Қоғам

Жоба жеңімпазы Өскеменге келді

Жоба жеңімпазы Өскеменге келді


Наталья Дементьева – 2017 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарының бірі. Мемлекеттік тілдің жанашыры, жаңашыл педагог, Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық лицейдің директоры. Жақында ол «Шығыс» өңірлік орталығының шақыруымен Өскеменге келіп, ұстаздар қауымымен кездесіп, «Интеграциялық лицей зертханасын құру» туралы өзінің жобасы туралы ойларымен бөлісті.

Наталья Дементьева «Шығыс» өңірлік орталығында ең алдымен өңірдегі гимназия, лицей директорларымен кездесті. Көкшетау жерінен келген мейманның қазақшасы тым жатық. Тіпті, көпшілікке айтар әңгімесін де «Көкшетау жерінен, сал-серілер мекенінен Өскемен қаласына шақырғандарыңызға алғысымды білдіргім келеді» деп, қазақ тілінде бастады. Сөйтсек, Наталья Григорьевнаның негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі екен. 1998 жылы Көкшетау қаласындағы орыс мектебін бітірген ол анасының ақылымен университеттің қазақ филологиясы факультетіне оқуға түсіпті. 2002 жылдан бері Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық лицейде еңбек етіп келеді. Алғашында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған Наталья бүгінде осынау білім ордасының басшысы. Ол жиналғандарға өзі басқарып отырған лицей туралы да жан-жақты әңгімелеп берді. Айтуынша, Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицейі тәуелсіздіктің құрдасы көрінеді. 1991 жылы балабақшаның ескі ғимаратында ашылған лицей бүгінде еліміздегі 100 үздік мектептің бірінен саналады. Аталған мектепте бүгінгі таңда 309 бала білім нәрімен сусындауда.

– Әрине, біздің лицейде қаланың ең үздік, іріктелген оқушылары білім алады. Десе де бірде біздің мектепке бір әйел келіп, баласының арбаға таңылған мүгедек екенін, оның да осындай таңдаулы білім ордасында білім алғанын қалайтынын айтты. Арбаға таңылғанмен баласы сау балалардан ешқандай кем емес, өте дарынды. «Мен өз баламның дарынды балалармен оқығанын қалаймын. Ол да осы мектептегі дарынды балалар секілді түрлі пәндік олимпиадаларға, жобаларға қатысса деймін. Мүмкіндігі шектеулі бала болса да, оның грантты жеңіп алғанын армандаймын. Неге сіз осындай балалар үшін жағдай жасамайсыз?» деді ол сол кездегі мектеп директорына. Мен ол кезде директордың орынбасары қызметін атқаратын едім. Сол кездегі директорымыз жаңағы әйелге жағдайды барынша түсіндіруге тырысты. «Әрине, сіздің балаңызды бұл мектепке алар едік. Бірақ мектеп ғимараты тым ескі, құрылысы 1958 жылы салынған. Сіздің балаңыз бұл мектепте қалай оқиды? Мүгедек арбасымен қалай қозғалады?» деді. Осы жағдайдан кейін мен көп ойландым және мүгедек баласы бар мұндай ата-аналарды жиі болмаса да, жылына бір-екі рет кездестіріп қалатынмын. Осынау мәселемен талай есікті қақтым. Бірақ бар мәселе қаржыға келіп тіреле беретін. Тек қазір, «Қазақстанның жаңа 100 есімі» жобасының жеңімпазы атанғаннан кейін мен бұл мәселені шешуге болатынын сезіндім, – деп сабақтады әңгімесін Наталья Дементьева.

Сөйтіп, Наталья ағылшын тілін тереңдете оқытатын жаратылыстану-математика бағытындағы лицейлер үшін «Интеграциялық лицей зертханасын құру» атты жобаны әзірлейді. Бұл интеграциялық лицей зертханасының негізгі ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі дарынды балалар қарапайым дарынды балалармен қатар білім алады.

Мүмкіндігі шектеулі дарынды балалардың лицейде білім алу құқығын шектеуге қақымыз жоқ. Десе де жобаны жүзеге асыру үшін ең алдымен мектептің материалдық-техникалық базасын жақсарту керек, – дейді Н.Дементьева.

Кездесуде Наталья «100 жаңа есім» жобасы туралы да ерекше бір ықыласпен айтты. Бұл жоба Натальяға не берді десек, осынау шараның жеңімпазы бола отырып ол өзінің көптен ойында жүрген идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Оның «Интеграциялық лицей зертханасын құру» атты жобасын министрліктегілер бірден мақұлдап, «100 жаңа есімнің» бастамаларын қолдау бойынша әзірленген «Жол картасына» енгізді.

– Менің Өскемен қаласына келіп, педагогтар қауымымен кездесуімнің де негізгі себебі осы. Осынау жобаға қатысты мұғалімдердің пікірін білу, кеңесу. Жалпы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы мұғалімдер үшін өте пайдалы. Кез келген қарапайым мұғалім өзінің істеп жатқан жұмысын көрсетіп, осы жобаның арқасында өзінің идеясын жүзеге асыра алады, ¬ – дейді Наталья Дементьева.

Сонымен қатар, Наталья Дементьева 2009-2016 жылдары лицейдегі мұғалімдік қызметінен бөлек «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының жүргізушісі қызметін де қоса атқарыпты. Оның «Біз үйрендік», «Мың бір сөз», «Живой родник» атты авторлық жобалары көрерменнің сүйіп көретін хабарлары болатын. Өзінің айтуынша, бұл Натальяның Өскеменге алғаш рет келуі.

– Еліміздің Шығысына келуді, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды алыптарымыз дүниеге келген жерді көруді армандайтынмын. Арманым орындалды, дейді ол.
Сондай-ақ көкшетаулық мейман өңірдің жаратылыстану пәндерінен сабақ беретін мұғалімдермен кездесіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ ниет» мектебінің жұмысымен де танысты.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button