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов мәлім етті.

Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенер болсақ, осы жылы облыстық және аудандық дәрежедегі жолдарды, сонымен бірге елдімекендердегі көшелерді жөндеуге жергілікті қазынадан 20 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. Қаржының 7 миллиардқа жуығы жолдарды жөндеуге, 3 миллиарды оларды күтіп-ұстауға, ал қалған 10 миллиарды көшелерді қалпына келтіруге қарастырылған.

Ағымдағы жөндеу, яғни ой-шұңқырларын жамап-жасқау жоспарланған жолдардың қатарына Өскемендегі 10 шақырымдық және Семейдегі 15 шақырымдық көшелер еніпті. Мұнымен қоса, Аягөз, Бородулиха, Шемонайха, Алтай аудандарындағы бірқатар жол учаскелері жөндеу көрмек.

Қар еріп, жер құрғасымен Шығыстағы қос ірі шаһарда көше жөндеу ісі қарқынды басталып кетті. Облыс орталығында Тоғас көшесіне (қалқымалы көпір мен Ахмер ауылы арасы), Сәтпаев даңғылына (Жібек жолы көшесі мен Қазыбек би даңғылы арасы), Жібек жолы көшесіне (Сәтпаев даңғылымен қиылысында оңға қарай бұрылыс салынады), Меновное мен Ахмер ауылдары арасындағы автожолға қайта жаңғырту жүргізілетін болады.

Мәжілісте аймақ басшысы Даниал Ахметов былтыр Семей мен Қарауыл арасындағы тасжол жөнделгенін, жұмыстарға жергілікті бюджеттен екі миллиард теңге жұмсалғанын айтты. Алайда іс сапасыз атқарылған. Көктем шыққанда 30 шақырымдық жолдың асфальты қармен бірге «еріп кеткенге» ұқсайды. Ең сорақысы жұмысты атқарған мердігер ұйым кепілдік аясында олқылықтарды жоюдан бас тартыпты.

– Осы жайтты мұқият зерделеп, заңға сай мердігерді жауапқа тарту қажет. Жолдардың бүлінген тұстары талапқа сәйкес қалпына келтірілетін болсын, – деп тапсырма берді сала жетекшілері мен Абай ауданы әкіміне Даниал Ахметов.

Сондай-ақ облыс әкімі жиында Аягөз – Ақсуат жолын жөндеуге жобалық құжаттар әзірлеуді жүктеді. Осы жылы аталмыш трассаның 80 шақырымына асфальт төселуі тиіс. Осылайша, Зайсан, Тарбағатай, Аягөз және Үржар секілді өңірдің төрт бірдей ауданын бір-бірімен жалғап жатқан күре жолдың сапасы артып, көлік қатынасы көбеймек.

Осы жылы облысымыздың 3,5 мың шақырымдай республикалық маңыздағы жолдары жөнделеді. Бұл жұмыстарға ел қазынасынан және халықаралық қаржы ұйымдарынан 52 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінуде.

Әкімдік мәжілісінде «Қазавтожол» компаниясы облыстық филиалының директоры Іңкәрбек Атабаев осы ақпаратты алға тартып, жоспарланған істерімен бөлісті.

Қазіргі кезде облыста Өскемен – Қалбатау – Алматы облысының шекарасы және Қалбатау – Майқапшағай жолдарына күрделі жөндеу басталып кетті. Бірер күннен соң жолшылар Омбы – Майқапшағай, Таскескен – Бақты жолдарын жөндеуге кіріспек. Бұл нысандар ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Бүгінде осы учаскелерде 365 жол техникасы мен 750 жұмыскер қызу еңбек етуде.

Жиында белгілі болғаны, Өскемен – Алтай – Рахман қайнары автокөлік жолының жөндеуі кейін шегеріліп отыр. Себебі құрылыс жүретін жер телімдері әлі де орман қорынан көлік қорына ауыспапты. Құжаттар ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауында жатыр екен.

Филиал басшысы биылғы жазда Семей – Қайнар автожолының бойындағы Ащысу өзені арқылы өтетін көпірдің күрделі жөндеуі басталатынын жеткізді. Мұнымен қатар, Өскемен – Рахман қайнары жолы бойындағы бес бірдей көпірді және Үлкен Нарын ауылындағы ДЭУ-27 мекемесіне қарасты өндірістік базаны жөндеу бойынша құжаттар әзірленіп жатқан көрінеді.

Осы жылы республикалық дәрежедегі 194 шақырым жол орташа жөнделеді. Олар: Өскемен – Семей, Өскемен – Рахман қайнары, Семей – Қайнар, Аягөз – Баршатас және Қалжыр – Марқакөл күре жолдарының жекелеген телімдері. Бұл жұмыстарға ел қазынасынан 4,3 миллиард теңге қарастырылыпты. Жолшылар бұл учаскелерге сәуірдің соңында кірісеміз деп отыр.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button