Жол үстіндегі «жұлдыздар»
Өскемендегі №30 жол-пайдалану учаскесінің ұжымы өз қарамағындағы Алматы-Өскемен, Өскемен-Семей, Өскемен-Зырян бағыттарындағы жалпы ұзындығы 256 шақырым болатын жолды күтіп ұстауда тиянақты еңбек етуде.
Қазір олар Алматы-Өскемен бағытындағы трассаның жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бүгінге дейін 30 миллион теңге қаржыны игеріп қойды.
Сондай-ақ, Өскемен-Семей тас жолын орташа жөндеуден өткізіп, дәл осындай жұмысты қазір Өскемен-Зырян бағытындағы жолға жүргізуде. Одан бөлек аталмыш мекеме жол белгілерінің орнатылуына, аялдамалардың болуына және бүлінбеуіне, жол бойының тазалығына жауап береді.
Материалдық-техникалық базасы жақсы бұл ұжымда барлығы 30 адам жұмыс істейді. Олар қажетті құрал-жабдықтармен, арнайы киіммен, тамақпен қамтамасыз етілген. Орташа айлық еңбекақылары 90 мың теңге. Ұжымда тәжірибесі мол тісқаққан мамандар да, енді ғана еңбекке араласқан жалындаған жастар да бар. Аға буын өкілдері кейінгі жастарға бар білгенін үйретіп, шеберліктерін шыңдай түсуде.
Кәсіпорынның қар тазалайтын техникалары, түрлі маркалы тракторлары мен автогрейдерлері бар. Ұлан ауданының Таврия ауылында және Зырян ауданының Северное ауылында жол-пайдалану пункттері орналасқан.
Инженер-құрылысшы мамандығын меңгерген кәсіпорын басшысы Дастан Тоқтыбаевтың айтуынша, оның бұл салада істеп жүргеніне он жыл болыпты. Өзі – Жарма өңірінің тумасы. Бұған дейін Жарма және Көкпекті аудандарында жол шебері, жол инженері болып тәжірибе жинақтаған азамат бүгінде облыс орталығында үлкен бір кәсіпорынның шаруасын ұршықтай иіріп отыр.
– Республикалық маңызы бар жолдарға «Қазақавтожол» кәсіпорны жауап береді. Біз тек жолдардың күтіміне жауаптымыз. Ал жол құрылысымен басқа компаниялар айналысады. Әу баста дұрыс салынбаған жол жарты жыл, бір жыл болмай ойылып, тесіліп кетеді. Біз тек сол шұңқырларды бітеп, жөндейміз. Біздің жұмысшылар күн демей, түн демей еңбек етеді, – дейді Дастан Тоқтыбаев.
Жолдарды күтіп ұстауда, жол белгілерін орнатуда және басқа да жұмыстарда кәсіпорын аудан, ауыл әкімдерімен, жол-патрульдік полициямен жұмыла жұмыс істейді. Мәселен, осындай бірлесе қимылдаған іс-әрекеттің арқасында Ұлан және Глубокое аудандарының елді мекендерінде қар тоқтататын қорғандар салынып, Зырян ауданында ағаштарды өрттен қорғау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылған.
Кәсіпорын басшылығы тарапынан жұмысшыларға қойылатын талап – еңбек тәртібін сақтау және жұмыстың сапалы атқарылуы. Жұмысшылар да бұған үйреніп алған, өз шаруаларын тыңғылықты орындауға, еңбек тәртібін бұзбауға тырысады.
Бүгінде №30 жол-пайдалану учаскесі Өскемен-Семей тас жолының бойында жолаушылар үшін тоқтап, тынығатын арнайы орындар жасап, орындықтар, қоқыс тастайтын жәшіктер орнатып жатыр. Жол бойына жас шыбықтар егу, бұлақтардың көздерін ашу сияқты жұмыстар да назардан тыс қалмауда.
Мұның сыртында Өскемен-Зырян жолының Осинов асуында қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Қысқасы, кәсіпорынның ұжымы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып білікті басшының жетекшілігімен жұмыла қимылдап, алға қойған міндеттерін абыроймен атқаруда. Қыстың қақаған аязы мен жаздың шыжыған ыстығында жан аямай еңбек қылған бұл мамандық иелерін «жол үстіндегі жұлдыздар» десек те жарасады емес пе?!
Мира Берікболова