Қоғам

Жол жөндеудің озық технологиясын пайдаланады

Жол жөндеудің озық технологиясын пайдаланады

Шұрық-шұрық тесік, жұлынған асфальт… Бұл – Глубокое ауданындағы Предгорный мен Алтай ауылдары арасындағы жолдың жайы. Тозығы әбден жеткен Предгорный-Алтай тасжолы биыл жөнделетін болады. Осы күнге дейін «Востокцветмет» ЖШС (бұрынғы «Қазақмыс») қарамағында болып келген тасжол жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін аудан балансына өтеді.
Ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары, «Востокцветмет» ЖШС және «Даму» қоғамдық қоры арасындағы үш жақты келісімге сәйкес, Алтай ауылына дейінгі 8,52 шақырым жол және Верхберезовка ауылындағы Красноярка өзені үстімен өтетін көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Осы мақсатқа 77,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Бүгінде жөндеу жұмыстарына сегіз техника жұмылдырылған. Жол бойында жұмыс қызу жүріп жатыр. Оның сапасын бақылау тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі мен «Шығысжоллаборатория» аймақтық мекемесі, сондай-ақ, «ПриИртышье» КМК жүктеліп отыр.
– Жөндеу жұмыстарын «ДСУ-11» ЖШС атқарады. Бұл мекеме тегіннен тегін таңдалып алынған жоқ. Облыста тек екі кәсіпорын ғана жөндеу жұмыстарын заманауи мамандандырылған техникамен жүргізеді, соның бірі – осы бөлімше,-дейді бөлім басшысы.
Кәсіпорын қолданатын «Vogele» атты асфальт төсеуші машина жол төсеудің инновациялық технологиясын пайдаланатын көрінеді. Оның ең басты артықшылығы – ыстық асфальтті жолдың әр бөлшегіне біркелкі қалыңдықта әрі ауыр жүкке төзімді етіп төсейді. Бөлім басшысының айтуынша, жолдың шұңқырлары жамалып қана қоймай, үстінен жаңадан бір қабат асфальт төселетін болады.

Лаура Тілеубайқызы
Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button