Қоғам

Жол үстіндегі жаяу өткел жазатайым оқиғалардан сақтайды

Жол үстіндегі жаяу өткел жазатайым оқиғалардан сақтайды


Жаңа өткел жаяу жүргіншілерді жазатайым апаттан сақтайды. Тәуелсіздік күні қарсаңында қолданысқа берілген жол үсті өткеліне облыс әкімі Даниал Ахметов осындай баға берді.

Өскемендегі Абай және Тәуелсіздік даңғылының қиылысын басып өту үшін жаяу жүргіншілерге екі бағдаршамнан өту қажет-тұғын. Жаяу жүргіншілер жолағында жазатайым жағдайлар да жиі орын алатын. О баста құны 400 млн. теңгеге бағаланған жаңа өткел сол қауіпті біржола сейілтеді деген үміт бар.

– Өткел де жақсы шығыпты. Мердігердің сапаға мән бергені көрініп тұр. Күні бүгінге дейін осы тұстағы жаяу жүргіншілер жолағында 57 жазатайым жағдай тіркеліпті. Жаңа өткел сондай жазатайым жайттардан сақтайды, – деді облысәкімі.

Құрылысшылар нысан құрылысына қандай материалдар мен технологиялар пайдаланылғанын баяндап, өткелдің жұмыс тәртібін түсіндірді. Жерден алты метр биіктікте тұрған нысанда жүріп-тұруы қиын жандарға арналған жеделсаты да бар. Болашақта қаладағы барлық мұқтаж жандарға жеделсатының кілті таратылуы мүмкін. Ал шыныдан қаланған өткел құрсауының төбесі доға пішіндес етіп алынған. Бұл жауған қардың өздігінен сусып түсуі үшін жасалыпты. Өйтпеген жағдайда еріген қар мұз сүңгілеріне айналып, астынан өткен көліктерге қауіп төнгізуі мүмкін еді.

Өткелдің бір басынан екінші басына дейін аралап өткен аймақ басшысы аялдамада автобус күтіп тұрған қарапайым тұрғындармен де тілдесті.

-Осындай өткелдер Өскеменнің тағы бірнеше бөлігінде қойылады. Шетелде мұндай тәсіл кең тараған. Жаяулар үстімен, көліктер астымен өтеді. Бір-біріне ешқандай кедергі жоқ. Барлығы қауіпсіз қозғалыс үшін жасалуда, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі қозғалыс қауіпсіздігін жетілдіретіндей шараларды қолға алуды тапсырды. Жаңа өткелдің пайда болуы аталмыш аудандағы жол қозғалысына өзгерістер енгізетіні сөзсіз. Әуелі өткел астындағы жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам алынды. Дегенмен, Тәуелсіздік даңғылынан Ертіс көпіріне бет алған көліктер әзірше өткелдің тұсында екі бағдаршамға тоқтай бермек. Бұдан былай Ертіс көпірінен Тәуелсіздік даңғылына құлдилайтын бағыттың оң жақ жолағы тек автобустарға арналмақ. Оны ескертетін белгі де орнатылған. Өткелдің бойында Тәуелсіздік даңғылы «негізгі жол» екенін әйгілейтін белгі, Абай даңғылының басына «Жол бер» деген белгі қойылды. Бағдаршам істен шыққан жағдайда көліктер осы белгілерді басшылыққа алуы тиіс. Ал Тәуелсіздік даңғылының басындағы «кері айналу» алаңы тек Ертіс көпіріне бет алған көліктерге ғана қызмет етпек. Ертіс көпірінен Тәуелсіздік даңғылына бет алғандарға «Тек тура» белгісі қойылған.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button