Қоғам

Жол құрылысшылары қат болып тұр

Елімізде, оның ішінде Шығыс Қазақстанда жол жөндейтін білікті мамандар тапшы. Тіпті, тас жолдың бойында каток, грейдер, экскаватор секілді техникаларды тізгіндеп жүргендердің жалақысы ең кемі 200 мың теңгеден басталса да бұл жұмысты істеуге ниеттілер саны көп емес. Өкініштісі, мамандардың жетіспеушілігі жаңадан салынып, жөнделіп, жатқан жолдардың сапасына да өз әсерін тигізбей жатқан жоқ.

 

Бұл жөнінде Астанадан Шығыс Қазақстандағы жаңадан жөнделген жолдардың сапасын тексеруге келген «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» өкілдері айтты. Мәселен, облыс орталығындағы ескі Ахмер мен Жаңа Ахмер ауылдарын жалғап жатқан 3,2 шақырым жолдың сапасын тексерген сарапшылар қайта жөнделген жолдан бірнеше кемшілік анықтаған.

– Біздің «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалы осы участкеде бірнеше рет тексеру жүргізіп, төрт рет сынама алды. Оның үшеуі талаптарға сәйкес келмейтін болып шықты. Нақтырақ айтсақ,  асфальт-бетон жамылғысы мен жолдың екі жақ жиегі арасында алшақтық бар және де катокпен жеткілікті нығыздалмаған. Оның үстіне кей бөліктерде жол жамылғысының отыруы байқалған. Егер жолдың үстіне астын тазалап, құрғатып алмай асфальт жая беретін болсақ, қаншама мемлекет қаржысы рәсуа болады. Мердігер үшін де қосымша шығын. Бұрын жолдың сапасын бақылауды жекеменшік мекемелер атқарып келген. Бұдан былай биыл құрылған біздің орталық аталған жұмысты қадағалайды, – деген республикалық орталықтың бас директоры Замир Сағынов қазір бәрі дұрыс сияқты болғанымен, уақыт өте жолдың сапасы сыр бере бастайтынын айтады.

Жолдың сапасын қоғам белсенділерімен және БАҚ өкілдерімен бірге тексерген бас директордың айтуынша, жол жамылғысының отыруына жаңадан төселген асфальттың астыңғы бөлігі талапқа сай тегістелмеуі себеп болған. Жолды салғандар үстіңгі бөлігін қырып алған да, үстіне жаңа асфальт төсеген. Мұнымен бірге, жөнделетін учаскеге дейін тасымалдау барысында асфальттің ұсағы бөлек, ірісі бөлек екшеліп, әрі суып қалған. Төсеу кезінде қайта араластырылмаған. Мұның өзі жолдың біркелкі сапалы төселмеуіне әкеп соқтырған.

Алайда, бұл айтылған кемшіліктерге жолды жөндеген мердігер мекеме өкілдерінің де айтары бар. Мердігер ұйым «Восток-Асфальт» ЖШС басшысы Асқар Жақыпбаевтың айтуынша, асфальт жамылғысының астын тегістеу, құрғату мен тазарту жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамада қарастырылмаған. Қазіргі уақытта учаскеде негізгі асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, жолдың жаяу жүргіншілерге арналған бөлігі мен жиегі төселуде. Бас-аяғы 3208 метр болатын жол учаскесін жөндеуге қазынадан 155 млн. теңге бөлінген.

– Біз жол жөндеу жұмыстарын облыста ұзақ жыл атқарып келеміз. Бұған дейін ешқандай мәселе туындаған емес. Бұл жолдан да мәселе болады деп ойламаймыз. Бұл жол орташа жөндеуге жатады, кем дегенде 5-7 жылға дейін шыдап беретініне сенімдімін. Қажетті материалдар өзімізден шығарылады, кемшіліктер түзетіледі. Оның сыртында екі жылға дейін кепілдік мерзімі бар, – дейді мердігер компания директоры Асқар Жақыпбаев.

– Соңғы жылдарда Шығыс Қазақстанда жергілікті және республикалық маңыздағы жолдарды жөндеуге 37 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ең көп жөндеу жұмыстары осында атқарылуда. Соған орай жұмыс көлемі де, тексеру де, кемшіліктер де көп. Былтырдан бері 238 тексеру болып, 249 түрлі бұзушылық анықталды. Ал республика бойынша 4500-ден аса тексеру жүргізілді. Біздің мақсатымыз – соның бәрін анықтап, алдын ала мердігерге түсіндіріп, түзету, – деген Замир Сағынов жолшы мамандардың тапшылығы да жолдың сапалы салынуына айтарлықтай кері әсерін тигізетінін атап өтті.

– Қазір бұрынғыдай қолмен, күрекпен емес, кәсіби жұмыс істейтін, техниканы меңгерген жолшылар керек. Маманданған мекемелер қажет. Өкінішке қарай, олар аудандық, ауылдық жерлерде жоқ, тіпті қаланың өзінде де жетіспейді. Сондықтан, университеттер осы жағына көңіл бөлсе, ал жолшыларға жоғары жалақы төленетінін өздеріңіз де жақсы білесіздер, – дейді ол. Оның сөзін мердігер ұйым басшылары да растады.

Соған орай, астаналық жол сапасын тексерушілер бұрын кеңестік заманда жолшы мамандардың дені Өскеменде даярланғанын алға тарта келіп, техникалық университеті, техникалық колледждері бар Шығыста жолшы мамандарды даярлауға толық мүмкіндік бар екенін алға тартты.

Ақпарат ретінде қоса кетсек, өңірдегі салынып жатқан жолдардың сапасыздығы анықталған жағдайда, кез келген тұрғын жоғарыда аталған орталыққа +7(7172) 739-739 нөмірі немесе jolsapapress@gmail.com электронды поштасы арқылы хабарлай алады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button