Қоғам

Жол сапасын тексереді

 Экономиканы дамыту үшін тақтайдай тегіс жол салу керек. Егер барыс-келіс жақсарса, барлық саланың дамитыны айдан анық. Осы мақсатта ӨскемендегіД.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да автолаборатия ашылды. Онда сәулет-құрылыс мектебі мен «Автомобиль жолдарын мониторингтеу және диагностикалау» мамандығының студенттері білім алуда. Мұндағы басты мақсат – аудандық, облыстық, республикалық маңыздағы жол сапасын тексеретін білікті кадрларды даярлап, өңірдегі көлік апаттарының санын азайту.

Көшпелі автолаборатория жұмыс істейді

 Аймақтағы зертханалар бұрын жол сапасын тексеріп, оның кем-кетіктерімен ғана күресіп келсе, жаңа зертхананың міндеті одан да кеңейіп, ауқымы артып отыр.

Университет базасындағы бұл нысандажалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен елді мекендер, қала көшелеріндегі жұмыстар мен материалдар сапасына сараптама жасалады. Сондай-ақ мұнда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын талапқа сай дайындауды жұмылдыру шараларын жүзеге асырып қана қоймай, жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылауға болады.

Университетте студенттердің сапалы білім алу үшін көшпелі автолабораторияжұмыс істейді. Бұл мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында ашылған. Оған қажетті құрал-жабдықтар «ДИМ-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен сатып алынған екен.

– Автолабораторияны жабдықтауға «Казцинк» кәсіпорны қаржылай қолдау көрсетті, – деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың Futurum оқу-өндірістік орталығының жетекшісі Ольга Руденко.

Бүгінде аталмыш жоғары оқу орнының студенттері облыс орталығындағы Жібек жолы, Қазыбек би, Қ.Сәтпаев даңғылдары мен Ахмер кентіндегіжолдарда жүргізілген зерттеу жұмыстарына қатысып үлгерді. Нәтижесінде жастар мол тәжірибе жинақтап қайтты.

Онда студенттер «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» мамандарымен бірлесіп, құрылыс талаптарын дұрыс сақтамаған 249 жауапсыз мердігердің жұмысын анықтады. Оған тиісті шаралар қолданылды. Мәселен, Жаңа Ахмер кентінің маңында жөнделген 3,700 шақырым жол тексеріліп, төрт рет сынама алынды. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес.

– Жол біркелкі емес, кей жерлерді нығыздау керек, кейбір тұсы ойыла бастапты. Сондай-ақ асфальт ылғалданған екен. Бұл тасжол биыл және келесі жылға шыдас береді. Одан арғысы беймәлім, – деген аталмыш орталықтың бас директоры Замир Сағынов мердігерлерге кем-кетіктерді жөндеу керектігін айтты.

Жол құрылысының сапасын тексеру ісі қатаң қада­ға­лаумен шектелмейді. Ол жерде жоба­лық-сметалық құжаттаманың тиімділігі, қа­зір бағаланбай жүрген инженерлік ше­шім­­дердің негізделуі, жол қозғалысы  қа­уіп­сіздігі мен экологиялық тиімділік тұр­­ғы­сынан туындайтын мәселелердің бар­лы­ғы толығымен қамтылады.

Осы салаға қатысты барлық мәлімет Қазақстан жол ғылыми -зерттеу институтында сақталып, жаңартылып отырады. Тіпті, автомобиль жолы саласындағы құзыр­лы органдар табиғи-климаттық жағ­дай­ға, аймақтың экономикалық дамуына байланысты қаржыландыру деңгейін, атқарылатын жұмыстың мекенжайын, мер­­дігерлік мекемелердің  мүмкіндігін, жұ­мыс өнімділігі туралы тағы да басқа көр­сет­кіштердің барлығын біліп отырады. Бұл қадам шұғыл және тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

– Автолабораторияны ашу туралы ұсынысқа облыс әкімдігі мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қолдау көрсетті. Ал біз осы бағыттағы жұмысты жандандырып, жоғары сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында Мәскеу мен Новосібір қаласындағы жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз, – деді Ольга Руденко.

Уақыт пен қаражатты үнемдейді

Облыстағы автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінетін қаражат көлемі жылдан-жылға артып келеді. Оған дәлел де жетерлік. Мысалы, 2017 жылы өңірде жалпы қашықтығы 460 шақырымдай түрлі деңгейдегі жолдар жөнделді. Ал 2018 жылы облыстық маңызы бар жолдар қайта қалпына келтірілді. Аталмыш бағыттағы жұмыстардың тиімділігін одан сайын арттыру мақсатында аймақта жол активтерін басқару жүйесін енгізу жоспарлануда.

Мамандардың айтуынша, еліміздің бірқатар өңірінде жолдардың сапасын тексеру жұмыстары әлі де кеңестік заманның әдістері бойынша, яғни қарапайым сызғыштармен және өзге де өлшеу құралдарымен жүргізіліп келеді. Соның кесірінен көп жағдайда қаражат бөлуде және жұмыстарды сапалы орындауда қателіктер кетіп жатады. Аталмыш олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бүгінде Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары өңір-өңірді аралап, жергілікті билік өкілдері мен құрылысшыларға жолдардың жағдайын айна-қатесіз анықтауға мүмкіндік беретін жылжымалы зертханаларды таныстырды. Оған Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың қызметкерлері де қатысты. Сөйтіп, алматылық мамандар өскемендіктермен жол құрылысы саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Топты бастап келген «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Азамат Жайсанбаев өңірдегі жол сапасын зерттеу мақсатында жылжымалы автозертханалар ашу қажеттігін айтты. Бұл ұсынысқа Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың басшылығы қолдау білдірді. Сөйтіп, облыс орталығында жолдардың сапасын тексеретін автолаборатория ашылды.

– Жолдардың сапасын зерттеу – оңай шаруа емес. Бұл – асқан дәлдікті қажет ететін жұмыс. Сол себепті біз бұрынғы әдіс-тәсілдерден бас тартып, заманауи технологияларға бет бұруды жөн көрдік. Біраз уақыт бұрын даниялық «Dynatest» компаниясының көпфункциялы техникасын сатып алдық. Аталмыш техниканың көмегімен жолдардың, көпірлердің жағдайын жан-жақты талдап қана қоймай, олардың паспортын да әзірлеуге болады. Бұл өз кезегінде уақыт пен қаражатты үнемдейді, – деген Азамат Жайсанбаев техниканың қалай жұмыс істейтінін де түсіндірді.

– Біздің мамандар арнайы құралдармен жабдықталған автокөлікке мініп, қажетті жолдармен жүріп өтеді. Артынша, жиналған мәлімет өңделіп, жол активтерін басқару жүйесі (ЖАБЖ) деп аталатын дерекқорға түседі. Осыдан кейін тіркеуге алынған жолдардың жағдайы мұқият зерделенеді. Жаңа аппаратура белгілі бір жолдың келесі жөндеу жұмыстарын қай жылдары жүргізу керектігіне дейін айтып береді. Жүйе он жылға дейін болжам жасай алады.

Маманның айтуынша, бүгінде мұндай электронды базаның игілігін Еуропаның көптеген елі көріп отыр. Алайда географиялық және климаттық ерекшеліктерге байланысты біздің республика аумағында олардың көбін қолданысқа енгізу мүмкін болмай тұр. «Керек десеңіз, біздегі өңірлердің әрқайсысына бөлек жүйе, өзгеше әдіс қажет. Себебі, әр облыстағы географиялық жағдай мен ауа райы басқа», дейді мамандар. Болашақ электронды жүйенің тағы бір артықшылығы, халықпен кері байланыстың орнатылуында. Яғни, кез келген адам белгілі бір жолдың сапасына қатысты сын-ескертпе айтып, құзырлы органдарға шағымдана алады. Мәселен, қалааралық трассаның бір бөлігіндегі ойық-шұңқырларды байқаған жолаушы оны фотоға түсіріп, орталықтандырылған жүйеге жіберу мүмкіндігіне ие болмақ.

Осы орайда «ҚазжолҒЗИ» мамандары Инвестиция және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетімен бірлесіп, Шығыстағы кейбір республикалық жолдарды тексергенін айта кеткен орынды. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес.

– Зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Семей мен Қайнарды жалғаған тасжолдың 60 пайыздан астамы, Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз бағытындағы тас жолдың 57 пайызы, Өскемен – Риддер – РФ шекарасы трассасының 52 пайызы нашар деп танылған, – деді Азамат Жайсанбаев.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button