Жол бойында «ажал» жүр
Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінің маңындағы жол-патрульдік полициясы постында «Сені үйде күтіп отыр» атты ерекше іс-шара өтті.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ мамандары жергілікті «Жас Отан» жастар қанатының белсенділерімен бірігіп, көлік иелерін тоқтатып, оларға түрлі буклеттер мен ескерту шаралары жазылған қағаздарды табыстады.
Жол шетіне тізіліп тұрған белсенділер жылдамдықты шектеу белгілерін жүргізушілерге көрінетіндей етіп ұстап тұрды. «40», «50», «60» сияқты шектеу белгілері «150»-ге дейін барады. Елдің назарын ең соңғы жылдамдық белгісін ұстап тұрған кейіпкер бұрған еді. Үстіне қара киім киген «ажал» кейпіндегі бейне өткен-кеткен жүргізушілерге сұсты кейіппен көз салып тұрды.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акцияның көлік тізгініндегі жерлестеріміз үшін берері мол.
-Ажал кейпіндегі қара киімді адам ешкімді бейжай қалдыра алмасы анық. Оның қолында «150» деген, яғни, шамадан тыс жылдамдықты білдіретін таяқша бар. Жүргізушілер ажалдың аяқастынан екендігін, үйде оны жанұясы тосып отырғандығын, жылдамдықты шамадан тыс арттыруға болмайтынын ешқашан естен шығармауы керек. Жол-көлік апаттары көбейіп барады. Біз оны азайту үшін осы сияқты ескерту жұмыстарын да өткізіп жатырмыз. Мақсатымыз – адамдарға жылдамдықты арттыру өте қауіпті екендігін тағы бір мәрте ескертіп өту, – дейді «ҚазАвтоЖол» мекемесіндегі жолды пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Әбдімүтәліп Ақаев.
Дарын Нұрсапаров