Қоғам

Жол ережесін бұзбайық

Жол ережесін бұзбайық


Өскеменде XVIII облыстық жас инспекторлар слеті өтті. Халық қаһарманы – Ғазиз Байтасовтың құрметіне арналған жарысқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен ең мықты деп танылған командалар қатысты.

Слеттің ашылу салтанатында еліміздің көкбайрағы желбіреп, әнұраны шыр¬қалды. Онда бас қосқан жасөспірімдер өздерін жан-жақты көрсетіп, үздіктері лайықты бағаларын алды. Іс-шара барысында облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы, полиция подполковнигі Руфат Қажымқанов жас инспекторларға сәттілік пен жеңіс тіледі. Ашылу салтанаты одан әрі мың бұралған бимен, көңілді әнмен әрленді.

Тартысты додаға барлығы 13 команда қатысып, жеті кезең бойынша бақ сынады. Слетке қатысушылар велосипедші жолда қалай жүруі керек, жаяу жүргіншілер жолынан қалай өту қажет, жолаушылардың міндеттері және тағы да басқа маңызды ережелер жайында қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берді.

– Ұйымдастырылып отырған слеттің өзіндік тарихы бар. Бұл дәстүрлі шара елімізде осыдан 18 жыл бұрын басталған. Сол жылы жас инспекторлар слеті халықаралық дәрежеге жетті. Шараның негізгі мақсаты – балаларды жол ережесін естен шығармауға тәрбиелеу. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, – деді слетті ұйымдастырушы, облыстық жергілікті полиция қызметі бөлімінің инспекторы Айгүл Белгібаева.

Слетке қатысушылар тек қана жарысып қана қоймай, өңіріміздің өзге аудандарынан келген балалармен достық қарым-қатынас орнатуға да мүмкіндік алды.

– Мұнда көп достар таптым. Слетке үшінші жыл қатарынан қатысып отырсам да, әр сайысқа үлкен дайындықпен келеміз, – дейді қатысушылардың бірі Санжар Болысбаев.

Слет жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін республикалық сайысқа қатысады.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button