Қоғам

Жобалар уақтылы жүзеге аспады

Аягөз ауданында қолға алынған жобалар көп, бірақ олардың орындалу барысы көңіл көншітпейді. Бұлай деуімізге себеп жоқ емес. Өйткені Аягөз ауданының елді мекендері мен қаланың бірнеше тұрғын ауданындағы ауызсу құбырлары мен кәріз және электр жүйелерін тарту жұмыстарының созылғанына бірнеше жылдың жүзі болған.

Ауызсуға  жарымай  отыр

Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің ауданға жасаған арнайы жұмыс сапары барысында белгілі болды. Негізгі мәселе Аягөз қаласының ішіне тартылып жатқан су беру ғимараттары мен су құбырларына және кәріз жүйелеріне келіп тірелді. Бұған дейінгі екі жыл көлемінде аталмыш жұмыстарды атқаруға бюджеттен 1,1 млрд. теңге көлемінде қаражат құйылған. Нысандардың төлқұжатына сенсек, осы уақыт аралығында қала ішінде 30,2 шақырым су құбырлары мен 20,1 шақырым кәріз жүйесі тартылған. Дегенмен тұрғындарға ауызсу әлі де берілмеген көрінеді.

– 500 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, мердігер мекеменің бір жыл көлемінде жұмыс істегенімен, жұмыс бітпеді. Кәріз жүйелерін салу жұмыстары екі жыл бұрын аяқталған. Халық әлі су алған жоқ. Әкімшілік қайда қарап отырды? – деген облыс әкімі Даниал Ахметов аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев пен өзінің орынбасары Бақытжан Байахметовке қазан айының соңына дейін кемшіліктерді  жоюды тапсырды.

Мердігер мекеме өкілдерінің хабарлауынша, аталмыш нысандар бойынша жұмыстар 100 пайызға аяқталған. Дегенмен бірқатар кемшіліктердің орын алуына байланысты Водосточная, Еңбекші, Құрманғазы, Шакенов, Құрманғали, Халид, Момышұлы, Уәлиханов  көшелерінің тұрғындарына ауызсу әлі жетпеген.

Аягөз қаласының ет комбинаты тұрғын ауданындағы электр жүйелері мен ауызсу құбырларының тартылуы және трансформаторлық станциялардың орнатылу жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы бұл жерде де бірқатар кемшіліктердің бар екенін атап  көрсетті.

Бүгінде жалпы сомасы 421,5 млн. теңгені құрайтын электр жүйелерін тарту және трансформатор станцияларын орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Екі жыл ішінде ет комбинаты тұрғын ауданына 17,3 шақырым электр желілерін тартуды жоспарлаған жоба 2019 жылдың 25 маусымында аяқталуы тиіс болған.

– Мамыр айынан бері техникалық бақылау дайындалмаған. Бұған басты себеп не? Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұған дейінгі техникалық бақылауды дайындаушы ұйым аккредитациядан өтпеген екен. Не себепті оның лицензиясы алдын ала тексерілмеген? Техникалық бақылау құжаты дайын болмаса, ешкім де жұмыстың орындалу актісіне қол қоймайтынын ескеруіміз керек, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар аталмыш тұрғын ауданды ауызсумен қамтамасыз етуді мойнына алған «TL Construction-2050» ЖШС жалпы сомасы 118,7 млн. теңгелік жобаны соңына дейін жеткізбеген. Атап айтсақ, 9 шақырымдық құбырдың 3,4 шақырымын ғана төсеген. Осылайша,  жеке тұрғын үй салуға арналған 342 учаскенің 231-не ғана ауызсу жеткізілген. Нәтижесінде сот шешімімен олармен екі арадағы келісім-шарт бұзылып, әрі қарайғы жұмысты «ПМК-7К» ЖШС жалғастырған. Қосымша 20,4 млн. теңге бөлінетін жобаны 2020 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған.

Ауызсу мәселесінде көпшіліктің көңілін күпті еткен  бірнеше ауылдағы ауызсу құбырлары мен су сапасына қатысты мәселе де қозғалды. Естеріңізде болса, бұған дейін Аягөзден 100 шақырым қашықтықта орналасқан Ақшәуліде осы мәселе айтылған болатын. Дегенмен мердігер мекеме өкілі биыл жобаға бөлінген 300 миллион теңге қаржының толық игеріліп, ауыл тұрғындарының сапалы су ішіп отырғанын айтты.

– Шағым түскен соң арнайы топ жасақталып, аталмыш ауылдардағы су сапасын тексерген болатын. Қолымызда бюджет қаражатының толықтай игерілгені жөніндегі қорытынды да бар. Мамырсудағы жағдай да сондай. Біз ол нысанды 2017 жылға дейін тапсырған болатынбыз. Комиссия ауылда болып,  мамырсулықтардың таза ауызсу ішіп отырғанына көз жеткізді, – дейді «DK Proekt» ЖШС директоры Қайнар Дүйсенов.

Мердігердің хабарлауынша,  бүгінгі таңда Ақшәулі мен Мамырсуда ауызсудың берілуі бойынша ешқандай мәселе жоқ көрінеді. Мамырсудағы 403 абонент еш кедергісіз таза су ішіп отыр дейді ол.

Жылу да жетпеген

Ақтамберді көшесінің бойындағы  сегіз  көпқабатты тұрғын үйдің биылдан бастап жылу көзіне қосылуы әлі де кешеуілдеуде. Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, әзірге бір тұрғын үй жылуды қабылдауға толық дайын болса, қалған үйлерге дәнекерлеуші тауып беріп, тұрғындардың өздеріне еркіндік берген. Пәтер іштеріне құбыр тартып, оларды қысыммен тексерген соң жылу толықтай берілмек көрінеді.

– Жұмыстардың не себепті қыркүйек айында істелмегенін түсінбеймін. Биылғы күз маусымы жылы болып, сіздерге мүмкіндік беріп тұр. Не себепті жылыту маусымы басталса да, қарапайым тұрғындар пәтер ішінде мұздап отыруы тиіс? Жұмысты бірнеше күн ішінде аяқтап, сегіз үйді толықтай жылу көзіне қосуды тапсырамын, – деді Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек,  тұрғын үйлер салынып жатқан қала үшін жылыту қазандықтарының кеңейтілмей жатқанына қатысты сын айтқан аймақ басшысы үй кезегінде тұрған 300 адамға әлі де 200 адам қосылуы мүмкін екенін атап өтті. Қаржы бөлініп, тұрғын үйлері бой көтерген қалада ескерілмеген кемшіліктердің көп екенін ескертті.

– Орталықтағы қазандықты үлкейттік. Оған қосылатын үйлер де белгілі. Ендігі кезекте кішігірім қазандықтарды реконструкциялауды қарастыру қажет. Орталыққа әлі де төрт гигакалориялық бір қазандық салса артық болмас еді. Бүгінде қалада 300 адам баспана кезегінде тұр. 100 көпбалалы аналарға қазіргі уақытта салынып жатқан 60 пәтерлік екі тұрғын үйден баспана бердік делік. Тағы 100 адам пәтер кезегіне қосылуы мүмкін. Сонда барлығы 500 адам болады. Оларға бес үй салуымыз қажет. Сондықтан аудан басшылығы қаланың ішінде көпқабатты тұрғын үйлер салатын аумақтарды анықтауы тиіс, – деді облыс әкімі.

Алдағы үш жыл көлемінде Аягөзде 500 пәтер салынуы тиіс екенін айтқан өңір басшысы аудан әкіміне оларға қажетті жылу, ауызсу тартылатын көздерді анықтауды тапсырды.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button