Қоғам

Жол ақысы 80 теңге бола ма?

Жол ақысы 80 теңге бола ма?

«Өскеменде автобуспен жол жүру ақысы 80 теңге бола ма»? Бұл сұрақ қазір облыс орталығының әрбір тұрғынын мазалауда. Ал жолаушылар тасымалдайтын компаниялар болса, бұл қымбаттатудың өзі аз деп отыр.
Облыстық автотасымалдау қауымдастығының төрағасы Николай Масичтың сөзіне сенсек, жол жүру билетінің құны шын мәнісінде 90 теңгеден кем болмауы керек. Сонда ғана автопарк қызметкерлерінің еңбекақысын көтеріп, көліктерді жаңартуға мүмкіндік тумақ. Ең бастысы, билет бағасымен бірге көрсетілетін қызметтің сапасы да артады дейді олар.
Сондай-ақ, тасымалдаушы компаниялар, өткен жылмен салыстырғанда биыл жанармай құны 12 теңгеге көтерілгенін және ұзақ жылдар бойы жаңартылмаған автопарктердің тоза бастауын алға тартуда. Соның салдарынан қоғамдық көліктердің қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтары қаланың экологиясын ластауда. Жалақының төмендігінен (60-70 мың теңге) автобус жүргізуге ниетті мамандардың тапшылығы өзекті мәселеге айналған. Қазіргі күні 400-дей жүргізуші жетіспейді екен.

– Бүгінде жолаушылардың аздығынан және жол жүру құнының төмендігінен қала ішіндегі төрт бағыт бойынша жүретін автобустар қызмет көрсетуден бас тартып отыр. Расында да, егер адамдар саны аз болса, ол бағыттарда қатынау қып-қызыл шығын, – дейді Николай Масич.

Бұқара халықты сергелдеңге салған 80 теңгеге қатысты түйткілдің соңғы нүктесін депутаттар қояды. Егер депутаттар алдағы уақытта өтетін Өскемен қалалық мәслихатының сессиясында жол ақысын өсіру жөніндегі ұсынысты мақұлдаса, ол үрдіс қарапайым тұрғындардың қалтасына салмақ салмау үшін біртіндеп жүргізіледі дейді мамандар.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button