Қоғам

Жол-көлік апаттарының себебін енді дронмен анықтаймыз

Енді өңірдің қалалары мен аудандарында орын алған жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерін, жолдардың жағдайын ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың көмегімен де анықтауға болады. Квадрокоптердің көмегімен түсірілген үш өлшемді сурет жолдағы апаттың себебін, қай тарап кінәлі екенін дәл көрсетіп, тіпті, жол сақшыларының жіберген қателіктерін де дәл тауып бере алады. Бұл қанатқақты жаңа жобаны Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың ғылыми қызметкерлері ойлап тауып отыр. Айта кетерлігі, аталған жобаның әзірге еліміз бойынша баламасы жоқ.  

Барлық шаруаны он бес минутта тындырады

Алдымен оқу орнының ғалымдары жаңа жобаны облыс орталығында сынақтан өткізіп көріпті. Өздеріңізге мәлім, Өскемен қаласында көлік саны күн санап артып келеді десек өтірік емес. Соған орай жол-көлік оқиғалары да күн сайын орын алып, оның қатысушыларына да, өзге жүргіншілерге де айтарлықтай қиындық туғызып жатады. Бұған енді жол-көлік оқиғасының себебін анықтауға келетін жол полициясының патрульдік көлігін және оқиғаны тексеруге жұмсалатын уақытты қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, жол үстінде соқтығысып қалған екі көліктің кесірінен қала ішіндегі көшелерде үлкен кептеліс туындайды. Ғалымдар мен жол полицейлерінің айтуынша, бір жол-көлік оқиғасын зерттеп, саралап, кінәлі тарапты анықтау үшін ең аз дегенде 40 минут уақыт кетеді екен. Кісі өліміне әкеп соқтырған күрделі апаттар бұдан да көп уақытты алады. Ал ұшқышсыз басқарылатын квадрокоптер небәрі он бес минуттың ішінде ешкімге кедергі келтірмей, әуеде қалықтап жүріп, қажетті өлшемдердің бәрін жан-жағынан түсіріп, бар шаруаны реттеп тастайды.

Университет ғалымдары ағымдағы жылдың қаңтар және ақпан айларында жаңа жобаны қала ішінде сынақтан өткізген. Мәселен, көлік ағыны көп Потанин – Серікбаев көшелері бойындағы айналма жол айрығында, Жеңіс даңғылы мен Чехов көшесінің қиылысында, темір тұлпарлар толассыз ағылып жататын Сәтпаев даңғылы мен Жібек жолының және Сәтпаев даңғылы мен Байбатчин көшелерінің қиылысында жол қозғалысына, жол жолақтары мен белгілерінің дұрыс орналасуына дрон арқылы мониторинг жасаған. Айта кетерлігі, үш өлшемді моделдеу жердің үстін ғана емес, астынғы бөлігін де зерттеуге мүмкіндік береді.

– Жобамызды бірнеше мәрте сынақтан өткіздік. Ойлағанымыздай көңілімізден шықты. Бір қызығы бұл жоба жол сақшыларының да көңілінен шыққан сияқты. Өйткені, жаңа жобаны қолдану арқылы уақытты көп үнемдеуге болады әрі барлық шаруаны екі адам ғана тындырады. Адам санын азайту арқылы қаржыны да үнемдеуге болады, – дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дағы «Веритас» орталығының инженер-зерттеушісі Андрей Охотенко.

Оның айтуынша, адами фактор болғандықтан, кейде жол полицейлері тарапынан да қателік жіберіліп, жол-көлік оқиғаларының хаттамалары негізсіз толтырылып кететін жағдайлар да болады екен. Дронды қолдану әдістемесі көп ретте әкімшілік сотта жеңіп шығуға мүмкіндік береді. Себебі, бұл аппарат арқылы жан-жағынан және әуеден түсірілген материалдар барынша дәл әрі анық көрсетеді және оны ешкім де өзгерте алмайды. Бір жағынан алғанда, адам қолымен атқарылатын шаруаны азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің де алдын алады.

Алты жүргізушіні жауапкершіліктен құтқарған

 – Жүйе жол белгісі дұрыс не бұрыс салынғандығын, жол бөліктерінде дұрыс бұрылмауды, бағдаршамның қызыл түсіне немесе тыйым салынған белгіге өтіп кету фактілерін айнытпай, тура дәлдікпен түсіреді. Көлік бөлшектерінің шашылған жарықшақтарын айтпағанда, тіпті, жердегі топырық пен кішкентай тас түйіршіктері де анық көрініп тұрады. Сондықтан оған ешкім артынан дауласа да алмайды. Ал адами факторда бәрі басқаша болуы мүмкін. Мысалы, соқтығысқан көліктер орнынан жылжып кетуі, арақашықтық дұрыс өлшенбеуі мүмкін. Егер көліктің тежеу жолы артық өлшеніп кетсе, онда жүргізуші жылдамдықты арттырған болып шығады да, айыппұл арқалайды. Біздің жоба бұған жол бермейді. Мұнымен бірге, алынған цифрлық мәліметтерді керегінше сақтауға да болады. Жолдағы оқиғаның үш өлшемді үлгісін бейнетіркеу материалдарынан да алып жасауға болады. Осы уақытқа дейін қаладағы алты жүргізуші біздің жобаның көмегімен сотта өздерін жауапкершіліктен ақтап шықты, – дейді жоба авторы Андрей Охотенко.

Университет ғалымдары осындай жоба жасап шығарғанын бір-бірінен естіген өскемендік  жүргізушілер, жол-көлік оқиғасына түскенде бұларға хабарласып, әділ шешімін шығарып беруге жүгінеді екен. Алайда, бұл қызметі үшін жоба авторы ешқашан олардан ақы сұраған емес. Андрей үшін бірінші кезекте жобаның ресми түрде рұқсат алып, қаладағы көлік қозғалысына септігін тигізгені маңызды.

Жоба авторының айтуынша, жоба өзінің өзектілігін әлдеқашан жүз пайыз дәлелдеп қойған. Енді тек ресми пайдалану үшін қолданыстағы заңнамалар аясында рұқсат алу қажет. Қазір жоба облыстық прокуратураның бақылауына алынған. Жаңа жобаны қолданысқа енгізуге облыстық полиция департаменті де қарсы емес.

Егер рұқсат беріліп, ұшқышсыз ұшатын дрондарды алуға қаржы бөлінер болса, қаладағы жол полицейлерінің жұмысы айтарлықтай жеңілдейтін болады. Мысалы, жол-көлік оқиғасы орын алды дейік. Қатысушылар жол полициясын шақыртады, олар келгесін арнайы жарақтандырылған дронды әуеге көтеріп, өздеріне қажетті барлық материалды түсіріп алады. Ол үшін полицейлерге көліктер ағылып жатқан жолдың үстінде тұрып, метрлеп өлшеп жатудың қажеті жоқ әрі кептеліске де жол берілмейді. Себебі, жол үстінде әуеде 10-50 метр биіктікте, ешкімге кедергісіз дрон ғана жұмыс істейді. Арнайы бағдарлама оқиғаның сантиметрге дейінгі дәлдікпен үш өлшемді моделін жасап шығады. Ары қарай сарапшыларға кімнің ереже бұзғанын анықтау ғана қалады, барлық шаруа он бес минуттың ішінде аяқталады.

Адамдарды заманауи технологиялар алмастырады

Андрейдің айтуынша, жаңа жоба қолданысқа енсе, оны үйрену полицейлерге аса қиынға соқпайды. Оқыту курсы небәрі 32 сағатты ғана құрайды. Сондай-ақ, дронның көмегімен қаладағы көлік қозғалысын да жіті бақылап, кептеліске әкеп соқтыратын, анықталған кемшіліктер бойынша дер уақытында тиісті шешімдер қабылдауға болады.

– Қазір қаладағы көлік қозғалысын реттеу жұмыстарының дені адам қолымен атқарылады. Сондықтан бір уақытта бәрін бірдей өңдеуге үлгермей жатады. Неге соның бәрін заманауи технологиялардың көмегімен атқармасқа? Әуеден бақылау арқылы мамандар қаланың қай жеріндегі көлік қозғалысында кемшіліктер барын бірден анықтап, жағдайды жақсарту үшін жылдам шешім шығара алады. Тіпті, жаңа жүйені қазіргі қолданыстағы «Сергек» жүйесімен де біріктіруге болады. Бұл ретте университет ғалымдары алынған мол көлемдегі мәліметтерді өңдеуге көмектесуге әзір. Жалпы біздің жобаны кез келген салада қолдануға болады. Мәселен, төтенше жағдайлар, жер қойнауын зерттеу саласында, ауыл шаруашылығында. Ал біз тек жол қозғалысын ғана таңдап алдық. Бұған өзім тұратын Ушанов алаңындағы айналма жолда күнде болып жататын жол-көлік оқиғалары басты себеп болды, өйткені ол жерде полицейлер сағаттап уақыттарын жоғалтады. Осы картинаны күнде көріп жүргесін, аталған жобаны іске асыру идеясы туындады, – дейді жоба авторы Андрей Охотенко.

P.S. Қазір жобаны жетілдіре түсумен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дағы «Веритас» орталығының ғалым-инженерлері шұғылданып жатыр. Олардың айтуларынша, бұған ұқсас жоба қазір тек АҚШ пен Германияда ғана бар. Кезінде Кеңес одағының ғалымдары да осындай жобаны қолға алғандарымен, соңына дейін жеткізбеген. Себебі, ол кезде дронның орнына кәдімгі тікұшақ пайдаланылған екен.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button